— Қазір «Астана» ФК төңірегінде түрлі әңгіме көп. Клубта болып жатқан жағдайды өзіңіз қалай сипаттар едіңіз?
— Бүгінде команда басынан өткеріп жатқан жағдайды турнирлік кесте, матч нәтижелері немесе басқа да жаңалықтар арқылы толық сипаттау мүмкін емес. Мен клубтың ішінде жүрмін және футболшыларымыздың, бапкерлер штабы мен қызметкерлердің қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын көріп отырмын. Соған қарамастан алаңға шығып, жаттығып, өз міндетін барынша кәсіби деңгейде атқарып, «Астана» үшін күресіп жүрген адамдарды мен нағыз қаһармандар деп санаймын.
Бұл – жай ғана әсерлі сөз емес. Айналаңда белгісіздік, қысым, сан түрлі әңгіме мен жауапсыз сұрақтар көбейген кезде «Бұл менің мәселем емес» деп, бәрін тастап кету әлдеқайда оңай. Соңғы уақытта клубтан біраз адам кетті. Әрқайсысының өз себебі болды, сондықтан ешкімді кінәлағым келмейді. Бірақ дәл осындай қиын кезеңдерде кімге арқа сүйеуге болатыны анық көрінеді.
Бүгінде мен бір нәрсені нақты білемін: осында қалып, клубтың игілігі үшін жұмысын жалғастырып жүрген адамдар – біздің ең басты құндылығымыз.
— Осындай жағдайда команданың спорттық деңгейін сақтап қалу қаншалықты қиын?
— Ең таңғаларлығы да – осы. Қандай жағдай қалыптасқанына қарамастан, команда бәсекеге қабілеттілігін сақтап отыр. Ойын сапасы, футболшылардың әлеуеті және жұмысқа деген көзқарасы тұрғысынан қазіргі «Астананы» Қазақстандағы ең мықты команда деп санаймын. Ойыншылар алаңға шығып, мұны өз ойынымен дәлелдеп жүр. Бапкерлер де команданы дайындау жұмысын жалғастыруда.
Медициналық, әкімшілік және спорттық бөлімдерде, кеңседе – көптеген адам күн сайын өз міндетін атқарып келеді. Оның үстіне, кейбірі әлдеқашан қолын бір сілтеп кетуге болатын жағдайда да жұмысын жалғастырып жүр.
Сондықтан да менің бұл адамдарға деген құрметім ерекше. Команданың шынайы құндылығы бәрі жақсы болған кезде ғана емес, дағдарыс кезінде де көрінеді. Қиындыққа, қысымға және белгісіздікке қарамастан кәсібилігіңді сақтап қалу – нағыз кәсібиліктің белгісі.
Осы маусымдағы үздік сұрмергендер мен нәтижелі пас берген ойыншылардың тізіміне назар аударсаңыздар болады. Чемпионат көшбасшыларының қатарында Томасов пен Исламхан бар. Екеуі де клубқа және өз ісіне адал жандар.
— «Қайратпен» өткен матчтан кейін бұл сөздеріңіз тіпті әсерлі естілетін шығар. Сіз үшін бұл жеңіс нені білдірді?
— Белгілі бір мағынада бұл матч біз қазір айтып отырған дүниелердің барлығын бір арнаға тоғыстырды. Команда клуб үшін аса қиын кезеңде, принципті қарсыласқа қарсы, орасан зор қысым жағдайында алаңға шығып, 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Бірақ мен үшін бұл жерде есеп қана маңызды емес. Мен команданың мінезін, ішкі бірлігін және футболдың «Астана» төңірегіндегі адамдарды қаншалықты біріктіре алатынын көрдім. Бұл клубтың ауқымы мен маңызын ерекше сезінген кештердің бірі болды.
Жанкүйерлерімізді де бөлек атап өткім келеді. «Астана Аренаға» 28 235 көрермен жиналды. Бұл – Қазақстан Премьер-лигасының тарихындағы жаңа абсолютті рекорд. Оның үстіне, осыған дейінгі рекорд — «Ақтөбеге» қарсы матчқа жиналған 28 211 көрермен де өткен маусымда «Астананың» өз алаңындағы ойынында тіркелген еді. Демек, екінші жыл қатарынан дәл біздің клуб бүкіл чемпионат үшін жаңа межені белгілеп отыр.
— Мұндай көрермен рекорды дәл қазір клуб үшін қаншалықты маңызды?
— Біздің ойымызша, бұл – «Астананың» болашағына қатысты кез келген әңгімеге берілген ең мықты жауаптардың бірі. Цифрларды, проблемаларды, клубтың құрылымын, инвестиция мәселесін ұзақ талқылауға болады. Бірақ бір қарапайым факт бар: команда тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірінде 30 мыңға жуық адам стадионға «Астананы» қолдауға келді.
Бұл клубтың қалаға қажет екенін, оның үлкен аудиториясы мен орасан зор әлеуеті бар екенін көрсетеді.
Ендігі міндетіміз – бұл кешті бір реттік әдемі оқиға ретінде қабылдамау. Толы трибуналар «Астана» үшін қалыпты құбылысқа айналуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Адамдар стадионға тек маңызды матчтарға немесе еурокубок ойындарына ғана емес, әрбір үйдегі кездесуді асыға күтіп келетіндей болуы қажет.
Өйткені үлкен клуб – бұл тек алаңдағы команда ғана емес, трибунадағы жанкүйерлер. Ал 28 235 көрермен осы клубтың қаншалықты ауқымды бола алатынын көрсетті.
— Жанкүйерлерді ең алдымен бір мәселе алаңдатады: қалыптасқан жағдайды тұрақтандырудың нақты жолы бар ма?
— Әрине. Біз қол қусырып отырған жоқпыз. Қалыптасқан мәселелерді шешудің жолдарын үнемі ойластырып жүрміз. Біздің басты міндетіміз – «Астана» ФК-дағы барлық үдерістің ірі еуропалық деңгейдегі клубта болуы тиіс деңгейде жұмыс істеуіне жағдай жасау.
Барлық мәселелер бір күнде шешіле бермейді. Бұрыннан қордаланған міндеттемелер бар, күнделікті операциялық жұмыстар бар. Сонымен қатар бүгінгі күнді ғана емес, клубтың болашағын да ойлауымыз қажет.
Алайда ең маңыздысы – бізде бұл жағдайды шешуге деген ниет бар. Диалог тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Біз команда, қызметкерлер, жанкүйерлер және қала алдындағы жауапкершілігімізді түсінеміз. Сондықтан жекелеген ағымдағы мәселелерді ғана шешіп қоймай, клубтың әрі қарай тұрақты жұмыс істеп, дами алуына мүмкіндік беретін жүйе қалыптастырғымыз келеді.
— Бұл ретте клубтың спорттық мақсаттары өзгермей ме?
— «Астананың» кішкентай мақсаттары болуы мүмкін емес. Біз көп жылдан бері елорда мен Қазақстанды халықаралық аренада таныстырып келе жатқан клубпыз. Сондықтан айналамызда қандай жағдай қалыптасса да, спорттық мақсатымыз ең жоғары деңгейде қала береді.
Қазіргі команда өзінің деңгейімен ең жоғары орындар үшін күресуге қабілетті. Сол себепті қандай да бір сыртқы немесе ұйымдастырушылық жағдайлардың футболшылар мен бапкерлердің атқарып жатқан орасан зор еңбегін жоққа шығарғаны өкінішті болар еді.
Басшылық ретіндегі біздің міндетіміз – футболшылар мен бапкерлер алаңдағы жұмысқа ғана көңіл бөле алатын жағдай жасау.
— Демек, болашаққа оптимизммен қарайсыз ғой?
— Әрине. Тіпті қазір болып жатқан жағдай белгілі бір мағынада бізді күшейтіп жатыр деп ойлаймын. Соңғы уақытта клуб ішінде көп нәрсе өзгерді. Бірақ ең маңызды өзгеріс – адамдардың бір-біріне бұрынғыдан да жақындай түсуі.
Бүгінде футболшылар, бапкерлер, қызметкерлер мен басшылық – барлығымыз не үшін күресіп жатқанымызды бұрынғыдан да жақсы түсінеміз. Біз «Астана» төңірегіне топтастық.
Клубтың бай тарихы, зор әлеуеті, мықты командасы және алда үлкен мүмкіндіктері бар. Қазіргі міндетіміз – осы қиын кезеңнен абыроймен өтіп, қордаланған мәселелерді шешіп, әрі қарай қозғалу.
Біз мұны міндетті түрде жасайтынымызға сенімдіміз. Жанкүйерлердің де осы сенімді сезінгенін қалаймыз. Қазір команданың олардың қолдауына бұрынғыдан да мұқтаж кезі.
Өйткені «Астана» – жай ғана клуб емес. Бұл – талай үлкен футбол тарихын жазған жоба. Ал 2026 жылғы маусым туралы бір күні шынымен фильм түсіруге болады. Мен сол фильмнің финалы жақсы болатынына сенімдімін.
Қазір бәріміз клубтың айналасына топтастық. «Астана» үшін тарихи мәні бар бұл кезеңнен тек бірге өтіп, клубты лайықты биігіне қайтара аламыз.
— Соңғы сұрақ. Бұл мәселе «Астана» жанкүйерлерін ғана емес, Қазақстан футболының барлық жанкүйерін толғандырып отыр: көптен күткен инвесторды қашан көреміз?
— Біз клуб ретінде әлеуетті инвестор «Астанада» болып жатқан жағдайды барынша толық әрі объективті түсінуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Оған клубтың қаржылық жағдайы, спорттық әлеуеті, міндеттемелері, даму мүмкіндіктері және «Астананың» әрі қарайғы даму бағыты жөніндегі көзқарасымыз таныстырылды.
Қазір қажетті ақпараттың барлығы ұсынылды, ауқымды бірлескен жұмыс жүргізілді. Біз өз тарапымыздан барынша ашықпыз және бұл үдерістің сәтті әрі мүмкіндігінше тез аяқталуына мүдделіміз.
Сонымен бірге мұнда мәселе жай ғана бір адамның орнына екінші адамның келуі немесе клуб маңында жаңа тұлғаның пайда болуы туралы емес екенін түсіну керек. Біз инвестордың келуі «Астана» үшін жаңа кезеңнің бастауы болғанын қалаймыз. Бұл – басқару жүйесі түсінікті, қаржылық тұрақтылығы қамтамасыз етілген, ұзақ мерзімді стратегиясы бар және Қазақстанда ғана емес, Еуропада да ең жоғары мақсаттар қоя алатын жаңа кезең болуы тиіс. Сондықтан бұл жерде тез әрекет етуден гөрі, бәрін дұрыс жасау маңыздырақ.
Қазір жұмыс барысындағы диалог тұрақты түрде жалғасып жатыр, алдағы қадамдарға қатысты түсіністік бар. Әзірге түпкілікті шешімдер ресми түрде рәсімделмегендіктен, нақты мерзімдерді атауды немесе оқиғадан озып кетуді дұрыс деп санамаймын. Мұндай мәселелерде нәтиже өзі сөйлегені дұрыс.
Бірақ бір нәрсені сеніммен айта аламын: «Астананың» әлеуеті орасан зор. Тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірінде де команда елдегі ең мықты ұжымдардың бірі екенін көрсетіп отыр. Ал клуб ішіндегі адамдар осы жобаға қаншалықты берілгенін дәлелдеді. Егер маусым қорытындысы бойынша үшінші орын алсақ, меніңше, бұл чемпиондықпен тең нәтиже болар еді.
«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ
«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ