kz

RU
KZ
Григорий Бабаян – «Тобылмен» болған матч туралы
«Астана» футбол клубының бас бапкері Григорий Бабаян «Тобылға» қарсы матчтың қорытындысын түйіндеді.
10 мам 2025

– Өте нашар бірінші тайм болды. Команданың мүлде шаршағаны, қуатсыз болғаны көрініп тұрды. Мұның себебін түсінеміз. Ең алдымен, жанкүйерлерден осындай нәтиже үшін кешірім сұрағым келеді. Бұл — үйдегі матч, бізді қолдауға келгендер болды — сондықтан өз атымнан және бүкіл бапкерлік штаб атынан ресми түрде кешірім сұраймын. Бірақ бізде қаржылық сипаттағы мәселелер бар. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта командада футболға толықтай көңіл бөлуге мүмкіндік бермейтін белгілі бір қаржылық қиындықтар бар. Жақын күндері команда қор басшылығымен кездесуді күтуде, сол кездесудің нәтижесінде бұл мәселелер шешімін табады деп үміттенеміз.

– Қаржыландыруда нақты қандай мәселе бар? Бұл ойынға неге әсер етуі керек?

– Қазір бұл туралы толық айтып жатқым келмейді, бірақ белгілі бір қиындықтар бар. Бұл мәселелерді біз бұрыннан айтып келеміз. Бүгінгі ойыннан-ақ көрініп тұр — командада жігер жоқ. Матч алдында көптеген әңгімелер, кездесулер болды. Қазір біз Қор өкілдерімен болатын кездесуді асыға күтіп отырмыз. Сол кездесуде бір шешім шығады деп үміттенеміз.

– Алайда Қор өкілдері барлық есептерді уақытылы беріп отырғандарын, қаржыландыруға дайын екендерін айтып отыр. Яғни, олар мәселе клубтың өз ішінде дейді.

– Мен өз тарапымнан бар мәселені айттым. Одан артық ештеңе қоса алмаймын.

– Соңғы екі жылда «Тобылды» неге жеңе алмай жүрміз? «Қайсарды» да ала алмадық. Команда құлдырап бара жатқан жоқ па?

– «Қайсарға» қарсы ойынды соңғы матчпен шатастырмаңыз. Ол ойында біз 16 рет айып алаңынан соққы жасадық, көп мүмкіндік болды — тек оларды голға айналдыра алмадық. Жалпы ойын деңгейі өте жақсы болды. Сондықтан бұл жерде «құлдырау» деген сөз орынсыз. Ал бүгінгі күн – мүлде басқа жағдай. Проблемалар бар, команда іштен шаршаған. Өзімнің бапкерлік тәжірибемде алғаш рет үш күн бұрын жаттығуды екі мәрте тоқтатуға мәжбүр болдым. Себебі ойыншыларды шабыттандыру қиын болып тұр. Біз бұл мәселемен ұзақ уақыттан бері өмір сүріп келеміз.

– Бірақ мотивация беру сіздің тікелей міндетіңіз емес қой? Бұл ойыншылардың ішкі жауапкершілігі емес пе?

– Сіздің өз көзқарасыңыз бар, мен өзімдікін айтып тұрмын. «Өздігінен болу керек» дей салу оңай. Бірақ ойыншылардың да алдындағы міндеттемелер орындалуы керек.

– Григорий Константинович, таза спорттық тұрғыда қарайтын болсақ: соңғы матчтарда құрамда белгілі бір ротация болды. Алайда қазір маусым басындағы негізгі құрамға қайта оралдыңыз. Бұл ойыншылардың жеткіліксіздігін білдіре ме?

– Жоқ. Біз алдыңғы үш ойында ротация жасадық, себебі үш ойын қатарынан өтті. Ал бүгін – сол сериядан кейінгі алғашқы матч. Үш күннен кейін Кубок ойыны бар. Әрине, өзгерістер болады. Бірақ біз құрамды күрт өзгертіп, зиян келтіруден аулақпыз.

– Ортаңғы шепке келсек, команда қозғалыссыз көрінді. Орталықтағы әлсіздік немен байланысты?

– Бүгінгі ойын – ешқандай да көрсеткіш емес. Себебі, бұл жерде футболдан тыс мәселелер әсер етті. Ал «Қайсармен» болған ойында және алдыңғы матчтарда біз дұрыс бағытта келе жатқанбыз. Сол кездері қосалқы құрамнан шыққандар ойынға сапа қосып, команданы толықтырып жатты. Ал бүгінгі жағдай басқа. Әрине, өзіміз де гол сала алмадық, ыңғайсыз голдар да жіберіп алдық. Бірақ қазір ақталғым келмейді. Әркім өз мәселесін шешуі керек. Өз басым, осы ойынды терең талдап, қателіктермен жұмыс істеймін. Бірақ бастысы – бұл қаржылық мәселе шешілуі тиіс. Егер біз үлкен мақсаттарды көздейтін болсақ, онда барлығы соған сай болуы керек.

– Бапкер ретінде сізге қандай еркіндік берілген? Егер чемпион атана алмасақ, не болады?

– Бұл сұрақ маған емес.

– Қазірдің өзінде «Қайраттан» 6 ұпайға қалып қойдық. Бұл – чемпиондық үшін тікелей соққы. Енді еурокубоктер келе жатыр. Біз ұпай жоғалтып жатырмыз, әрі бұл тек қаржы мәселесі емес. Ойыншылар жалақыларын алады, ешкім оларды жалғыз қалдырмайды. Демек, бұл ойынға әсер етпеуі керек емес пе?

– Бұл сұраққа мен қазірдің өзінде жауап бердім.

– Кубоктағы келесі ойын алдында, бүгінгі көңіл-күйді және чемпионаттағы жағдайды ескерсек, команда қандай мақсат қояды? Жеңіске деген жігер сақталады деп ойлайсыз ба?

– Мақсат ешқашан жойылған емес. Бұл – маусымдағы алғашқы жеңілісіміз. Барлық ойында біз қарсыластан мықты болдық. Тек алғашқы турдағы «Қайратпен» ойында ғана тең дәрежеде ойнадық. Сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. Мен бапкер ретінде дұрыс қорытынды жасап, жұмысымды жалғастырамын. Ал маусым әлі ұзақ. Ештеңе жоғалтқан жоқпыз. Бәрі – тек әңгіме деңгейінде. Әркім өз ісіне жауап беруі тиіс. Бірақ тағы да қайталаймын: дәл бүгінгідей ішкі бос күйді бұрын-соңды көрген емеспін.

– Сіз осы бос күй туралы жиі айтып жатырсыз. Бұл қаржылық мәселе қанша уақыттан бері жалғасып келеді?

– Өте ұзақ уақыттан бері. Бір айда олай босап қалу мүмкін емес. Бұл – ұзаққа созылған қиындық. Айтарлықтай қарыздар бар. Бұл жай ғана шешілмейді. Бұл мәселені түсіну үшін команданың ішінде болу керек.

– Сізді «Астанамен» әрдайым тек чемпиондық үшін күресетін бапкер ретінде білеміз. Егер, Құдай сақтасын, бұл мәселе шешілмей жатса, сіз командамен бірге тек үздік үштік үшін күресуге дайынсыз ба?

– Ондай ойымыз жоқ. Біз барлық сұрақтар шешіледі деп сенеміз. «Астана» – үлкен клуб. Ол әрдайым алдына үлкен мақсаттар қоя білді және оларды орындай алды. Біз жыл сайын еурокубоктердің топтық кезеңіне шығып жүрміз. Қазақстан футболына үлкен үлес қостық. Біз жасаған жарнама – ол тек футбол емес, бүкіл ел үшін абырой. Ондай клуб назарсыз қалмауы керек.

– «Астанада» жұмыс істеп келе жатқаныңызға біраз жыл болды. Осындай жағдай бұрын болған ба?

– Жоқ, мұндай жағдай бірінші рет болып отыр.

Бас серіктес