«Астана» футбол клубының Бас директоры маусым басында команда тап болған жағдайдың себептерін тілге тиек етті:
- Әрине, клуб команданың жағдайына наразы, бірақ байбалам салуға әлі ерте. Клубтың алдағы уақытқа қойған міндеттері жоғары, жалпы команда жақын арада жағдайды түзететініне сенімдімін. Қазір команданың жанында шоғырлану, бірігу маңызды. Бас бапкердің жиі сынға қалатынын білеміз, бірақ шыны керек, қазақстандық жаттықтырушылардың ішінен тағы кім топтық кезеңді былай алғанда, еурокубоктарда кем дегенде үш раундтан өтті? Григорий Константинович – команданы еурокубоктардың топтық кезеңіне екі рет шығарған, екі рет бас бапкер ретінде Қазақстан чемпионы атанған жалғыз қазақстандық маман. Клуб басшылығы Бабаянға толықтай сенім артады және оның жаттықтырушылар құрамымен жағдайды түзететініне күмән келтірген емес.
- Сіздің ойыңызша, команданың маусым басындағы көңіл қуанбайтын нәтижелеріне не себеп болды?
- Астарында бірнеше себеп бар. Ең бастысы әрі өкініштісі, 2022-23 жылғы маусымдардан бастап әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан команда алдындағы қарыз. Бұл жағдай біз келген уақытта болмаса да, қазір басты міндетіміз – команда алдындағы қарыздарды жабу үшін қаражат табу. Тек аяқдопшылар ғана емес, жалпы кез келген адамға қатысты дүние – егер мойныңызда қарыз болса, негізгі тапсырмаға толығымен көңіл бөлу ауырға соғады. Біз ойыншылардың тек алаңда өнер көрсетуге толық назар аударуы үшін және қарыздар мен басқа да ұсақ-түйек мәселелерге алаңдамауы үшін бәрін жасауымыз керек.
Екіншіден, «Астана Аренаның» жөндеу жұмыстарына байланысты жабылып қалуы. Бұл клуб тарихындағы алғашқы жағдай, жалпы жоғары міндеттер үшін күресіп жатқан басқа клубтар үшін де қиын екені рас, «Астана» барлық ойынды сырт алаңда және өз жанкүйерлерінсіз өткізуге мәжбүр. Ауыр жағдай, кез келген чемпионатты көріңіз, статистика бойынша турнир кестесінде алдыңғы қатарларда жайғасқан клубтар ұпайдың 60-70 пайызын өз стадионында жинайды. Біз болсақ өз жанкүйерлеріміздің алдында, өз стадионымызда ойнайтын мүмкіндіктен айырылып отырмыз, оқырман келіседі деген ойдамын, өз алаңында өнер көрсету рухты жана түсетіні сөзсіз.
Үшінші әрі маңызды себеп – бізді кем дегенде бес ұпайдан айырған төрешілердің қателігі. Егер осы ұпайларды қосатын болсақ, біз турнир кестесінде көш бастап тұрар едік және бұл мәселелерді талқылау қажеттілігі туындамас еді.
Біз осы жағдайды түзейтін және биылғы маусымда команданың алға қойған барлық міндетін орындайтын жаттықтырушылар штабына бір сәт те күмән келтірген емеспіз!