kz

RU
KZ
Бабаян – «Жеңісті» жеңгені туралы
«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян Премьер-лиганың 16-туры аясындағы «Жеңіске» қарсы матчқа пікір білдірді.
21:30, 03 шіл 2026

– Біздің орындауымызда жақсы ойын болды. Алғашқы 20 минутта ойын тең дәрежеде өтті. Бұл «Жеңістің» қорғаныста өте жинақы, өте тығыз ойнағанымен байланысты болды. Біз де бүгін өз футболымызды көрсете алмадық. Шамамен 25-минутқа қарай сабырға келіп, жоспарлаған футболымызды ойнай бастадық. Гол соқтық, тағы бір мүмкіндігіміз болды, соны пайдалансақ, үзіліске дейін-ақ есеп айырмасын жайлы деңгейге жеткізуге болатын еді. Өкінішке қарай, оны жүзеге асыра алмадық.

Екінші таймда позициялық тұрғыдан бір жерде ұтылып қаламыз деген күмән болған жоқ. Допты қалай бақылағанымыз, кеңістікті, аймақтарды қалай құрғанымыз және гол соғатын сәттерді қалай жасағанымыз – мұның бәрі өте күрделі әрі көп күш-жігерді талап етеді. Біз жоғары қысыммен ойнадық. Бұл Еуропадағы матч алдындағы соңғы жалпы дайындық екенін түсіндік. Сондықтан ойын қарқынын да, қысымды да әдейі жоғары деңгейде ұстадық. Футболшыларымыз соған төтеп берді. Ойыннан кейін жігіттерге жақсы футбол көрсеткендерін айттым. Бірақ бұл матчты 60-минутқа дейін-ақ аяқтауға болатын еді. Өз мүмкіндіктерімізді тиімді пайдалансақ, бәрі басқаша болар еді.

Бізде қиындықтар бар. Қасым жарақат алған, Бейсебеков бұл матчты өткізіп алды, құрамымыз да шағын болғандықтан өзгерістер жасауға тура келді. Саша Меркель Димашпен бірге толық матч өткізді. Жалпы қорғаушылар жақсы ойнады. Тек шабуыл шебіндегі ойыншыларға айтарым – осындай көп мүмкіндікті міндетті түрде голға айналдыру керек. Қазір осы бағытта жұмыс істеуіміз қажет. Ең бастысы – оңай қарсылас емес командаға қарсы маңызды үш ұпайға қол жеткіздік. Олар өте төмен орналасып, өте тығыз қорғанады. Мұндай қорғанысты бұзу оңай емес. Бірақ біз қажетті кеңістікті таба білдік. Ең бастысы – жеңіс.

– Әлібек Қасымның қалпына келуі қалай жүріп жатыр, шамамен қашан алаңға оралады? Сондай-ақ Иван Башичтің қашан командаға қосылуы күтіледі?

– Әлібекке қатысты әртүрлі ақпарат бар. Бірі үш апта десе, енді бірі алты апта дейді. Нақты айту қиын, өйткені түсірілім нәтижелерін бірнеше жерге жіберіп жатырмыз, ал қорытындылар мүлде әртүрлі. Ол әлі жаттығуды бастаған жоқ. Жарақаты бастапқыда ойлағанымыздан ауырлау болып шықты. Сондықтан «Динамо Ситиге» қарсы ойында алаңға шықпайды.

Башич қазір еліне қайтып бара жатыр. Онда бірнеше күн демалады. Егер бәрі жоспарымыз бойынша өтсе, оның Албанияда командаға қосылатынына сенеміз.

– 10 шілдеде еурокубоктағы маңызды матч, ал 12 шілдеде өз алаңдарыңызда «Ақтөбемен» кездесесіздер. Осындай логистика мен тығыз күнтізбені ескерсек, «Астана» бұл екі ойынға қандай құраммен бармақ?

– Иә, бізде былай болып тұр: жетінші шілдеде Стамбұл арқылы ұшамыз, онда ұзақ күтеміз, кейін Албанияға аттанамыз. Матчты өткізіп, келесі күні қайта ұшып келеміз, ал одан кейінгі күні «Ақтөбемен» ойнаймыз. Бірақ барлық матчтарды кейінге қалдыра алмаймыз. Біз соңына дейін құрамды кеңейту үшін бірнеше футболшы аламыз деп үміттендік. Қазір жастар бар, қолда бар футболшылар ойнайды.

Қалай болғанда да, Конференциялар лигасы – беделді турнир, сондықтан оған барынша жауапкершілікпен қарауымыз керек. Қазір барлық ойымыз алғашқы матчта. Одан кейін кімнің тың болатынын көретін боламыз. Бізбен бірге жаттығып жүрген жас ойыншылар бар. Қазір нақты айту қиын.

Еурокубоктағы мақсаттарға келсек, өткен жылы біз соңына дейін күрестік. Құрамымызда 20 футболшы болды. Ал қазір ол екі есе азайды, жас ойыншылар көп. Сондықтан нақты міндет қойып отырған жоқпыз. Біз матчтан матчқа қарай алға жылжимыз. Қазір барлық ойымыз – «Динамо Ситиге» қарсы жақсы ойын өткізу. Бізді оңай қарсылас күтіп тұрған жоқ. Қазір олар туралы ақпарат жинап жатырмыз. Қазіргі басты міндет – осы матч. Бұдан өзге әзірге ешқандай міндет қойылған жоқ. Өйткені қазіргі жағдайымызды жақсы түсінеміз және сол жағдайдан шығуға тырысып жатырмыз.

Бас серіктес