– Ойынды жақсы бастадық – есеп аштық, одан кейін тағы үш-төрт мүмкіндікті пайдалана алмадық. Гол соғу жағынан мәселе бар. Қарсыластың алғашқы қарымта шабуылы-ақ голмен аяқталды. Қорғаныста өте нашар ойнадық. Гол жібергеннен кейін алғашқы таймның шамамен он бес минутында өзімізді әбігерге салдық. Қайтадан ойынға оралғанымыз жақсы болды. Тағы да қиын голдарды соғып жатырмыз, ал соғу керек болған доптар қақпаға кірмей қояды. Исламханның ақыры гол соққанына қуаныштымын. Бір-екі ай бойы оған осындай сәттерде міндетті түрде қақпаға соққы жасау керектігін айтып жүрдім, ал ол үнемі пас іздеуге тырысатын. Клубтағы жағдай сәл басқаша болғанда, мұның бәрін айыппұл арқылы тез-ақ түзетуге болар еді. Бірақ бүгін ол өзін өзі түзетті. Осындай соққысы бола тұра қақпаға теппеу – нағыз қылмыс. Гол соққанына қуаныштымын. Ол үшін де, жалпы команда үшін де қуаныштымын. Екінші таймда ешқандай сұрақ қалған жоқ. Тек қорғаныста да, шабуылда да сәл өткірірек ойнауға болатын еді, тағы бірнеше гол соғуға мүмкіндік болды. Дегенмен, жалпы алғанда жақсы жеңіс, маңызды жеңіс болды. Енді сәл тынығып алып, келесі қиын ойынға – сырт алаңдағы «Ұлытауға» қарсы матчқа дайындалуымыз керек.
– Сіздің ойыңызша, Исламхан әлі де қарқынын арттыра ала ма, әлде қазіргі деңгейі оның шегіне жақын ба?
– Білесіз бе, осыдан екі күн бұрын осы тақырыпта сөйлестік. Мен оны Назми Грипшимен салыстырдым. Сен әлі пас іздеп жүрген сәтте, ол әлдеқашан қақпаға соққы жасап үлгереді дедім. Оның соққысы Назмиден еш кем емес. Осындай статистика өте маңызды. Адамдар соғылған голдарға, нәтижелі пастарға қарайды. Бірақ оның қаншама гол алдындағы пастары бар, қанша қауіпті жағдай жасайды, команда оны қанша рет соққы жасауға ыңғайлы қалыпқа шығарады – мұның бәрі де маңызды. Мен оған осыны ұзақ уақыт бойы айтып келемін, видеолар көрсеттім, жаттығуларда да жиі ескерту жасаймын. Егер ол мұны тұрақты түрде орындайтын болса, тиімділігі айтарлықтай артады, пайдалы әрекет коэффициенті де жоғары болады деп ойлаймын. Бұл оның позициясы үшін өте маңызды. Қазақстанда дәл осындай дәл пас бере алатын, соққысы мықты, ойынды жақсы сезінетін футболшылар көп емес. Оның әлі де өсуіне мүмкіндік бар және өсуі керек. Әлеуеті жеткілікті. Жалпы алғанда, қазір жақсы жұмыс істеп жүр.
«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ
«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ