– «Қызылжармен» өтетін матчтар біз үшін әрдайым қиын өтеді, бұл ойын да ерекшелік болған жоқ. Дегенмен, бірінші таймда жаман ойнаған жоқпыз деп ойлаймын. Әрине, құрамдағы белгілі бір шығындарға байланысты өз тактикамыздан сәл ауытқуға тура келді. Сондықтан ойын мәнері де, алаңдағы орналасу мен схема да өзгерді. Бірінші таймда мүмкіндіктер жеткілікті болды. Үзілістен кейін алаңға шыға сала қарсы шабуыл өткізіп алып, гол жібердік. Бірақ тез жауап қайтарғанымыз жақсы болды. Бір қызығы, голдарды тек қапталдағы қорғаушылар соғып жүр – Ян мен Карло. Ең бастысы – жеңіске жеттік.
Соңғы 30 минут өте ауыр өтті. Бірақ біз бұған дайындалдық. Қорғаныста жинақы ойнап, мінез көрсету маңызды болды. Күреске толы матч болды. Қарсылас ұзын пастар арқылы қысым жасап, стандарттық жағдайлар ұйымдастырды. Құдайға шүкір, бәріне төтеп бердік. Жігіттер – молодцы.
Матчтарға дайындалу біз үшін оңай емес. Өйткені кәсіби тұрғыда бәрі толық жолға қойылған деп айта алмаймын. Біз ойын алдында бір күн бұрын базаға жиналмаймыз. Футболшылардың немен айналысып жүргенін білмейміз: бірі балаларымен, бірі басқа шаруамен жүруі мүмкін. Бұрын қалай еді – команда базаға келіп, кешкі ас ішеді, массаж алады, таңертең теория өтеді, ойынға толық дайындық жүреді. Қазір ойынға екі сағат қалғанда ғана жиналамыз. Бұл да өз әсерін қалдырады. Бірақ әзірге басқа мүмкіндік жоқ. Ең бастысы – бүгін жеңдік. Оның үстіне қатты жаңбыр да болды, ойнау оңай болған жоқ. Жанкүйерлерге де қолдауы үшін алғыс айтамын. Олар матч бойы бізді қолдап отырды.
– Соңғы уақытта «Астанада» инвестор мәселесі шешіліп жатыр деген ақпараттар шығып жатыр. Осыған байланысты қандай да бір жаңалық бар ма?
– Шынымды айтсам, бәрі реттеліп жатыр деп айта алмаймын. Бұған дейін де айттым – көп дүниені біз де баспасөзден оқып білеміз. Әзірге оны өзіміз сезініп отырған жоқпыз. Қандай мәселелеріміз болса, сол күйі қалып отыр. Ойын алдында жігіттерге: «Шынын айтқанда, сендерге бүгін медаль беріп, маусымды аяқтау керек шығар. Осынша қиындыққа қарамастан мотивация тауып, алаңға шығып ойнап жүрсіңдер», – дедім.
Дегенмен, жақын уақытта демеушілер келеді деп үміттенеміз. Мемлекет басшысының өзі тапсырма берді. Соның нәтижесінде Шымкентке қандай құрылтайшылар мен демеушілер келгенін көріп отырсыздар. Қазір «Ақтөбе», Қызылорда, сол сияқты «Қызылжар» да дамып жатыр.
Әзірге біз секілді санаулы ғана командалар қалдық. Сондықтан бұл мәселе жақын арада шешіледі деп үміттенеміз. Өйткені мұндай жағдайда жұмыс істеу өте қиын. Қазір нақты жаңалық жоқ, бірақ бәрі тезірек реттеледі деп сенеміз.
– Мақсат Абраев Қазақстан құрамасының кеңейтілген тізіміне енді. Бұл оған қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Бізден жеті футболшы кеңейтілген тізімге шақырылды. Оның ішінде Мақсат та, Басманов та, ұзақ уақыттан кейін Исламхан да бар. Бұл оған қалай әсер ететінін нақты айта алмаймын. Ол бұрын U-19 құрамасында ойнады. Жастар құрамасына шақырылмауының себебі – сол кезде оны U-19 құрамасына көбірек пайдасын тигізеді деп санаған шығар.
Ал қазір алда жолдастық матчтар бар. Меніңше, ол бұл шақыртуға лайық болды. Жастар құрамасын аттап өткені де қорқынышты емес, оның әлі уақыты бар. Ең бастысы – мен оған да айттым – осы қарқыннан таймауы керек. Потенциалы өте жоғары. Қазір баспасөз де, өзі де оны «бұзып» алмауы керек. Өйткені бізде ондай таланттар көп емес. Бірақ ол өзін «жұлдыз» сезініп кетпеуі керек. Ең маңыздысы – еңбектену.