kz

RU
KZ
Бабаян – ОЖЖ жайлы
Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында «Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян клубтың қазіргі жағдайы, селекциялық саясат және алдағы жоспарлар туралы айтып берді.
16:00, 13 қаң 2026

— Григорий Константинович, Астанада оқу-жаттығу жиындары басталды. Олар қай күнге дейін өтеді және бұл жағдайды клуб тарапынан мәжбүрлі қадам деп айтуға бола ма?

— Иә, қаржылық қиындықтарға байланысты біз желтоқсан айына жоспарланған оқу-жаттығу жиынын, сондай-ақ қаңтардағы шетелдік дайындық кезеңін өткізбеуге мәжбүр болдық. Бастапқыда жоспарымыз мүлде басқа еді, алайда қазіргі жағдайда бұл — мәжбүрлі шешім. Сол себепті оқу-жаттығу жиынын Астанада өткізіп отырмыз. Команданың дайындығы 10 қаңтар мен 28 қаңтар аралығында өтеді.

— Командадан негізгі легионерлердің едәуір бөлігі кетті. Олардың орнын кімдер басады және жалпы селекциялық бағыт қандай болады?

— Қаржылық қиындықтарға байланысты, өкінішке қарай, бірқатар футболшыны құрамда сақтап қала алмадық — олар клубтан кетті. Дегенмен бізде қолданыстағы келісімшарттары бар ойыншылар тобы бар, олардың қатарында легионерлер де, қазақстандық футболшылар да бар. Негізгі басымдықты дәл осы ойыншыларға береміз.

Сонымен қатар соңғы екі маусым бойы негізгі командамен бірге жұмыс істеп келе жатқан жас ойыншылар тобы бар, қазір де олар бізбен бірге дайындық жүргізіп жатыр. Бұл футболшылар да негізгі құрамға тартылып, өздерін көрсетуге міндетті түрде мүмкіндік алады.

Құрамды күшейту мәселесіне келсек, қазіргі таңда біз ішкі нарықта белсенді жұмыс істеп жатырмыз және команданы екі-үш қазақстандық футболшымен күшейту мүмкіндігін қарастырудамыз. Ал легионерлерге қатысты мәселе қазір өзекті емес.

— «Астана» Әлібек Қасыммен келісімшартқа жақын деген ақпарат рас па?

— Иә, бұл рас — біз Әлібек Қасыммен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз бұл футболшыны ұзақ уақыттан бері бақылап келеміз, ол біздің қызығушылық аямызға кіреді және өз позициясындағы ойыншыларға қоятын талаптарымызға толық сәйкес келеді.

— Жалға беруден кейін Арман Кенесов пен Эльхан Астанов командаға оралды. Олар өз мүмкіндігін ала ма, әлде қайтадан жалға жіберілуі мүмкін бе?

— Астанов «Астанада» нақты қалады және өз мүмкіндігін алады. Ал Кенесовке қатысты түпкілікті шешім Астанадағы оқу-жаттығу жиыны барысында, оның физикалық жағдайы мен жұмыс барысындағы көрсеткіштеріне қарай қабылданады.

— Грипшиға шетелдік клубтардың қызығушылығы туралы түрлі ақпараттар бар. Клуб оны сатуы мүмкін бе?

— Қазіргі таңда Назми Грипши — «Астананың» футболшысы және командада қалады. Дегенмен, егер клуб үшін тиімді ұсыныс түсетін болса, ол, әрине, қарастырылады. Бұл тек Грипшиге ғана емес, «Астанамен» қолданыстағы келісімшарты бар кез келген футболшыға қатысты.

— Жалпы алғанда, объективті түрде қарасақ, қазіргі маусымаралық кезең «Астана» үшін ең ауыр кезеңдердің бірі әрі белгілі бір қайта жаңғыруды талап ететін уақыт деп айтуға бола ма?

— Қазіргі маусымаралық кезеңді шынымен де соңғы жылдардағы «Астана» үшін ең күрделі кезеңдердің бірі деп атауға болады. Командадан көптеген футболшы кетті, осы тұрғыдан алғанда клуб белгілі бір қайта жүктеу кезеңінен өтіп жатыр.

Сонымен қатар мұндай кезеңдер кез келген клубтың өмірінде болады. Қазіргі біздің басты міндетіміз — қолда бар ресурстарды барынша тиімді пайдалану, қолданыстағы келісімшарттары бар ойыншылар негізінде команда құру және болашақ даму үшін мықты іргетас қалау. Бұл — оңай үдеріс емес, алайда қазіргі жағдайда аса қажет қадам.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Қуантаевич Мырзабосыновқа, сондай-ақ Sport Qory қорының басшысы Ерлан Қасқарбекұлы Ауғанбаевқа клубқа көрсеткен қолдауы мен осы күрделі кезеңдегі назарлары үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді.

«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ
«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ

Бас серіктес