kz

RU
KZ
Абат Айымбетов: «Жарақаттар мені мықты етті»
15 сәу 2021

 

Қазақстан құрамасының шабуылшысы бірнеше апта бұрын елордалық клубпен келісімшартқа қол қойды. Осы аралықта ол 3 ойын өткізіп, 4 гол соғып үлгерді. 

Осы орайда «Sputnik Қазақстанға» эксклюзивті сұхбат берген «Астана» шабуылшысы Абат Айымбетов елордалық клубқа қандай себеппен ауысқанын, бас бапкер Андрей Тихоновтың жұмысына қандай баға беретінін және футбол мансабын жалғастырудың қандай жолдарын қарастыратынын айтып берді.

- Абат, қатарынан екінші матчта дубль жасадыңыз. Құттықтаймын! Ойыныңыздың қай тұсын әлі де жетілдіру керек деп ойлайсыз?

- Әрдайым алға ұмтылу керек, тоқмейілсуге болмайды! Мен командадаға енді келдім, сондықтан әр матч сайын күштірек бола түсемін деп үміттенемін.

- Андрей Тихоновпен жұмыс істеген қалай екен?

- Маған Андрей Валерьевичпен жұмыс істеген ұнап жатыр. Ол футболшылармен әрдайым сөйлесіп, өз талаптарын барынша жеткізуге тырысады.

- Марин Томасовпен керемет жұпқа айналдыңыздар. Ол футболшы және адам ретінде қандай екенін айтып берсеңіз.

- Марин - тәжірибесі мол мықты футболшы. Ол саған кеңес те бере алады. Мұндай кәсіпқоймен футбол алаңында да, одан тыс жерде де ортақ тіл табу өте оңай.

- Жалпы команда ойыны қалай? Өзіңізге қандай да бір жаңалық аша алдыңыз ба?

- Біз шабуылда белсенді ойнаймыз, сондықтан ойын барысында көп мүмкіндікке ие боламыз. Мұндай футбол тек команданың өзіне ғана емес, жанкүйерлер де ұнайды деп сенемін.

- Командадағы қарым-қатынас пен көңіл-күй өте маңызды. «Астанада» осы жағы қалай?

- Командадағы атмосфера керемет. Содан болар, мен және командаға қосылған басқа да жаңа ойыншылар ұжымға оңай сіңісіп кетті. Барлығымыз бір мақсатқа жұмылдық, ол – жақсы нәтиже көрсету.

- Неге «Астанаға» ауысуға шешім қабылдадыңыз?

- Мен «Крылья Советовта» ойнамадым, ал тәжірибе жинақтап, ұлттық құрамаға шақыртулар алып тұру үшін көп ойнау маңызды. «Астана» маған сол мүмкіндікті беруге дайын екенін жеткізді. Мен команданың бас бапкерімен де, атқарушы директорымен де сөйлестім. Олардың айтуынша мен клубқа керек болдым. Енді олардың сенімін ақтай аламын деп үміттенемін.

- 17-ші нөмірді алыпсыз, бұл немен байланысты?

- Мен бұл нөмірмен Қазақстан ұлттық құрамасында ойнаймын. «Астанаға» келгенде ол бос екен, сондықтан соны алуды шештім. Осы нөмірмен кезінде Таңат Нөсербаев ойнағанын да керемет білемін. Таңат - «Астана» тарихында үлкен із қалдырған керемет футболшы.

- «Астанадан» бөлек басқа командалардан да ұсыныс түсті ме? 

- Біз агентімізбен футбол мансабымды жалғастырудың түрлі жолдарын қарастырдық, дегенмен қазір мен «Астанадамын», сондықтан басқалар туралы айтудың мәні жоқ.

- Сіз үш жыл бұрын ауыр жарақат салдарынан футболмен қош айтысуға шақ қалдыңыз. Сондай жағдайға қарамастан, қазір Қазақстанның үздік шабуылшыларының біріне айналдыңыз, бұған қалай қол жеткіздіңіз?

- Бұл менің мансабымның ауыр кезеңі болды, ол кезде көп жарақат алдым. Алайда бұл мені футболшы ретінде де, адам ретінде де мықты етті. Әрине, оңай болған жоқ, бірақ жақындарымның қолдауы маған осы қиын кезеңді жеңуге көмектесті.

Айта кетейік, Абат Айымбетов «Астанаға» осы жылдың сәуір айында ресейлік «Крылья Советов» командасынан жалға алынды. Өткен маусымда Айымбетов «Қайратта» ойнап, 10 гол соғып, чемпион атанған болатын.

Бас серіктес