– Біз бұл ойында бірінші таймда жеңілдік, себебі сол кезде өз мүмкіндіктерімізді жүзеге асыра алмадық. Ең алдымен, бүгінгі жеңіліс үшін жанкүйерлерімізден кешірім сұрағым келеді. Бұл – дерби, мұнда көп пікір айтудың қажеті жоқ.
– Матчтың 75-минутында есеп 2:2 болып тұрған кезде сіз Усман Камараның орнына Абзал Бейсебековты алаңға шығардыңыз. Бұл не үшін жасалды? Есепті сақтап қалу үшін бе? Сізде әлі де алмастыру мүмкіндігі болды, мысалы, шабуылды күшейту үшін жас әрі тың Басмановты шығаруға болар еді?
– Орталық алаңда белгілі бір мәселелер пайда болды, сондықтан Абзалды шығардық.
– Бірінші таймда біз шешіп тастай алатын мүмкіндіктер болды. Камара мен Чинеду да бірнеше сәтті пайдалана алмады. Осындай нашар нәтижеліліктің алдын алу үшін қандай да бір шаралар қолданасыз ба? Мысалы, біреуді скамейкаға отырғызып, басқа ойыншыға мүмкіндік беру?
– Сізбен келісемін. Мысалы, Камара қақпашыны және жарты команда ойыншысын айналып өтті, бірақ соңында гол соға алмады. Иә, бізде қазір айыппұл салу секілді тетіктер жоқ. Бұрын тәртіппен айыппұл салатынбыз. Қазір сыйақылар да төленіп жатқан жоқ, сондықтан басқару қиын. Мотивация беріп, жігіттерге: «Бұл – дерби, алаңға шығып, бар күштеріңді салыңдар» деп айтасың. Бірінші тайм жақсы өтті, бірақ екінші тайм – жоқ. Әрине, бәріне мүмкіндік берілуі керек. Өз жұмысын атқару, жанкештілік бойынша сұрақтар жоқ, жігіттер қолдан келгенше күресті. Бірақ 30-минутқа дейін бұл ойынды аяқтап тастауға болар еді – бұл шындық.
– Былтыр да «Астана» «Жеңіс» командасынан ұпай жоғалтты. Сол матчта Чондрич қателесіп, гол өткізіп алған еді. Биыл да осындай жағдай қайталанды – Сейсен екінші голда қателік жіберді. Бұл психология ма?
– Жоқ, біз өткенмен байланыстырмаймыз. Әркім қателесе алады. Мен Сейсенді бұл қателік үшін айыптағым келмейді. Кәдімгі қарапайым жағдай еді, бірақ ол қателесті. Бірақ ол бізді талай матчта құтқарған. Қазір бастысы – жұмысымызға назар аудару. Бүкіл жағынан теріс пікір көп болатынын түсінемін. Біз бар күшімізді салып, келесі ойынды жеңуге тиіспіз. Бұл психологиялық тұрғыда өте маңызды. Сол кезде чемпиондық жолындағы күрес жалғасады. Ең басты міндет – жігіттерді дұрыс бағытта дайындау және осы негативтен алыстату.
– Биыл «Жеңіспен» үш рет ойнадыңыздар және үшеуі де өте қиын матч болды. Сырт көзге «Жеңіс» ойыншылары дербиге отпен шығады, ал «Астана» ойыншылары үшін бұл тек кезекті матч секілді. Дерби – екі команданың шынайы күресі, бұл тек қарапайым ойын емес екенін сезбейтін сияқты?
– Білесіз бе, менің ойымша, бірінші таймда біз өте жақсы көңіл-күймен шықтық. Тағы да қайталаймын: бірінші тайм толықтай ұнады. Мен ойыншылар дербиді бағаламады немесе мотивация болмады деп айтпаймын. Ондай мәселе болған жоқ.
– Алда 6 «финал» қалды. Команда чемпиондық үшін күресті жалғастырып жатыр. Бірақ қарасақ, қалған матчтардың күнтізбесі өте ауыр – тек мықты қарсыластар. Қазіргі құрам бұл қиындықтарды, еурокубоктар мен дербиден кейінгі сәтсіздіктерді жеңіп шыға ала ма?
– Әрине, алда 6 маңызды ойын бар. Жігіттермен де осыны талқыладық. Бұл – футбол, тез қайта бейімделе білу керек. Бұл ойынды біз ұтылып қойдық. Енді «Қайсарға» дайындалуымыз керек, себебі бәрі әлі де өз қолымызда. Келесі матч – біз үшін басты назарда, содан кейін ұлттық құрама үшін үзіліс болады. Содан соң финалдық кезеңге дайындаламыз.
– Команда тек алғашқы 20 минутта жақсы ойнады. Ал «Жеңіс» барлық матч бойы ойнап, күресті. Бұл не себептен? Ойыншылардың ішкі мотивациясы төмендеді ме әлде басқа себеп бар ма?
– Бірінші тайм туралы айтып өттім, ол маған ұнады. Біз сол кезеңде ойнадық, мүмкіндіктер жасадық. Қорғаныста кейбір қателіктер болды, «Жеңіс» қарсы шабуылмен бірнеше рет қауіпті сәттер ұйымдастырды, олар жаман команда емес. Бұл дерби, бәрі үлкен мотивациямен шығады. Бірақ екінші таймда шынымен мәселелер болды. Кей ойыншылар ұзақ уақыт бойы ойнамаған – бұл да әсер етті. Мысалы, Башич кейін қосылды, физикалық тұрғыдан қиындық көрді. Нурали де ұзақ үзілістен кейін қатарынан екінші ойында ойнады, ол да 60 минутқа ғана дайын екенін айтты. Томасов та матчты өткізіп алды. Сондықтан 2-3 ойыншы қатардан шықса, физикалық және тактикалық тұрғыда қиындықтар болады. Біз ойын сызбасын өзгертуге тырыстық, бірақ, өкінішке қарай, нәтиже болмады.
«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ
«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ