kz

RU
KZ
Бабаян – «Жеңіспен» өткен матч туралы
«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян Премьер-лиганың 15-туры аясындағы «Жеңіске» қарсы матчқа пікір білдірді.
21:30, 28 мау 2026

– Нағыз дерби болды. Күрес көп, алаңнан қуылу, пенальти – бәрі болды. Ойын мазмұнына келсек, командамыз жақсы футбол көрсетті деп ойлаймын. Біз 60 минутқа жуық бір ойыншыға кем өнер көрсетсек те, допты бақылауға, қарымта шабуылдарға шығуға тырыстық. Қауіпті сәттер де жасадық, тіпті матч тағдырын өз пайдамызға шешуге мүмкіндік болды. Өкінішке қарай, жолымыз болмады. Екінші голды жіберіп алғаннан кейін ойынды түбегейлі өзгертіп, тактиканы қайта құрып, бар тәуекелге баруға мәжбүр болдық. Бақытымызға қарай, соңғы секундтарда есепті теңестіре алдық.

Меніңше, тең нәтиже – заңды қорытынды. Бірақ бүгінгі төрелікке қатысты сұрақтар өте көп. Біз футболдамыз, мұндай жағдайларды бірден сеземіз. VAR бөлмесінде де, алаңдағы бас төрешіде де белгілі бір көзқарас байқалды. Бірнеше рет қауіпті қарымта шабуылға шығып бара жатқанымызда ойын тоқтатылды. Ондай эпизодтар аз болған жоқ. Шынын айтсам, біреулер «Астананы» әдейі тығырыққа тірегісі келетіндей әсер қалдырады. Бірінші таймға жеті минут, екінші таймға төрт минут қосылды. Ал шын мәнінде үзілістер әлдеқайда көп болды. VAR бірнеше мәрте қаралды, ауыстырулар көп болды. Сондықтан мұндай шешімдерді түсіну қиын.

Дегенмен, ең бастысы – жігіттер тағы да мінез көрсетті. Олар соңына дейін күресті, клубтың намысы үшін де, өз намыстары үшін де аянып қалған жоқ. Осындай қиын жағдайда, тіпті он ойыншымен қалсақ та, сапалы футбол көрсеттік деп есептеймін. Ойыннан кейін киім ауыстыратын бөлмеде футболшыларға: «Әрине, тең нәтижеге көңіліміз толмауы керек. Бірақ матчтың қалай өрбігенін және соңғы секундта есепті теңестіргенімізді ескерсек, бұл тең ойынды жеңіске пара-пар нәтиже деуге болады», – дедім.

– Әлібек Қасымның жағдайы қандай? Қашан қатарға қосылады?

– Әзірге нақты мерзім айта алмаймыз. Дегенмен келесі аптадан бастап жаттығуға кіріседі деп үміттенеміз. Әзірге жалпы топпен жұмыс істейді деп айта алмаймын, өйткені ол әлі жаттығуды бастаған жоқ. Бірақ тезірек қатарға қосылады деп сенеміз. Қазірдің өзінде құрамымыз тар. Оның үстіне Абзал Бейсебековтен де айырылып қалдық.

Матч соңында Бартолец пен Басмановты да әдейі ауыстырдым. Себебі олар да алаңнан қуылып кетуі мүмкін деген қауіп болды. Ал Бартолец тағы бір сары қағаз алса, келесі ойынды өткізіп жіберетін еді. Бүгін Александр Меркельдің алаңға шығып, 60 минут ойнағаны қуантады. Ол командаға жақсы бейімделіп келеді, допты сақтай білді, шабуылдарды сауатты өрбітті. Қазір қолымызда бар ойыншыларға ғана сенім арта аламыз. Сонымен қатар жас футболшымыз Ахметәлі Қалтановтың голын ерекше атап өткім келеді.

– Клубқа инвестор тарту мәселесі бойынша қандай да бір жаңалық бар ма?

– Өкінішке қарай, бұл бағытта ештеңе өзгерген жоқ. Ал бізге он күннен кейін Қазақстанның намысын Еуропада қорғау керек. Мұны жыл сайын абыроймен атқарып келеміз. Биыл да лайықты өнер көрсеткіміз келеді. Бірақ қазіргі таңда оған қажетті жағдайымыз жоқ.

– Демек, сапарға қатысты жоспарлар, билеттер мен логистика дайын болғанымен, негізгі мәселе қаржыландыру болып тұр ғой?

– Иә, логистика жоспарланған. Бірақ бізде инвестор жоқ. Сондықтан сапардың қалай ұйымдастырылатынын, Еуропаға қалай баратынымызды, ел намысын қалай қорғайтынымызды әзірге нақты білмейміз. Бұл – өте маңызды мәселе.

– Демек, ең нашар сценарийдің де орын алу қаупі бар ма?

– Иә, ондай қауіп бар.

Бас серіктес