kz

RU
EN
KZ
Жереми Манзорро «Қайратқа» қарсы ойын жайында
15 мам 2022

«Астаналық» хавбек Жереми Манзорро «Қайратпен» өткен ойынды қорытындылап, Sports.ru Қазақстан журналисіне сұхбат берді.

- Жереми, ойын жайында не айтасың? Ел классикасын сырт көзбен қарағанда, «Астана» үшін «Қайратты» ұту оңай болғандай көрінді.

- Үлкен есеппен ұтқанымызға қарамастан, ойын оңай болған жоқ. Біздің дайындығымыз жақсы болды және жоспарға сай әрекет еттік. «Қайрат» футболшыларының қалай ойнайтынын, олардың әлсіз тұстарын өз пайдамызға жарату керектігін білдік. Команда барын салып ойнады, сол себепті осындай есеппен жеңіске жету мүмкін болды. Алғашқы үш голды соғу қиынырақ болды, сосын ойын толық ашылып, біз сенімді қимылдау арқылы қарсыласымызды ойсырата жеңдік.

- «Қайратпен» ойын кезінде таңданарлық сәттер болды ма?

- Жоқ, «Қайратпен» кездесу барысында бізді таңғалдырар сәттер болмады. Олардың сапында жеке-жеке алғанда деңгейі жоғары ойыншылар барын білдік, бірақ бұл бізді ұтуға жеткіліксіз еді.

- Келесі кездесу турнир кестесінде көш бастап тұрған командалардың бірі – «Атырауға» қарсы өтеді. Бұл ойыннан не күтесіз?

- Қиын ойын болатыны белгілі, бірақ біз халықаралық үзіліске чемпионат көшбасшысы ретінде кету үшін жеңіске жетуіміз керек. Атыраудағы алаңның жағдайы өте нашар – бұл нәтижеге тікелей әсер ететін фактор, сондықтан да таласқа толы ойын болатыны анық. «Қайратпен» өткен ойынның нәтижесін ұмытып, осы кездесуге деген дайындықты күшейтеміз.

- Бір ай бұрынғы сұхбатта өзің де, команда да Благоевичтің ойын принциптерін енді түсіне бастағанын айтқан болатынсың. Қазіргі жағдай қалай?

- Бұған дейінгі ойын тәжірибесінен ауытқып, «Астана» құрамында басқа позицияда ойнаймын. Басында оңай болмады, алаңдағы менің рөлім жайында бапкермен көп әңгімелестік. Алаңда қолымнан келгенді ортаға саламын. Соңғы ойындарға қарасақ, менің ойыным жақсы деуге болады.

Бас серіктес