kz

RU
EN
KZ
Бауыржан Ахаев: «Тек алға ұмтылуымыз керек»
«Астаналық» жастар құрамасының ойыншысы Бауыржан Ахаев 2022 жылғы маусымды қорытындылады.
29 қар 2022

– Бауыржан, Бірінші лигаға өтіп, тіс қаққан командалармен ойнаған осы маусымға қандай баға бересіз?

– Біз үшін маусым оңай болды деп айта алмаймын. Таласқа толы кездесулер өткіздік. Бір кезде ойынға лайықты деңгейде зейін қоймадық, ал бірде жолымыз болмады дегендей. Футболдың ерекшелігі де осы, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бастысы, әр кездесу сайын тәжірибенің артып, деңгейдің өсе түсетінін естен шығармау керек. Жастар құрамасы ретінде, біз үшін ең маңыздысы – үлкен тәжірибе алдық.  

– Әр команданың өз стилі, ойын тактикасы бар екенін ескерсек, биылғы маусымда есте қалар ерекше сәттер болды ма?

– Не десек те, әр кездесу есте қалады, мейлі жеңіс болсын, мейлі жеңіліс. Бірақ сәтсіздіктің өзін тәжірибе деп алып, тек өсуіміз керек, алға ұмтылуымыз керек. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған команда ретінде ұтқан сәттер мен ұтылған сәттерді бірге көтердік. Есте қалары да осы – бір-біріне дос болған, қамқор болған ұжым.

– Турнир кестесінде қай орында жайғасқанын көзі қарақты оқырман біз айтпай-ақ та біледі. Осы орайда, команданың жалпы нәтижесіне көңілің тола ма?

– Маусым барысында бәрін көрдік, соның ішінде ең маңыздысы – команданың шеберлігі күн санап, ойыннан ойынға қарай жақсарып жатқандығы. Өткен маусымдағы ауыз толтырып айтар жайт та осы, команданың қол жеткізген ең үздік жетістігі де осы. Үйде өткен әр ойында қолдау көрсеткен жанкүйерлерге де алғыс айтқым келеді. Олардың қолдауы арқасында шабыттана түсетініміз рас.

– Биылғы маусым тәжірибе жинаған кез болса, келесі маусымға деген жоспар қандай?

– Жоспар көп. Ерінбей жұмыс істеп, негізгі құрамға өтуге бар күш-жігерімді арнаймын. Мүмкіндікті қалт жібермей, бір деңгейде қалмай, тек алға ұмтылуым керек. Шеберлікті арттырып, талмай жаттығып, жарқын болашаққа қадам жасауым керек.

«Астана» ФК Бас серіктесі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ
«Астана» ФК серіктесі – «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ

Бас серіктес