– Біріншіден, «өзімнің» клубыма оралғаныма қуанышты екенімді айтқым келеді. Әрине, жұмысты осылай бастағым келмеді. Белгілі себептерге байланысты мен бүгінгі ойында ештеңені өзгерте алмадым. Кешегі күні алғашқы жаттығуымды өткізгенімді бәрі жақсы біледі. Негізгі құрамда өзгеріс болған жоқ. Сондай-ақ, қосалқы құраммен келген ойыншылармен де тәуекел ете алмадық, өйткені барлық ойыншылардың дайындық жағдайы көңілден шықпады. Оның үстіне ойыншылардың көбін танымаймын.
Ойынға келетін болсақ, «Тобыл» бізден гөрі жинақы ойнады. Бірінші таймда бізде ең алдымен ойынға қалыптасуда, қорғаныс құруда, ауысу кезеңдерінде көп қиындықтар болды. Екінші тайм жақсы басталды, бірақ сол мүмкіндіктерді іске асыра алмадық. Жақсы тәсілдер жасалды, бірақ салқынқандылық таныта алмадық. Пенальтиді пайдамызға асыра алмадық деп айтпаймын. Ойында бәрі болады, лотерея сияқты ғой. Команданың бүгінгі реакциясы: осындай матчтарда мұндай реакция жарамайды. Мен жігіттерге маңызды ойындарда басқаша ойнау керектігін айттым. Бұл дегеніміз тынымсыз жұмыс істеу. Алдымызда ауыр жүк тұр, соңы қиындау болады. Біз чемпиондық үшін күрескіміз келсе, бұдан былай қателесе алмайтынымызды түсінеміз. Жылы қарсы алған жанкүйерлерге алғыс білдіріп, «Тобылды» жеңісімен құттықтағым келеді!
– Исламбек Қуатты құрамаға қайтару ойыңызда бар ма?
– Бір күнде бәрін өзгерту мүмкін емес. Кеше сергітетін жаттығу болды, бірақ тактикалық тұрғыдан ешқандай өзгеріс болған жоқ. Бұл бірінші жаттығу, мен футболшылармен таныстым, өйткені мен көбін танығанмен, бірге жұмыс жасамадым. Құрамды жасақтау жұмысына келсек, бұл туралы әлі сөйлеспедік. Кеше өте көп ақпарат алдым, қаншама нәрселер болды, Қуат қазір қандай күйде екенін де білмеймін. Мен оны неге жастар құрамасына ауыстырғанынан да хабарсызбын. Бұл тақырыпты кейінірек талқылайтын боламыз, әзірге нақты жауап бере алмаймын.
– Заруцкий ұлттық құрамаға шақыртуға лайық па?
– Мен ол жағына жауап бермеймін. Ойыннан кейін жігіттерге Қазақстан футболының тарихында өз есімдерін алтын әріптермен жазуына шын жүректен тілектес екенімді айттым. Біз ұлттық құраманы қолдаймыз. Ал шақыртуға қатысты сұрақтарды маған жолдау дұрыс емес. Құраманың өз жаттықтырушысы бар.
– Кусяпов-Габышев тандемі бұрынғы бапкердің ойын тәжірибесіне байланысты ойнай ма, әлде нақты құрамды қайта жасақтайсыз ба?
– Әрине, құрам жаңадан жасақталады. Бүгін дайындығы, денсаулық жағдайы жақсы ойыншылар алаңға шықты. Кейбір футболшылардың бұлшық еттерінде ауырсыну бар. Менің ештеңе өзгертуге мүмкіндігім болмады, себебі ойыншылардың жағдайын өз көзіммен көрдім. Кімнің дайындығы жақсы болды, солар бүгін ойнады.
– Бұған дейін «Астананың» ойынын тамашаладыңыз ба?
– Әрине.
– Сізге «Астанадан» кім хабарласты және келісім-шарт мерзімі қай уақытқа дейін жарамды?
– Маған клубтың бас директоры хабарласты. Жұмыс мерзіміне келсек, басты міндетіміз болып әрі бірінші кезекте ел чемпионаты тұр, басқа тапсырмалар болуы мүмкін емес. Сондықтан мен қазір жұмыс мерзіміне қатысты ештеңе де айтқым келмейді. Мен дәл қазір командаға көмектесуге бар күшімді жұмсаймын. Нәтиже бола ма, жоқ па – бұл басқа мәселе. Елордалық клубтың бірінші орынға таласуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.
– Қақпашылар бапкері қызметі кімге бұйырады?
– Маған дейін клубта жұмыс істеген бапкер бар. Әзірге бұл жағынан ешқандай қиындық көріп тұрған жоқпын.
– Сізді өткен турда «Тобыл» мен «Атырау» кездесуінде байқадық. Сол кезде «Астанаға» шақыратыны жайында әңгіме болған жоқ па?
– Мені сол кездесуде көрдік деп кім айтты?
– Желіде тараған суреттерден көрдік.
– Желіде қаншама сурет тарағанын білесіз бе? Бұл Чемпиондар лигасы аясындағы «Ференцварошқа» қарсы матч кезіндегі ескі сурет. Мен тек команданы қолдау үшін арнайы шақырумен бардым. Бос әңгімелерге сенудің қажеті жоқ.
– Клуб басшылығы маусым алдында бапкерліктен бас тартқаныңызды айтты. Осы жолы ұсынысты қабылдауға не себеп?
– Жыл басында нақты ұсыныс болған жоқ. Жай маған қоңырау шалып, пікірімді сұрады. Мен клубты қалай құру керектігі жайында өз ойымды айттым. Бары осы.
– Сіз ЦСКА-да жұмыс істегеннен кейін Стоилов кезіндегі футболдан басқаша екенін байқадыңыз ба?
– Стоиловтың, менің және ЦСКА ойынын қалай байланыстыра аласыз? Әркімнің өз стилі бар. Не деп тұрғаныңызды түсінбедім.
– «Тобыл» құрамында осы уақытта ойнап жүрген футболшылардың кейбірін ЦСКА-ға шақырдыңыз. Оларды «Астанаға» алу ойда бар ма?
– Осы маусымды аяқтап алайық, сосын келер жылдың қамын ойластыра жатармыз. Біздің трансферлік кезең аяқталып қалды. Ешкімді клубқа ала алмаймыз. Бар ойыншыларды қолданып, ең басты міндеттерді орындауымыз керек. Басқа жол жоқ.
– ЦСКА-дан кеткеннен кейін бапкерлік мансабыңызды шетелде жалғастыру жайында ой болды ма?
– Жоспарда болды. Мен келіссөздер жүргізіп жаттым. Бір еуропалық клубпен өзара келісімге келдік. «Астанаға» шақырғаннан кейін бұл сұрақты уақытша тоқтата тұрдым.
– Құпия болмаса, қай елдің клубы еді?
– Ол жағы құпия боп қалсын.
«Астана» ФК бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ
«Астана» ФК серіктесі – «Туризм және спортты қолдау қоры» КҚ