"Астананың" сербиялық қорғаушысы Антонио Рукавина "Шахтермен" болған ойын (1:0) туралы ойымен бөлісті және досы Зоран Тошичтің "Тобыл" сапына ауысуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
- Антонио, жеңіс құтты болсын! Қиын ойын болды, матч туралы не айта аласыз?
- Ең бастысы 3 ұпай алдық. Әрине, гол өткізіп алатын да, біз соғатын да сәттер болды. Бірақ менің ойымша, чемпиондық осындай ауыр жеңістер арқылы келеді. Әр матчта 4-6 гол соғу мүмкін емес, кейде осы жолғыдай қорғану да керек. Қиын қарсыласпен күресіп, 3 ұпайға қол жеткіздік.
- Сіз үшін матч өте эмоционалды өткен сияқты, сіз бірнеше рет төрешімен дауласып, ұстасып қалдыңыз. Бәрі дұрыс болды ма?
- Әрине, бұл футбол, сондықтан алаңда түрлі эмоцияға ерік береміз. Біздің жеңіске деген жігеріміз мықты, меніңше, бұл жаман емес.
- Қазіргі "Шахтерда" өзгеріс бар ма? Сіз олармен Суперкубокта ойнап едіңіз...
- Олардың ойынға деген көзқарасы өзгергені көрініп тұр. Бұл біз Суперкубокта ойнаған команда емес.
- Кездесуге бапкер Андрей Тихоновтың болмағаны қиын болды ма?
- Әрине, қасыңда бапкер болмағаны өте қиын. Бірақ біз бәріміз өз ісіміздің кәсіпқойымыз, сондықтан қалай ойнау керектігін білеміз. Бізде бір ғана міндет бар, ол - чемпионатты жеңіп алу. Келесі жолы Андрей Тихонов бізбен бірге болады деп сенемін.
- Сіздің досыңыз Зоран Тошич "Тобылдың" ойыншысы атанды. Қалай ойлайсыз, ол ҚПЛ-да өзін көрсете ала ма?
- Ол жақсы ойыншы, "Тобылға" көмектесетіні сөзсіз. Қазақстандық футбол үшін мұндай ойыншының келуі жақсы. Егер футбол алаңында кездесіп қалсақ, ол проблема болуы мүмкін бе? Әрине. Бірақ футболда біз кез-келген ойынға дайындалуымыз керек, тіпті егер біз ағамызбен немесе досымызбен бәсекелесуге мәжбүр болсақ та. Ол келісімшартқа қол қойғаннан кейін маған хабарласып, жалпы лига, футбол алаңдары, командалар туралы сұрап білді. Ерекше ештеңе жоқ.