Логотиптің келбетін өзгерту бойынша жұмысты аяқтаған шығармашылық топ түс гаммасын, сондай-ақ негізгі элементтерді – astana football club жазуы мен футбол добын қалдыруды ұйғарды.
Тарихи дәстүрді жалғастыру мақсатында бұрынғы таңбадағы түстер қалдырылды. Өйткені, көк түсті бүкіл түркі жұрты қасиет тұтады, әрі ол дархан Қазақстанның ашық аспанының, бақ-берекесінің символы. Осы элементтер жеңіс, қорғаныс, атақ пен даңқтың белгісі болған қалқанға орналастырылды.
Сондай-ақ, логотипке клубтың негізі қаланған жылын, Нұр-Сұлтан жазбасын қосу туралы шешім қабылданды. Себебі, «Астана» футбол клубы ішкі және халықаралық аренада қаланың намысын қорғайтын бірден-бір клуб екендігі баршаға аян. Бидай масақтарынан жасалған гүл шоғыры – біздің қаланың тарихи астық өлкесі екендігін білдірсе, сондай-ақ Қазақстан чемпионатындағы жеңістерді бейнелейтін чемпиондардың гүл шоғыры екендігін айқындап тұр.
Ал екі жұлдыз – бұл «Астана» футбол клубының 6 чемпиондығының дәлелі. Өйткені, Қазақстан Премьер-Лигасының регламенті бойынша клуб елдегі әрбір үшінші чемпиондық үшін өз логотипіне бір жұлдыздан қосуға құқылы.
Клуб байқауға қатысқан барлық қатысушыларға ерекше алғыс білдіріп, жанкүйерлерді және клуб пен футболға немқұрайлы қарамайтын адамдарды сүйікті командаларының жаңа келбетінің өмірге келуімен құттықтайды!