kz

RU
KZ
Абзал Бейсебеков: «Жақында қалыпты өмірге ораламыз деген үміттемін»
27 жастағы «Астана» және Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Абзал Бейсебеков Sports.kz республикалық интернет-порталының тілшісіне арнайы сұхбат беріп, карантин уақытында бос уақыты
03 сәу 2020


— Абзал, маусым басында «Астана» тізгініне Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михаил Билек келді. Бұл маманның клубтағы жұмысы мен құрамадағы жұмысында айырмашылық бар ма?
— Әрине, біз Михалды Қазақстан құрамасы сапындағы жұмысы арқылы өте жақсы білеміз. Сондықтан да оның жүктемелеріне толықтай дайын болдық. Жаттығу жұмыстарында аздаған өзгешеліктер бар, алайда айтарлықтай емес.
— «Астана» командасының 2020 жылғы ҚПЛ-ның басындағы ойындарына қандай баға бересіз?
— Біз Қазақтан Суперкубогында жеңіске жету арқылы, маусымға жүктелген бір міндетті орындадық. Чемпионатты екі жеңіспен, одан әрі «Ордабасы» сияқты мықты командаға қарсы тең нәтижемен бастадық. Әрине, өзіміздің жанкүйерлерсіз, басқа стадионда ойнаған оңай емес. Дегенмен, біз кәсіби футболшы ретінде қандай жағдай болмасын өз жұмысымызды тыңғылықты атқаруға тиіспіз.
— Карантин қалай өтіп жатыр? Спорттық бабыңызды сақтап тұру қиын болып жатқан жоқ па?
— Барынша бапкерлер құрамының берген жекелей тапсырмаларын үй жағдайында орындауға тырысып жатырмын. Клуб бізге велотренажер әкеліп берді. Жұмыс жасап жатырмыз.
— Бос уақытыңызды қалай өткізіп жатырсыз?
— Барынша жаттығу жасап, бос уақытымда ғаламторға кіріп, PlyaStation және компьютерде ойындар ойнаймын.
— Кәсіби футболшы үшін маусым барысында командалық жаттығуларды бірден тоқтату өте қиын ғой?
— Әрине, өте қиын. Бірақ, біз орын алған жағдайдың құрбанымыз. Мемлекет басшылығы жүктеген талаптарды орындауға тиіспіз. Қазіргі індеттің қиын жағдайында карантин режимін сақтау өте маңызды.
— Сіз 2020 жылға қандай жоспар құрдыңыз? Нені армандаған едіңіз?
— Егер футбол туралы айтар болсам, командамен бірге Қазақстан чемпионы атанып, Чемпиондар Лигасында ойнағым келеді. Жақын уақытта барлығы өз орнына түсіп, біз қалыпты өмірге ораламыз деген үміттемін. Және де алдағуы уақытта өз жанкүйерлерімізді әдемі, әрі үлкен ойындарымызбен тағы да қуантамыз деген сенімдемін.
— Бұл жағдай қаншалықты ұзақ мерзімге созылуы мүмкін деп ойлайсыз?
— Өкінішке қарай, оны ешкім де білмейді. Біз мемлекеттің, әсіресе, медицина қызметкерлерінің орын алған індеттің тез аяқталуы үшін барлығын жасап жатқанын көріп отырмыз, — оларға үлкен рахмет! Мен бұл жақында аяқталады деп сенемін.
— Жарыс қайта басталғаннан кейін ҚПЛ-нің форматы өзгеріске ұшырайды деп ойлайсыз ба?
— Дәл қазір оған жауап беру өте қиын. Бұл сұраққа Қазақстан Кәсіпқой футбол Лигасы жауап беруі қажет деп санаймын.
— Сіздің ойыңызша, егер елдегі төтенше жағдай режимі үш айға және одан да көп уақытқа созылса, бізді не күтіп тұр?
— Мен бұл режим ұзаққа созылмайды деп үміттенемін. Жақсыға үміт арту қажет. Егер барлық қазақстандықтар гигиенаны, медициналық қызметкерлер айтқан барлық талаптарын сақтаса, қажетсіз үйден шықпаса, онда біз бұл ауруды жеңе аламыз.
— Қазақстандық футбол жанкүйерлеріне осындай қиын сәтте айтарыңыз бар ма?
— Ең бастысы — денсаулық және шыдамдылық. Сондай-ақ, біздің "12 ойыншы" фан-клубын төрт жылдықтарымен құттықтағым келеді! Олар бізді жеңіс кезінде де, қиын сәттерде де қолдады!

Бас серіктес