"Астана" ФК басшысы Саян Хамитжанов сұхбатында Vesti.kz қазіргі уақытта клубтың алдында қандай міндеттер тұрғанын айтты
- Саян Жақсыгелдіұлы, сізді команданың УЕФА Конференциялар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алуымен, сондай-ақ «Қайрат» пен «Қызылжарға» қарсы матчтарда сәтті өнер көрсетуімен құттықтауға рұқсат етіңіз. Елордалық клуб көктем мен жаздың басында чемпиондық үшін күрес пен Еуропада сәтті өнер көрсету міндеті мүмкін еместей көрінген қиын кезеңді еңсере алды. Осылай ауырға түскен маусымның бетін бері бұра алудың сыры қандай?
- Рахмет! Қазір осы бір қиын кезең жайында күліп айтуға болады, бірақ сол кезде әзілдейтіндей жағдай болмады. Бұған дейін көп айтылған жайттар орын алды, яғни бірнеше келеңсіз жағдай – өз алаңымызды Алматыға айырбастау, жаңа қала мен стадионға бейімделу, спорттық-әкімшілік қызметтің жұмыс басталған сәтте қайта құрылып жатқаны, негізгі матчтарда сын көтермес төрешілік – біз үшін оңайға түспегені анық. Ең алдымен, еңселі еңбек пен шыдамдылықтың арқасында бәрін де еңсере алдық. Біздің оларға деген сеніміміз бекер болмағанын барша футболсүйер қауым алдында дәлелдей алған бапкерлер құрамы мен ойыншыларға алғыс айтамын. Толассыз сыни пікір мен келеңсіздік үшін жауапкершілікті өзі көтерген бас бапкеріміз бәріне төтеп беріп, күш-жігерін шыңдап қана қоймай, менің ойымша, аз уақыттың ішінде команданы баптап, тура жолға қоя білді. Барлық қиындық пен кедергіге қарамастан, әр қадамын есептеп, командаға қойылған мақсаттарды орындай алды.
- УЕФА Конференциялар лигасында команданың алдында қандай мақсат тұр? Жеребе тартуды сәтті деп айтуға бола ма?
- Бірінші кезекте, еурокубокқа қойылған барлық міндетті команда орындап қана қоймай, тізгіні мықты норвегиялық «Браннды» керемет ойын стилін көрсету арқылы жеңіп, артығымен орындады дегім келеді. Іріктеу басталғанға дейін біздің клуб, бастысы әр раунд сайын сәтті өнер көрсету және әрбір матчта жақсы нәтижеге деген үмітті үкілеу деп мәлімдеген еді. Солай дегенмен, мен команданың барлық мәселесін, чемпионаттағы жағдайды және т. б. ескере отырып, плей-офф кезеңіне өтудің өзі жеңіс деп санағанымды мойындаймын. Алайда, қайталап айтайын, команда барлық оптимистік болжамдардан асып түсіп, негізгі кезеңге жолдама алды. «Челси» сияқты команданың Қазақстанға келуі – еліміздің барлық футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйеріне керемет сыйлық. Күн сайын біздің елімізге осындай деңгейдегі клубтың келе бермейтіні хақ, ал «Челсидің» келуі республикада сүйікті ойынды насихаттауға және дамытуға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Алайда, маусымның қалған кезеңінде басты назар – чемпионатта табысты өнер көрсету болады.
- Сіз үшін сәтті нәтиже қайсы?
- Жеңістен жеңіске жету кезеңінде жанкүйерлер команданы жеңіс тұғырынан көргісі келетінін түсінемін. Бірақ қазіргі жағдайды дұрыс ьағалауымыз керек – күз мезгілінде қарсыластарымыз 5-6 ойын өткізеді, ал біз кейінге шегерілген матчтарды есепке алғанда, премьер-лигада 9 кездесу өткізіп қана қоймай, еурокубокта 6 рет алаңға шығамыз. Қысқа уақыт ішінде біз қарсыластарымызға қарағанда 2-3 есе артық ойын өткізуіміз керек – бұл өте ауыр міндет және осы кестемен және рейстер санымен барлық матчтта 100% нәтижеге қол жеткізу қиынға түсетіні рас. Осыған байланысты, объективті түрде – жүлделі үштікке ену және келесі маусымда еурокубок ойындарына қатысу мүмкіндігін қолдан бермейміз. Келер жылы Астана еуропалық турнирлердің ойындарын өз алаңында өткізуі үшін қолдан келер дүиенің бәрін жасауымыз керек. Не десек те, біздің клуб чемпионатта қандай орынға лайық екені Жаратқанның еншісінде!