Сүйінші, ағайын! Шаттанып, қуана бер, жанашыр жанкүйер қауым! Чемпиондар лигасының ойындары Астанаға қайта оралады! Рас, әзірше – електік сатыдағы іріктеу ойындары. Әйтсе де, осы доданы елорда жанкүйерлері сағынды. Өйткені сағынатындай болды емес пе?!
«Астана» соңғы рет UEFA Чемпиондары лигасындағы матчын сонау 2019 жылы 9 шілде күні өткізген. Бұл аталмыш доданың бірінші іріктеу кезеңі болатын. Румынияның CFR Cluj клубын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жеткен (өкініштісі, қарымта матчта 1:3 есебімен есе жіберіп алып, Еуропа лигасына ойысқан).
Елордалықтар 2020 жылы тағы бір ойын өткізді. Алайда, пандемия жағдайына байланысты Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі кездесулер бір ғана матчпен шектелген. «Астана» сырт алаңда, Беларусь елінде «Динамо-Брест» клубымен кездесіп, 3:6 есебімен ұтылып қалды.
Содан кейінгі жылдары «Астана» Қазақстан чемпионатында күміс және қола жүлделерді қанағат тұтып, Чемпиондар лигасында бақ сынау бұйырмады. Енді міне, Чемпиондар лигасының теңбіл добы Астанаға қайта оралатын күн де келіп жетті. Осыған орай, біз «Астана» футбол клубының Бас директоры Арслан Бесбаевты әңгімеге тартқан едік.
– Арслан Қуанышбекұлы, төрт жыл сағымдай бұлдыраған Чемпиондар лигасы ойындары елода төріне қайта оралатын сәт келіп жетті. Жанкүйерлер оның әнұранын сағынған шығар.
– (күліп) Сіз тіпті, әріден бастадыңыз ғой. Бұл – Чемпиондар лигасының електік сатыдағы іріктеу ойындары. Ал оның әнұранын естуге дейін көптеген шаруа атқаруымыз керек. Сондықтан, әзірше «Астанаға Чемпиондар лигасының дүбірі мен додасы келеді!» дегеніміз жөн болар.
Әрине, бірінші кезекте, біз жанкүйерлерімізді ойлаймыз. Жанкүйерлер үшін ойнаймыз. Ұмытпағанбыз, ешқашан ұмытпаймыз да. Сондықтан 12 шілде күні «Динамо» (Тбилиси) командасымен өтетін ойынға жан-жақты дайындалып жатырмыз. Бұл матчты кішігірім мереке ретінде өткізуге тырысамыз. Біздің жоспар-дайындықтарымыз тек алаңдағы ойынмен ғана шектеліп қалмайды.
Жалпы, біз өз жанкүйерлерімізге арнап көптеген іс-шаралар өткізіп келеміз. Демеушіміздің қолдауының арқасында, көптеген ойындар мен әртүрлі бәйгелер ұйымдастырып, жеңімпаздарға бағалы сыйлық ұсынамыз. Тіпті өз жанкүйерлерімізбен жолдастық кездесу де өткіздік.
– Қарсыластар жөнінде не айтасыз? Жеребе жеңіл түспеген сияқты. Әуелі, шежіресі мол Тбилисидің, содан соң азуын айға білеген Загребтің «Динамосымен» кездесесіздер.
– Жеребе?! Білесіз бе, бұдан да ауыр болуы мүмкін еді. Сондықтан осыған да тәубә дейміз. Бізге түскені – осы клубтар. Бұйырғаны осы. Енді өтіп кеткен жеребенің әртүрлі нұсқаларына үңіле бермей, уақытымызды текке жұмсамай, тек алдағы маңызды ойындарымызды ойлауымыз керек. Қарсыластың осалы және мақсатқа жетер жолдың оңайы болмайды.
Қазір біздің бар ойымыз – бірінші електік кезеңнен өту. Алғашқы қарсыласымыз – Тбилисидің «Динамосы». Әзірше біз осы командамен болатын екі ойынға басымдық береміз. Ал Загреб клубын, осы бірінші белестен өткен соң саралап, зерттейтін боламыз.
Қазақстан ұлттық құрамасы Дания футболшыларын жеңді. Ал «Астанаға» неге Загреб клубын жеңбеске?! Дания және Солтүстік Ирландия құрамаларын жеңген Ұлттық құрамымыздың сапында біздің клубтың жігіттері де болды. Өз үлестерін қосты.
Енді олар клуб сапында да осындай қайсарлық пен жанкештіліктің үлгісін көрсетеді деп ойлаймын. Біздің команданың ойыншыларында да жігер бар, мінез бар. Бапкерлер құрамы біздің бар мүмкіндігімізді жүзеге асырып, жанкүйерлерімізді қуантады деп үміттенемін.
– Бапкерлер демекші, кейбір жанкүйерлер бас бапкеріңіздің шетелдік қақпашыға сенім артатынына, сондай-ақ Томасовтың «қара жұмысқа» «жегілгеніне» наразы сияқты.
– Бұл тұрғыда, мен бас бапкерімізді қолдаймын. Сіз айтып отырған мәселенің бәрі – түгелдей бас бапкердің құзыретіндегі іс. Жалпы, мен Григорий Бабаянға толықтай, шүбәсіз сенемін. Оның тікелей міндетіне араласпаймын. Бас бапкер қабылдаған шешіммен келісемін. Кімдерге сенім артады, алаңға кімді шығарады, қандай тактика қолданады, мұның бәрін шешетін – бас бапкер.
Қақпаға Йосип Чондричті қойып, алаңға хорват қақпашысын шығарғаны – бас бапкердің оған сенім артатынының көрінісі. Жалпы, бапкеріміз жаттығу жұмыстарында бәрін көріп, өз тұжырымын күнделікті қорытындылап отырады. Марин Томасовтың қорғанысқа да көңіл бөлетініне тоқталсақ, бұл ретте де, бас бапкердің өз көздегені және түйгені бар деп санаймын.
– Команда құрамы Еуромаусымға дайын деп ойлайсыз ба? Әлде кейбір шептерді күшейту қажет пе?
– Біздің команданың құрамы былтырғымен салыстырғанда 80 пайызға өзгерді. Сондықтан, ел чемпионаты барысында жанкүйерлер көңілінен шығатын ойын өрнегін көрсете алмаған ойындар болғандай секілді көрінген де шығар. Ал негізі, жасыл алаңда жігіттердің бір-бірімен түсінісіп, жұдырықтай жұмыла түсулеріне біраз уақыт қажет болды.
Мәселен, «Ордабасы» клубымен болған екі ойынды салыстырып көрейікші. Осы екі матчтағы ойын өрнегіміздің айырмашылығы – жер мен көктей болмаса да, әжептәуір алшақ. Ұжымдық ойын үлгісі енді үйлесім тауып келеді. Қорғанысымыз берік, жартылай қорғаушыларымыз жоғары деңгейлі деп ойлаймын.
Рас, шабуылда барлық мүмкіндікті жүзеге асырып, көп гол соғып жүрген жоқпыз. Қапыда қалт жіберіп, мүлт кетіп жүрген сәттеріміз жоқ емес. Бапкерлер құрамы мұны меннен де артық біледі. Әрі, ойынның осы бір маңызды нүктесін дер кезінде, әсерлеп «қою» мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді.
Ал команда құрамын күшейту мәселесі – үнемі ойда жүретін жайт. Бұл бағытта да қол қусырып отырған жоқпыз. Қарекет жасап, берекетін күтіп отырмыз. Өз жігіттеріміздің саны арта түскенін де қалаймыз. Тек ойыншылардың аты-жөндерін атап, тіпті қай шептерімізді нығайтуға күш салып жатқанымызды да жайып салғым келмейді. Бәрін де алдағы уақытта білетін боласыздар.
– Уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рахмет. Сіздерге тек жеңіс тілейміз.
– Рахмет. Сол жеңісті күндерге жанкүйерлермен және сіздермен бірге куә болайық.
Нұрғазы Сасаев