kz

RU
KZ
Бабаян «Елімаймен» өткен ойын жайында
«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян «Елімаймен» өткен ойын нәтижесі жайында айтты.
16:03, 15 қыр 2025

– Бастапқыда әдемі үш гол соқтық, жанкүйерлер үшін жақсы атмосфера болды. Мүмкіндіктер жасалды, ал қорғаныста әлсіз болдық. Соңына қарай гол жібермегенімізге «қуанып» отырмыз. Бас-көзсіз алға ұмтылдық. Қорғаныс шебі түгелімен қалай ойнағанын көрдіңіздер – бұлай ойнауға болмайды.

Жанкүйерлерге мың алғыс, бүгінгі атмосфера керемет болды. Сондай-ақ керек емес жерде алған қағаздар бар, әсіресе соңғы минуттағы қызыл қағаз – эмоцияның нәтижесінен болды. Футболшылармен сөйлесеміз. Қазір мәре сызығына жақындап қалдық, әр ойыншы біз үшін маңызды. Сонымен қатар Алекса төртінші сары қағазын алды, келесі ойынға қатыспайды. Мәселелер бар, бірақ бұл ақталуға жатпайды. Өкінішке қарай, екі ұпай жоғалттық. Жігіттерге айтқанмын, ұлттық құраманың ойындары аяқталды, енді чемпионатқа көңіл бөлу керек.

– Бірден екі ойыншыңыз жазаланып, алдағы сырт алаңдағы «Тобылға» қарсы матчта ойнай алмайды. Ал «Тобыл» шабуылдарының 50 пайызын Ислам Чесноков ойнайтын оң қанат арқылы ұйымдастырады. Команда қорғаныстағы қиындықтарға қарамастан ойнай ма және жалпы чемпионатты қалай аяқтайды деп ойлайсыз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Біз Қостанайда табиғи алаңда ойнайтынымызды білеміз, ол алаңның сапасы аса жоғары емес, сондықтан комбинациялық футбол көрсету қиын болады. Иә, біз Кипрасты жоғалттық, қазір Ян Вороговский жарақат алуына байланысты ойыннан тыс қалды, Алекса Аманович те сары қағаздарының көптігінен ойынды өткізбейді. Мәселелер бар, бірақ «Тобылмен» ойын жайлы әлі ойлаған жоқпыз. Әрине, бәрін талдау керек болады, бұл – маңызды матч. Қорғаныста бұлай ойнауға болмайды. «Тобылдың» шабуылдағы шеберлігі жеткілікті. Оларға осынша бос кеңістік берсек, біз де дәл осындай қиындықтарға тап боламыз.

– Марат Быстровтың алаңға шыққанын қалай бағалайсыз? Футболшы сапалы, бірақ оның ойын тәжірибесі аз болды.
– Марат – бүгін қорғанысқа қатысты еш айтарым жоқ жалғыз футболшы. Оған берілген уақыт ішінде өте керемет ойнады.

– «Астана» әлі де турнир кестесінің көшбасшылары қатарында деп ойлайсыз ба?
– Әрине, ойлаймыз. Бүгін ұпай жоғалттық, бәрінің көңіл-күйі жоқ, ашық айтқанда. Бірақ алда әлі 4 матч бар. Қазір жиналуымыз керек. Ойын алдында балаларға айтқанмын, құрама бітті, енді толық шоғырлануымыз қажет. Барлық қарсылас бізге дайындалады, алда бәсекелестермен ауыр матчтар бар. Сондықтан бізде жоғалтар ештеңе жоқ, жұмыс істеп, келесі ойында үш ұпай алу үшін бар күшімізді салуымыз керек.

 

«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ
«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ

Бас серіктес