«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян Қазақстан Суперкубогы үшін «Ордабасымен» өтетін ойын қарсаңында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
— Футболсүйер қауымды жаңа маусымның басталуымен құттықтап, еуропалық форматтағы баспасөз мәслихатын ұйымдастырғаны үшін лигаға алғыс айтамын. Сенбі күні «Астана Арена» стадионы лық толып, әдемі ойын өткізіп, «Астаналық» жанкүйерлер риза болады деген сенімдемін. Матчтың өзіне тоқталсақ, мен қазір баға бере алмаймын. Өйткені бұл біздің биылғы алғашқы ресми ойынымыз. Команданың қандай күйде екенін айту қиын, бірақ бір нәрсені нақты айта аламын, функционалдық дайындық бойынша біз 80-85% дайынбыз және алдағы 3-4 ойын бізге дұрыс бағытта дайындалуға жақсы мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, оқу-жаттығу жиынында «Ордабасының» бір ойынын тамашалап, команданың ойыны мен күшейгенінен өте жағымды әсер алғаным бар. Алдағы кездесуде біздің мүмкіндігіміз 50/50 дегім келеді.