- Соңғы уақытта «Астанада» көптеген өзгерістер орын алды. Команданың «Будучностқа» қарсы кездесу алдындағы дайындығы қалай?
- «Ордабасыға» қарсы жеңістен кейін команданың көңіл-күйі жақсы. Барлығы жеңісті жолды жалғауды қалайды. «Будучностқа» қарсы ойыннан кейін, көңіл-күйіміз одан да керемет болады деп үміттенемін!
- Еуропа Лигасындағы қарсыластарыңыз туралы не айтасыз? Команданың басым тұстарын атап өте аласыз ба?
- Еурокубоктерде осал қарсылас болмайды, оның үстіне «Будучность» - Черногория чемпионы. Олар чемпионатты сәтсіз бастағанымен, соңғы ойындарын 3:1 есебімен жеңді. Жалпы, команда өте ұйымшыл, әрі кез-келген қарсыласқа қиындық тудыруы мүмкін.
- Пол Эшуорттың басқаруында жаттыққан қалай екен? Оның команда бас бапкері болып келуімен, Билекпен салыстырғанда қандай өзгерістер орын алды?
- Әр бапкердің командаға, жаттығу жұмыстарына деген өз көзқарасы бар. Пол бізге доппен көп жұмыс жасатып жатыр. Оның клуб құрылымында қызмет атқарып жатқанына екі жыл болды, әрі барлық футболшыларды өте жақсы біледі. Сондықтан, оған бұл тұрғыда жеңілірек.
- Ойынның Алматыда Орталық стадионда өтетіндігі бізге басымдық бере ме?
- Бұл жерде екі жақты жағдай. Әрине, біз бірінші кезекте өз алаңымыз «Астана Аренаға» тезірек оралғымыз келеді. Екінші жағынан, қазір барлық ойындар Алматыда өтіп жатыр. Ойын Орталық стадионда өтетіндіктен, бізге ешқайда ұшудың қажеті жоқ.
- «Қайрат» «Астанадан» ұпай саны бойынша алға шығып, чемпионатта жақсы қарқын алды. Алматылықтарды қуып жете аласыздар ма?
- Әзірге тек 8 тур ғана ойналды, сондықтан барлық күрес әлі алда. Сондай-ақ, бізде «Қайратқа» қарсы өзара өткізетін екі ойын бар.
- Сіз Ұлттық құрама сапында алаңға шыққан Беларусияға қарсы ойын туралы сұрайын. Билек «Астана» тізгінінен кеткеннен кейін, құрама сапына, яғни оның қол астына қайта оралу қиындық тудырған жоқ па? Беларусь құрамасына қарсы кездесудегі футболшылардың жекелей қателіктерінен бөлек, жеңілістің себебін атай аласыз ба?
- Бұл сапар бұрынғыдан өзгеше болды деп айта алмаймын. Мен үшін ұлттық құрамада ойнау үлкен мәртебе. Сондықтан мен бас бапкердің кім екендігіне қарамастан құрама сапына үлкен ықыласпен барамын. Ал Беларусь құрамасына қарсы ойынға келер болсақ, біз Литваға қарсы алғашқы кездесуде көп күш пен эмоция жоғалтып алдық. Дәл сол дүние Беларусь құрамасына қарсы ойын соңында бізге жетіспеді деп ойлаймын.
- Ертеңгі ойында қай команда фаворит?
- Ойынның Қазақстанда өтетінін ескерсек, бізде мүмкіндік көп, бірақ барлығы жасыл алаңда шешіледі! Дәл сол жерде біз өз басымдығымызды дәлелдеуге тиіспіз.