kz

RU
EN
KZ
Дмитрий Шомко: «Астана» - өз алдына тек жоғары міндет жүктейді»
«Астана» футбол клубының және Қазақстан Ұлттық құрамасының қорғаушысы Дмитрий Шомко Sports.kz республикалық интернет-порталына арнайы сұхбат беріп, команданың Чемпионатқа және Чемпиондар Лигасына дайындығы туралы айтып берді:
05 там 2020

— Шынымды айтсам, біз чемпионаттың қашан басталатыны нақтыланбай жатқанынан шаршадық. Бірақ, жаттығу жұмыстарын жалғастырып, дайындалудан басқа амалымыз жоқ. Біз осыған дейін чемпионаттың қайта жалғасуына дайындалсақ, ал қазіргі жағдай Чемпиондар Лигасында бірден ойнауға тура әкеліп келіп тұр. 

— Осы жағдайларды ескеретін болсақ, «Астана» командасының еурокубоктердегі мүмкіндігін қалай бағалайсыз? 
— Қазір біздің мүмкіндігімізді бағалау әлі ерте. Иә, біз қиын жағдайға тап болып отырмыз. Себебі, ресми ойынды соңғы рет 4 ай бұрын өткіздік. Бірақ, бізде басқа жол жоқ. Біз еурокубоктерде тек қана өзіміз үшін ғана емес, ел намысы үшін алаңға шығатын боламыз. Сондықтан, жақсы нәтижеге жету үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтын боламыз. 

— УЕФА Чемпиондар Лигасы іріктеу кезеңінің жеребе тарту рәсіміне аз ғана уақыт қалды. Қарсылас ретінде қандай команданы көргіңіз келеді? 
— Бұл жағдайда қарсыласқа қарағанда, біздің ойын формамыз бен жағдайымыз маңыздырақ. Қалай болғанда да, бұл Чемпиондар Лигасы, мұнда оңай қарсыластар жоқ және кез-келген қателік үшін сізді бірден жазалайды.


— Соңғы уақытта «Астана» өз деңгейінде ойын көрсете алмайды деген ақпараттар легі жиілеп кетті. Сіздің ойыңызша, елорда командасы осы маусымда да өз алдына жүктелген жоғары міндеттерді шешуге қауқарлы ма? 
— Біз — «Астана», және біздің алдымызға тек жоғары міндеттер жүктеледі: чемпиондық және еурокубоктердің топтық кезеңі. Біз бұл міндеттерді барынша орындағымыз келеді. 

— Сіздердің басты бәсекелестеріңіз алматылық «Қайрат» Бразилия құрамасының бұрынғы ойыншысы Вагнер Лавпен өз қатарын  толықтырды. Бұл чемпиондық тартысты қыздыра түсуі мүмкін бе? 
— Вагнер Лав — сөзсіз өз есімін қалыптастырған ойыншы. Сіз атап өткендей, ол Бразилия құрамасының бұрыншы ойыншысы. Дегенмен, біздің құрамда да деңгейі жоғары футболшылар жинақталған. Біз алты жыл қатарынан чемпион атанып, бес жыл қатарынан еурокубоктердің топтық кезеңінде ойнау арқылы өз деңгейімізді жыл сайын дәлелдеп келеміз. 

— Вагнер туралы ақпаратты жалғастыратын болсақ: ол жақында «Астана» сияқты клубтың бар екенін білмейтінін айтып қалды. Бразилиялық футболшыға айтарыңыз бар ма? 
— Менің ойымша, бұл контекстен шығарылды немесе Вагнер соңғы бес жылда еуропалық футболға мүлдем қызығушылық танытпаған. Қалай болғанда да, біз үшін біреудің пікірі маңызды емес,-біз жұмыс істеуді жалғастырамыз және Чемпиондар Лигасының ойындарына дайын болып баруға тиіспіз. Біз ол жақта Қазақстан намысын қорғаймыз. 

— Жақында БАҚ Сізге ресейлік клубтар тарапынан қызығушылық барын жазған еді. Ресей Премьер-Лигасына ауысу жоспарыңызда бар ма? 
— Мен қазір — «Астана» футбол клубының ойыншысымын. Менің жақын уақыттағы барлық жоспарым елорда командасымен тікелей байланысты. Қалған сұрақтың барлығын менің агентімнен сұрасаңыз болады. 

— Қазақстан ұлттық құрамасы туралы сұрағым келіп тұр. Ұлттар Лигасы аясындағы беларустарға қарсы ойынға бір ай ғана уақыт қалды. Біздің құрама аталмыш ойындарға қаншалықты дайын? 
— Бұл өте қиын сұрақ. Құрама сапындағы ойыншылардың 90%-ы наурыз айынан бастап ойын тәжірибесінсіз қалып қойды. Дегенмен, Қазақстан чемпионаты жақын уақытта қайта жалғасып, біз қыркүйек айына дейін өз бабымызды тауып үлгереміз деп үміттенемін. Бірақ, кез-келген жағдайда, біз ту үшін, өз еліміз үшін күресуге шығамыз. Сондықтан, алаңда бар күшімізді беретін боламыз. 
 
«Астана» ФК бас серіктесі - «Самұрық-Қазына» АҚ».

Бас серіктес