kz

RU
EN
KZ
Андрей Тихонов: "Бізді жаңа жағдайлардағы жұмыс күтіп тұр"
20 қаң 2021

"Астананың" бас бапкері команданың алдағы маусымдағы жоспарларымен бөлісіп, клуб жанкүйерлерін толғандыратын бірқатар сұрақтарға жауап берді.

- Андрей Валерьевич, команда жаңа маусымға дайындықты бастады. Ойыншылар демалыстан қандай көңіл-күймен келді?

- Өткен маусым өте күрделі, күйзелісті болып шықты және команда басына түскен барлық қиындықтардың сынағынан өтті. Жарақаттану жағдайлары да көп болды, сондықтан кейбір ойыншыларға көп жүктеме түсті. Сондықтан футболшылардың жақсылап демалып, шаршағандарын басқаны аса маңызды болды. Ең бастысы психологиялық қалыпқа келу болды.

Ойыншылардың көңіл-күйлері орнына түсіп, футболды сағынғандары байқалады. Команда үлкен ықыласпен жұмыс істеп жатыр. Бұл айқын байқалады. Біз үшін осы кезеңде ойыншылардың физикалық жағдайымен жұмыс істеу, дұрыс негіз қалау маңызды.

- Жиынға қанша футболшы қатысты?

- 24. Олардың жартысы клубпен келісімшарт жасасқандар. Қалғандары-біздің жастар.

 

- Командадан бірқатар футболшылардың кеткені белгілі. Щеткин, Шомко, Маевский кетіпті. Бұл туралы не айта аласыз?

- Әрине, олардың кетуі оңайға соқпады. Бұл жігіттер ұзақ жылдар бойы "Астана" командасының бір бөлігі болып, оның жеңістеріне де үлестерін қосқан. Оларға РПЛ-дан ұсыныс жасалуы олардың деңгейі мен шеберліктерінен хабар береді. Мен балалар үшін шын жүректен қуаныштымын, оларға жаңа биіктерге және жеңістерге жетуді тілеймін. Әрине, мен олармен жұмысты жалғастыру мүмкіндігінен бас тартпас едім. Бірақ біздің бюджетіміз әлі қалыптасу сатысында болғандықтан, біз жаңа келісімшарттар туралы келіссөздер жүргізе алмадық. Ал жігіттер болса, болашақтарын мүмкіндігінше тезірек анықтап алғысы келді.

 

- Клуб ардагері Ненад Эричтің жағдайы қандай?

- Ненад-біздің символымыз, ол жанкүйерлердің сүйіктісі және ол "Астананың" өткен жылдардағы табыстарына да қосқан үлесі аз емес. Мұндай адам "Астанадағы" мансабын аяқтауға әбден лайық. Сондықтан клуб оған бапкерлер штабынан орын ұсынды. Эричтен қақпашылармен жұмыс істеу бойынша жақсы маман шығатынына сенімдімін, ол өзінің бай тәжірибесімен бөлісе алатыны анық. Біз оған тиісті ұсыныс жасадық. Жауабын күтеміз. 

Бірақ мен жанкүйерлерге неге мұндай қадамға барғанымызды түсіндіргім келеді. Оның жетпей тұратынын жақсы түсінеміз. Бірақ біз биылғы жылы осындай қателіктерге жол бермеу үшін өткен маусымда үлкен талдау жасадық. Содан құрамды жасарту өте маңызды деген қорытындыға келдік. Алдағы маусымда бізді чемпионатта 26 матч, ел кубогында бірнеше матч, Суперкубокта 2 матч, сондай-ақ Конференциялар Лигасына қатысу күтіп тұр. Бұл өткен маусымға қарағанда әлдеқайда көп. Футболшыларға одан да үлкен жүктеме түседі. Сондықтан команданың орташа жасын төмендету  керек.

Әлемдік пандемияға байланысты клубтардың бюджеттері қысқару бағытында қалыптасатыны ешкімге құпия емес. Бұл қазіргі кездегі қалыпты жағдай. Бұл тек Қазақстанға ғана қатысты жағдай емес. "Реал Мадридке", "Барселонаға", "Арсеналға", "Ливерпульге" қараңыз - бәрі де үнемдеуге көшіп, бюджеттерін қысқартып жатыр. Егер мұндай титандар белді бекем бууға мәжбүр болса, онда біз туралы не айтуға болады?

 

- Әлі де шығындар бола ма?

- Бұл біздің қаржылық жағдайымызға және футболшылардың жаңа жағдайда жұмыс істеуге дайындығына тікелей байланысты болады.

 

- Команда көшбасшыларының кетуіне футболдағы қиын кезеңдер ғана әсер етіп отыр ма?

- Жалпы алғанда, футболда жетер шыңына шыққан, максималды деңгейге жеткен құрамды өзгерту-бұл жалпы қабылданған және қажетті тәжірибе. Өткен жылдары "Астана" жыл сайын жанкүйерлерді еурокубоктардың топтық кезеңіне шыққанымен қуантып келді. Бұл үлкен жетістік, бұған бұрын осында жұмыс істеген басшылардың, жаттықтырушылардың, әсіресе футболшылардың байыпты жұмысы арқылы қолжеткізілді. Жыл сайын сапалы 2-3 ойыншы қосылатын қуатты негіз болды және бұл табыстылықты қамтамасыз етті. Бірақ адам ағзасының қуаты шексіз емес. Сондықтан жасы келген футболшылар үшін өздерін қажетті деңгейде ұстап тұру аса оңай болмайтыны түсінікті. Менің сөзіме сеніңіз, мен өзім 41 жасқа дейін ойнадым, сондықтан мен не туралы айтып отырғанымды білемін.  

Әр үлкен команданың өз циклі бар. Күндердің күнінде ол да аяқталады. Футболдан көптеген мысалдар келтіре аламын: Гиггз, Скоулз, ағайынды Невиллдер мен Бекхемнің уақытындағы "Манчестер Юнайтед". Не болмаса, Хави, Иньеста, Месси дәуіріндегі "Барселонаны" айтайық. Чемпиондар лигасында қатарынан үш рет жеңіске жеткен мадридтік "Реалды" да мысалға келтіре аламын. Осы клубтардың бәрінде де ұрпақтардың ауысуы болды. Бір жерде онша сезілмесе, бір жерде бұл аса қатты сезіліп жатады.

 

- Демек, енді жас ойыншылардың құрамға ену мүмкіндігі көбірек бола ма?

- Барлығы олардың өз қолдарында,  аяқтарымен қалай жұмыс істейтініне байланысты. Әрине, мүмкіндік бәрінде де бар. Ол үшін шешінетін бөлмеде өзінің аты, нөмірі және фотосуреті бар шкафтың пайда болуына құқығы бар екенін дәлелдеп шығуы тиіс. "Астанада" ойнау-үлкен мәртебе. Бұған тек ең үздіктер лайық болады.

Бірақ бұл біз тек жастарға ғана сенім артамыз дегенді білдірмейді. Барлық жағынан үйлесімдік іздейтін боламыз. Жақсыларды қадағалап, байқап отыратын боламыз. Біз бірнеше жыл бойы Қазақстанда өз бағытын көрсететін болашақ командасын жинағымыз келсе де, жоғары міндеттерден де ешкім босатпақ емес. Бұл" Астана", алсақ болды деген орындар шін күресе алмайды. Бұл клубтың бағдары әрдайым максимумға бағытталады.

 

- Бірақ әзірге клуб бірде-бір жаңа ойыншымен келісімшарт жасаспады?

Бәрі дұрыс па? Біз алдымен өз резервіміздің қалай жұмыс істейтінін көруіміз керек, маусымның соңғы бюджетін біліп, бізден кім кеткенін немесе әлі де кететінін түсінуіміз керек. Осыған қарай жаңа ойыншыларды да шақырамыз. Клуб селекциялық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Сапалы ойыншылармен толығатын боламыз деген ойдамын.

Байқасаңыздар, күту жағдайында отырған біз ғана емес, біздің тікелей бәселекстеріміз де осы жағдайда. "Тобыл" да, "Ордабасы" да ешкіммен келісімшартқа қол қойған жоқ, "Қайрат" 2 күн бұрын ғана өзінің алғашқы жаңа  ойыншысын таныстырды.

 

- Құрамды қалыптастыру кезінде қазақстандық футболшыларға басымдық беріле ме, әлде класстық легионерлерге басымдық беріле ме?

- Жоғарыда айтқанымдай, алдымен біздің иелігіміздегі адамдарды байқап көріп алуымыз керек. Осыдан кейін ғана өзіміз үшін басым позицияларды анықтаймыз. Біз нысаналы іріктеу бойынша қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ жеке өзім командада, негізгі құрамда жергілікті балалар – астананың тумалары көбірек болғанын қалаймын.

Бас серіктес