kz

RU
EN
KZ
Жетістіктер мен рекордтар
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
2018
2019
2020
2021
2022
2023
2009 жыл

Клуб алғашқы құралған жылдан бастап өз алдына жоғарығы мақсаттар қойып, сол жылы құрамына ресейлік мықты ойыншылар Андрей Тихонов пен Егор Титовты шақырды. Команда тізгініне олардың жерлестері Сергей Юран келді. Оған қоса, команда сапына қазақстандық футболшылардың үздіктері іріктелді. Бірінші талпыныста елордалық ұжым чемпиондық атаққа қол жеткізе алмады. Команда Қазақстан чемпионатында екінші орынға табан тіреді.

Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері
2010 жыл

Екінші жыл және алғашқы трофей. Чемпионаттағы сәтсіз ойынға (төртінші орын) қарамастан, неміс маманы Хольгер Фах шәкірттері Қазақстан Кубогын жеңіп алды. Кубок аясындағы ойындарда елорда командасының қақпашысы Александр Белкин өз қақпасына бір де бір гол жібермей, керемет жетістікке қол жеткізді. Ал шабуыл шебіндегі Валерий Андроник пен Игорь Бугаев жұбы астаналықтарға жеңіс сыйлады.

Қазақстан Кубогының Жеңімпазы
2011 жыл

Фахтың қол астындағы екінші жыл өте сәтті басталды. Команда ел чемпионы атанған қостанайлық "Тобылды" жеңіп, Қазақстан Суперкубогын иеленді. Алайда, ел чемпионаты астаналықтар үшін сәтті болды дей алмаймыз. Команда маусым соңында "Ордабасы" командасына екі мәрте жеңіліп қалса, сол жылы чемпиондыққа қол жеткізген қарағандылық "Шахтерға" қарсы кездесудегі жеңіліс, елорда командасын жүлделі орыннан айырды.

Қазақстан Суперкубогының Жеңімпазы
2012 жыл

Команда маусымға дайындықты украиналық маман Валерий Протасовтың қол астында бастады. Алайда, украиналық маман бастаған жаттықтырушылар құрамы маусым басын өте сәтсіз бастағандықтан, орындарын босатуға мәжбүр болды. Артынша команда бас бапкерінің міндетін Григорий Бабаян уақытша атқарды. Одан кейін, елорда командасының және Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін чех маманы Мирослав Беранек қатар ұстады. Өкінішке қарай, команда чемпионатта осы жылы да жоғары нәтижеге қол жеткізе алмады. Ал финада павлодарлық "Ертісті" ұтқан елордалықтар, өз тарихында екінші мәрте Қазақстан Кубогын төбелеріне көтерді.

Қазақстан Кубогының Жеңімпазы
2013 жыл

Команда 2013 жылы алғаш рет Еуропа Лигасында дебют жасады. Алайда, елордалық ұжым алғашқы іріктеу кезеңінде болгариялық "Ботев" командасына ірі есеппен жол берді. Еурокубоктегі атышулы сәтсіздіктен кейін Мирослав Беранек өз орнын Йоан Андонеге босатып беруге мәжбүр болды. Команда румыниялық маманның қол астында өз тарихында екінші мәрте чемпионатта үздіктер қатарына қосылып, тағы бір рет Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде ойнауға мүмкіндік алды.

Қазақстан Чемпионатының күміс жүлдегері
2014 жыл

Команда 2014 жылғы маусымды өзбек маманы Вадим Абрамовтың қол астында бастады. Алайда, ол маман "Астана" тізгінінде бір апта қызмет жасап, артынша өз Отанына қайта кетті. Осы кезде команда бас бапкері қызметіне Григорий Бабаян келді. Григорий Константинович баптаған ұжым чемпионатта сенімді өнер көрсетіп, еурокубоктардың іріктеу кезеңіне дайындалып жатқан болатын. Еуропа Лигасы басталуға санаулы күндер қалғанда команда тізгінін болгариялық маман Станимир Стоилов ұстады. Болгар маманы алғашқы маусымда-ақ Қазақстан Премьер-Лигасында топ жарып, Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне дейін жетіп, топтық кезеңге бір қадам қалғанда испаниялық "Вильярреалға" жол берді.

Қазақстан Чемпионы
Еуропа Лигасының плей-офф кезеңі
2015 жыл

2015 жылы Станимир Стоилов шәкірттері алғашқы ойында алматылық "Қайратты" ұтып, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолынан Қазақстан Суперкубогы жүлдесін алды. "Астана" осы жылы Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңдерінде словениялық «Марибор», финдік ХИК және кипрлік АПОЭЛ командаларын жеңді. Осылайша, «Астана» Қазақстан футболы тарихында тұңғыш рет Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне жолдама алып, «Бенфика», «Галатасарай» және «Атлетико Мадрид» командаларымен бір топта бақ сынады. Елорда командасы өз тарихында екінші рет қатарынан ел Чемпионы атанды.

Қазақстан Чемпионы
Қазақстан Суперкубогының Жеңімпазы
Чемпиондар Лигасының топтық кезеңі
2016 жыл

"Астана" 2016 жылғы Қазақстан Суперкубогы үшін өткен алғашқы кездесуде жеңіліп қалғандықтарына қарамастан, сәтті жыл өткерді. Елорда командасы үшінші рет қатарынан Қазақстан Чемпионы атанды. Еурокубоктерде Беларусь чемпионы БАТЭні жеңген Станимир Стоилов шәкірттері Еуропа Лигасының топтық кезеңіне жолдама алып, грекиялық "Олимпиакос", швейцариялық "Янг Бойз" және кипрлік АПОЭЛмен бір топта бақ сынады. Елорда командасы осы жылы кипрлік ұжымды жеңіп, еурокубоктердің топтық кезеңіндегі алғашқы тарихи жеңісіне қол жеткізді. Команда маусым соңында Алматыда "Қайратты" 1:0 есебімен жеңіп, ел Кубогын иеленді.

Қазақстан Чемпионы
Еуропа Лигасының топтық кезеңі
Қазақстан Кубогының Жеңімпазы
2017 жыл

2017 жылғы маусым "Астана" футбол клубы үшін тағы бір тарихи жыл болды. Станимир Стоилов шәкірттері Еуропа Лигасының тобында израильдік "Маккаби" мен чехиялық "Славияны" артқа тастап, топтан шықты. Еуропа Лигасының 1/16 финалында португалиялық "Спортингпен" кездесті. "Астана" үшін ішкі біріншілік те сәтті аяқталып, елордалықтар төртінші рет қатарынан ел Чемпионы атанды.

Қазақстан Чемпионы
Еуропа Лигасының 1/16 финалы
2018 жыл

Команда Еуропа Лигасы аясындағы "Спортингке" қарсы кездесу үшін маусымды әдеттегіден ерте бастады. Осы ойыннан кейін "Астана" бас бапкері Станимир Стоилов Қазақстан Ұлттық құрамасының тізігінін ұстады. Елорда командасына Григорий Бабаян келді. Команда Қазақстан чемпионатында алғашқы орындарда келе жатты. Жаз мезгілінде жаңа бас бапкер Роман Гриорчукпен келісімшарт жасалды. Роман Иосифович команда тізгінін Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіндегі кипрлік АПОЭЛге қарсы кездесуге дейін ұстап, артынша отбасы жағдайына байланысты өз Отанына қайтты. Артынша, Григорий Бабаян тағы да команда тізгініне келіп, Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шығып, сондай-ақ кезекті чемпиондық титулға қол жеткізді.

Қазақстан Чемпионы
Қазақстан Суперкубогы
Еуропа Лигасының топтық кезеңі
2019 жыл

Команда 2019 жылғы маусымға дайындықты Роман Григорчуктың қол астында бастады. Украиналық маман өз Отанындағы мәселелерін шешкеннен кейін, өз жұмысына қайта оралды. Команда Алматыда Қазақстан Суперкубогы үшін өткен кездесуде "Қайратты" сенімді жеңді. "Астана" Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңінде Румыния чемпионы ЧФР Клуж командасына жол беріп, одан әрі Еуропа Лигасында өз жолын жалғастырды. Нәтижесінде, елорда командасы топтық кезеңге дейін жетіп, артынша өз алаңында атақты "Манчестер Юнайтед" командасын 2:1 есебімен жеңіп, тарихи нәтиже тіркеді. Чемпионаттағы тартыс соңғы турларға дейін жалғасты. "Астана" сырт алаңда қостанайлық "Тобылды" 1:0 есебімен жеңіп, алтыншы рет қатарынын ел чемпионы атанды.

Қазақстан Чемпионы
Қазақстан Суперкубогы
Еуропа Лигасының топтық кезеңі
2020 жыл

2020 жылғы маусым алдында команданың бас бапкері лауазымына Михал Билек (Чехия) тағайындалды. Маусымның алғашқы ойынын «Қайсармен» өткізіп, қызылордалық командадан басым түсіп, Қазақстан Суперкубогына қол жеткізді. Ал ел чемпионаты коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілді. Чемпиондар лигасында елордалық клуб «Динамо-Брестпен» ойнаса, Еуропа лигасында черноголиялық «Будучность» командасына есе жіберді. Осы уақытта Михал Билектің орнына ресейлік Андрей Тихонов келді. Қазақстан чемпионатының барлық ойыны бір жерде өтіп, маусым соңында «Астана» қола жүлдені иеленді.

Қазақстан Суперкубогының Жеңімпазы
2021 жыл

2021 жылы «Астана» жаңа леппен ойын маусымын бастады. Андрей Тихонов баптаған жігіттер ұзақ уақыт чемпионат кестесінде көш бастап тұрды. Жазғы еурокубоктар кезеңінде команда «Аристі» ұтып, келесі қарсылас финдік «КуПС-қа» төтеп бере алмады. Ал ел чемпионатында екінші орыннан көрінді.

2022 жыл

Биылғы маусымда Срджан Благоевичтің (Сербия) бастаған «Астаналық» жігіттер Қазақстан чемпионатының кестесінде әзірге екінші орында тұр. Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде польшалық «Ракувпен» кездесу сәтсіз аяқталды. Кейінірек бас бапкер қызметіне Григорий Бабаян тағайындалды. Маусым соңында команда жетінші рет ел чемпионы атанды.

Қазақстанның 7 дүркін чемпионы
2023 жыл

2023 жылғы маусымда астаналықтар Қазақстан Суперкубогында алтыншы рет жеңіске қол жеткізді. Ел чемпионатында 16 жүлде алған елордалық клуб Қазақстандағы ең үздік клуб деп танылды.

Суперкубок Казахстана

Рекордтар