kz

RU
EN
KZ
Владимир Глевич: «Жігіттерге маусымда жақсы өнер көрсеткені үшін алғыс айтамын»
18 қар 2021

«Астана» футбол клубының 2003-2004 жылғы жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Қазақстан чемпионатындағы маусымды қорытындылап, алтын медаль алған сәттегі әсерімен бөлісті.  

– Владимир Виниаминович, чемпионаттың алтын медалімен, яғни бас жүлдесімен құттықтаймыз. Осы жыл ішінде команданың өнер көрсетуін қалай бағалайсыз? Маусымдағы есте қалатын сәттер қандай?  

– Құттықтауларыңызға рахмет! Әрине, араға 2 жыл салып, чемпиондық дәрежеге қайта көтерілуіміз біз үшін үлкен қуаныш! 

Есте қалған ерекше ойын – жағдайларға байланысты «Қайратпен» чемпиондық атақ таласқа түскен, маусымның ең басты кездесуін өткізуіміз. Біз үшін маусымдағы ең маңызды жеңіс осы. Негізі, жақсы ойындар маусымда көп болды. Мысалы «Оңтүстікпен» кездесу жоғары деңгейде өтті. Одан бөлек тереземіз тең түскен 2 тартысты ойын өткіздік. 

«Тобылға» қарсы ойынды есепке алмағанда, жігіттер чемпионат бойы жақсы ойнады. Чемпион екенін біліп тұрған футболшыларды маусым соңына қарай алаңға жігерін жанып шығару қиын екенін білдік. Кәсіби футболшылар болған күннің өзінде де бұл өте қиын шаруа, ал бұл жерде балалар ғой. Көңілге қаяу түскенімен, бәрібір чемпионбыз деп өзімізді жұбатамыз. 

Таласқа толы маусымда жақсы ойын көрсеткен командаға алғыс айтамын. Бала кезден тәрбиелеп, осындай деңгейге жеткізген бапкерлер құрамына да алғысым шексіз. Бұл тек Владимир Владимирович екеуміздің ғана емес, ұжымның бірлескен еңбегінің жемісі. Бізге қолдау көрсетіп, бастамаларымызға оң шырай танытқан футбол орталығының басшылығына рахмет айтамын. Басшымыз түсіністік танытып, Қостанайға толық құраммен баруға рұқсат етті. Бұл командалық рухты көтерудің төте жолы. Бізге қолдау көрсеткен, сенім артқан барша жанға, ата-аналар қауымына да алғыс білдіремін.

 

– «Астана» Жастар чемпиондар лигасына жолдама алды. Команданың бас бапкері ретінде қандай сезімде болдыңыз?

– УЕФА Жастар лигасына өту үшін аянбай тер төгіп, өзге елдермен деңгей салыстырып, шетел асып, футбол ойнау мүмкіндігін алғанымызға қуаныштымыз. Енді турнирдің жоғары сатысынан көріну үшін жақсы өнер көрсетіп, барымызды саламыз. Келер жылы жанкүйерлеріміз бен тілектес жандарды барынша жиірек қуантуға тырысып, турнир сатысында жақсы орынға жайғасу үшін тер төгетініміз айқын.   

 

– Жастар чемпиондар лигасы – деңгейі жоғары турнир. Клуб тәрбиеленушілері үшін халықаралық ойын тәжірибесі қаншалықты маңызды?  

– Балалардың жігерін жанып, деңгейін арттырып, әрі қарай дамуы үшін халықаралық ойын тәжірибесі өте маңызды. Сол себепті басшылыққа өзімізде де халықаралық турнир өткізейік деген ұсыныс жасадық. Тек ел ішінде ойнап жүргесін, басқа елдермен салыстырмалы түрде қандай деңгейде екенімізді біле алмаймыз. Бізді халықаралық турнирлерге жіберіп тұрса, тіпті жақсы болар еді. Бұл клубтың, команданың имиджін көтереді, жігіттердің кемшін тұстарын саралап, керегін алып, тәжірибе алмасып, деңгейін арттырар еді. Тек футболшылар емес, бапкердер үшін де бұл үлкен тәжірибе болары сөзсіз.

 

Клубтың бас серіктесі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ

Бас серіктес