Черногория құрамасына қарсы ойынның соңғы минутында жеңіс голын «Астана» футбол клубының 19 жастағы шабуылшысы Рамазан Каримов соқты.
Осы орайда sports.kz республикалық порталының тілшісі жас футболшымен тілдесіп, аталмыш ойын туралы пікірін сұраған болатын:
— Рамазан, Черногорияға қарсы кездесудегі жеңіс туралы ойыңызбен бөліссеңіз?
— Өте қиын ойын болды. Оған қоса қақпамызға жылдам гол жіберіп алдық. Ойын басында соққан голдан кейін қарсылас команда өздеріне сенімді ойнап, біздің қақпамызды торуылдаумен болды. Дегенмен, біз өз сәтімізді күтіп, гол соғатын мүмкіндігімізді лайықты пайдаланып, жеңіске жеттік.
— Біздің ойыншылар осындай маңызды кездесуге қалай дайындалды?
— Біз үшін іріктеу кезеңіндегі әр ойын соңғы матч іспеттес. Біз жаңа тарих жазып, топтық кезеңге жолдама алғымыз келеді.
— Қарсылас команданың ойынына қандай баға бересіз?
— Физикалық тұрғыда өте мықты команда. Қарсылас сапында барлық футболшылардың бойы ұзын, оған қоса жылдам.
— Аталмыш кездесуде қосалқы құрамнан алаңға шығу қиын болған жоқ па?
— Әрине, қосалқы құрамнан алаңға шыққанан кейін ойынға сіңісіп кету қиындау. Дегенмен, мен бапкерлер құрамының берген тапсырмасын орындай алдым деп ойлаймын.
— Сіз алаңға шыққаннан кейін, бірнеше минуттан соң Еркебұлан Сейдахмет есепті теңестірді. Осы сәтте қандай ойда болдыңыз?
— Мен ол сәтте біздің жеңісті жұлып кетуге мүмкіндігіміз барын сездім. Біздің қуанышымызға орай солай болды да.
— Ойынның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда гол соғып, құрамаға жеңіс сыйладыңыз. Осы сәтке тоқтала аласыз ба?
— Біз есепті теңестіргеннен кейін, қарсыласқа ойын басымдығын беріп, өз сәтімізді күттік. Нәтижесінде қарсылас команда шабуылға баса назар аударғандықтан, қарымта шабуылда ұстап алдық. Дима Бачек маған айып алаңына тамаша пас асырды. Мен өз кезегімде баспен соққы бағыттап, шабуылды лайықты қорытындыладым.
— Қазақстан жастар құрамасы сырт алаңда азулы қарсыласты ненің есебінен жеңді деп ойлайсыз?
— Бірінші кезекте бапкерлер құрамының жүктеген міндетін орындап, жеңіске деген жігер таныта білдік.
— Черногорияға қарсы сырт алаңдағы жеңістен кейін барлық қарсыластар Қазақстан құрамасымен санасатын болады. Бұл біз үшін жақсы ма?
— Әрине, жақсы. Қарсыластар, бізге құрметпен қарауы үшін де осы жеңіске қол жеткіздік.
— Осы жеңістен кейін біздің команданың өзіне деген сенімі артты дей аласыз ба?
— Біз бірінші ойыннан бастап лайықты нәтижеге қол жеткізетіндігімізге сенімді болдық.
— Қыркүйек айында өтетін Испанияға қарсы кездесуде Қазақстан құрамасы жеңіс үшін ойнайды ма?
— Әрине, біз өз жанкүйерлеріміздің алдында тек жеңіс үшін алаңға шығатын боламыз. Испания – еуропалық футболдың көшбасшысы екенін жақсы білеміз. Дегенмен, мен біздің командаға сенемін.
— Сіздің клуб сапындағы мансабыңызға тоқтала кетсек. Қашан «Астана» командасының негізгі құрам ойыншысы атану жоспарыңызда бар?
— Мен ол үшін барынша еңбектеніп, жаттығуда барымды салып жатырмын. Ол сәттің де уақыты келеді деп сенемін.