– Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанған «Астана» футбол клубының барша ұжымын шын жүректен құттықтаймын!
Жеңістің кейбірі қол жеткізген нәтижесімен есте қалса, енді бірі сол белеске жету жолындағы күресімен, төзімімен және жұмсалған күш-жігерімен бағалы. Біз үшін биылғы маусымда бұйырған қола жүлденің орны ерекше. Тіпті, бұл жетістік біз үшін чемпиондықтан да қымбат!
Биылғы маусым клуб үшін оңай болған жоқ. Түрлі қиындыққа қарамастан, команда бірлігін сақтап, қайсар мінезі мен жеңіске деген жігерін көрсете білді.
Осы орайда алаңда барын салған футболшыларға, жаттықтырушылар құрамына, клубтың барша қызметкеріне, әрдайым қолдау білдіріп келе жатқан жанкүйерлерімізге және қандай жағдай болса да «Астанаға» сенім артып, жанынан табылған әрбір жанға шынайы алғысымды білдіремін.
Бұл қола жүлде – жай ғана үшінші орын емес. Бұл – табандылықтың, бірліктің, клубқа деген адалдық пен қайсар рухтың символы. Біз үшін бұл медальдің құны алтынмен пара-пар!
Алда «Астананы» әлі талай жарқын жеңіс пен үлкен белестер күтіп тұр. Алға, «Астана»!