– Барлық фазада өте сапалы ойын өткіздік. Менің ойымша, бұл матчтың тағдырын 60-минутқа дейін-ақ шешуге болатын еді. Мүмкіндіктеріміз жеткілікті болды, бірақ, өкінішке қарай, көп сәтті пайдалана алмадық. Реализация жағынан кемшілік болды. Соған қарамастан, команда ойын құрылымын да, қарқынын да жоғалтқан жоқ. Матч алдында құрамға байланысты қиындықтар болды. Бейсебеков жарақат алды, Башич дисквалификацияланды. Сондықтан тағы да импровизация жасауға тура келді. Бүгін Басмановты тірек жартылай қорғаушысы ретінде пайдаланып көрдік. Ол өз міндетін өте жақсы атқарды. Жалпы команда қорғаныста да сенімді көрінді. Өз қақпамыз маңында аса қауіпті сәттер болған жоқ, бұл да біздің ұйымдасқан ойынымыздың көрсеткіші. Шабуылда да ойлаған дүниелеріміз іске асты. Кеңістікті дұрыс аштық, коридорлар құрдық, қапталдағы басымдықты тиімді пайдаландық. Голдар да сапалы болды – бірінші де, екінші де стандарттан кейін соғылды. Матч бойы біз бұл ойынды жеңіспен аяқтайтынымызға сенімді болдық. Бірақ мұндай кездесулерде бәрін ертерек шешу керек. Ойыннан кейін жігіттерді киім ауыстыратын бөлмеде құттықтадым. Біз үшін соңғы уақыт өте ауыр өтіп жатыр. Тек бір апта емес, тұтас жарты жыл бойы қиын кезеңнен өтудеміз. Соған қарамастан футболшылар алаңға шығып, бар күшін салып, осындай ойын көрсетіп жүр. Мұндай мінезді тек іші берік, бірлігі мықты команда ғана көрсете алады. Сондай-ақ стадионға келіп, матч бойы қолдау білдірген жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді.
– Абзал Бейсебековтің жарақаты қаншалықты ауыр? Ол келесі матчқа дейін қатарға қосыла ала ма? Сонымен қатар, Башич «Алтайға» қарсы ойында алаңға шыға ма, әлде бірден ұлттық құрама сапына аттана ма? Бұған қоса, келесі турда Қараман да сары қағаздар лимитіне байланысты ойнай алмайды. Демек, орталық аймақтағы тапшылық әлі де сақтала ма?
– Иә, қиындықтар бар. Үш бірдей тірек жартылай қорғаушымыз қатардан шығып қалды. Башич екі матчқа шеттетілді, оған қоса ұлттық құрамаға қосылуы керек. Заң жүзінде біз оны ұстап қала алмаймыз. Бұл – оның мансабындағы үлкен мүмкіндік әрі клуб үшін де мәртебе. «Астананың» футболшысы әлем чемпионатында өнер көрсетеді. Қараман да келесі матчты өткізіп алады. Біз оны абай болуға ескерткенбіз, бірақ төрешілер кейде дәл осындай ойыншыларға сары қағазды өте оңай көрсетеді. Абзалдың келесі ойынға қатысу мүмкіндігі аздап бар, бірақ әзірге нақты ештеңе айта алмаймын. Егер осы үшеуі де болмаса, тағы да жаңа шешім іздеуге тура келеді.
– Башичке қатысты клуб үшін бұл мәртебе дедіңіз. Аздап арандатушы сұрақ қойсақ: қазіргі жағдайда қайсысы маңыздырақ – футболшыңыздың әлем чемпионатында өзін жақсы қырынан көрсетіп, құрамасының жоғары нәтижеге жетуі ме, әлде оның тезірек клубқа оралғаны ма?
– Әрине, клуб мүддесі тұрғысынан қарасақ, біз оның жанымызда болғанын қалар едік. Өйткені бұл позицияда белгілі бір қиындықтарымыз бар. Бірақ біз футболшының болашағын да ойлауымыз керек. Әлем чемпионаты – өзін үлкен деңгейде көрсетуге берілетін сирек мүмкіндік. Ертең ол өзін танытып, топ-чемпионаттардың біріне ауысуы мүмкін. Сондықтан біз оның жолына кедергі келтіруге құқымыз жоқ. Кеше онымен сөйлестім. Мен оған бас бапкер ретінде оны командада көргім келетінін айттым. Бірақ мұндай мүмкіндіктің өмірде бір-ақ рет келуі ықтимал екенін де түсінемін. Сондықтан біз оған түсіністікпен қараймыз.
– Кеше жастар құрамасының «Шахтерді» жеңуі көпшілік үшін күтпеген нәтиже болды. Сол матчты көрдіңіз бе? Жалпы жастарға қатысты пікіріңіз қандай?
– Иә, әрине, матчта болдым. Ол жігіттердің бәрі бізбен бірге жаттығады. Біз үнемі бірнеше футболшыны алмастырып, оларды негізгі құрамның жұмысына қосып отырамыз. Сондықтан олардың мүмкіндігін жақсы білеміз. Қазір бұл – біздің ең жақын резервіміз. Қажет жағдайда соларға сенім артамыз.