kz

RU
KZ
Бабаян – «Атырауға» қарсы матч туралы
«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян Премьер-лиганың 24-туры аясындағы «Атырауға» қарсы матчқа пікір білдірді.
22:30, 30 там 2026

– Алаңның жағдайы соншалықты нашар болады деп күткен жоқпыз. Бізге де, «Атырауға» да комбинациялық футбол ойнау қиынға соқты. Ойынға бір күн қалғанда келдік. Матчқа арналған жоспарымыз бастапқыда бір басқа еді, алайда ойын барысында оны өзгертуге тура келді, өйткені мұндай алаңда орталық арқылы ойнау мүмкін емес болатын. Төменнен берілген кез келген пас – не доптан айырылу, не техникалық қателік. Допты тоқтатудың өзі өте қиын болды, ал бір нәрсе сәтсіз шықса, бірден қарсы шабуылға ұрынып қалатынбыз.

Сондықтан ойынға белгілі бір өзгерістер енгіздік. Негізінен қанаттар мен жартылай аймақтар арқылы ойнадық, мүмкіндік болған жағдайда допты қарсыластың қорғаныс шебінің артына бағыттауға тырыстық. Белгілі бір деңгейде бұл жоспарымыз жүзеге асты. Бірінші таймда қарсыластың да мүмкіндіктері болды, бірақ біз өз сәттерімізді пайдалана білдік. Ал екінші таймда ойынымызды жақсарта түстік. Иә, жылдам гол өткізіп алдық, дегенмен жалпы ойын мазмұны жағынан екінші тайм біріншісіне қарағанда әлдеқайда жақсы өтті. Мүмкіндіктеріміз болды, үшінші және төртінші голды бұдан да ертерек соғуға болатын еді. Кейін үшінші голды дер кезінде соқтық, одан соң да бірнеше мүмкіндігіміз болды. Мақсат Абраев қақпашымен жеке-дара шыққан сәтте допты қақпадан асыра тепті. Одан бөлек, ойынды ертерек шешуге болатын екі-үш мүмкіндік болды. Ал матч соңында рикошеттен осындай гол өткізіп алдық. Дегенмен қарсыластың да жақсы ойын көрсеткенін атап өту керек.

68-минутқа қарай біз төрт ауыстыру жасап үлгердік, ойын мен тактикалық жүйені қайта құрдық. Өйткені мұндай алаңда өзіміздің әдеттегі футболымызды ойнау өте қиын болды. Сол себепті бізге тән емес мәнерде ойнауға тура келді. Ең бастысы – соңына дейін шыдас бердік. Бұл – мінездің арқасында келген ауыр, нағыз еңбекпен келген жеңіс. Мен жігіттерге мұндай алаңда басқаша ойнау мүмкін емес екенін айттым. Оның үстіне кешкі сағат сегізде ауа температурасы 32 градус болды. Сондықтан қиындықтар аз болған жоқ. Бірақ команда соңына дейін шыдады. Өте маңызды үш ұпайға қол жеткіздік. Кеудесіндегі ромб үшін күресіп, алаңда бар күшін қалдырып жүрген командамызға құрмет. Алға қарай жылжимыз.

«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ
«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ

Бас серіктес