«Астана» Қазақстан Чемпионатының 7-ші туры аясында «Таразға» қарсы ойнайды.
Бұл кездесу алты дүркін ел чемпионы бас бапкерінің уақытша міндетін атқарушы Пол Эшуорттың команда тізгініндегі алғашқы ойыны болмақ.
Ал екі команда арасындағы ойынға келер болсақ, оны ымырасыз деп айтуға болады. Себебі, «Астана» және «Тараз» арасындағы 23 ойында, 2 рет қана тең нәтиже тіркелген (2012 және 2013 жылдары).
Ал қалған ойындардардың барлығында екі қарсыластың біреуі жеңіске жетіп отырған. Елорда командасы 17 ойында жеңіске жетсе, тараздықтар 4 ойында басым түскен. Жамбылдық команда соңғы рет өткен маусымда астаналықтарды 2:0 есебімен жеңген болатын.
Бірақ, «Астана» осы жеңілістен кейін екі рет 4:0 және 5:0 есебімен қарсыласынан сенімді есе қайтарып үлгерді.
Екі ұжым арасындағы өткен маусымдағы кездесулердегі ең нәтижелі ойыншы, 3 ойында үш гол соққан «Астана» шабуылшысы Рангело Янга. Сондай-ақ, ол кездесулерде Марин Томасов пен Дидар Жалмұқан қос голдан соғып, ерекше көзге түскен еді.
Жалпы алғанда, Дидар «Тараз» қақпасына гол соққанды жақсы көреді. Ол жамбылдықтарға қарсы бес ойында төрт гол соққан, оның үшеуін «Астана» сапында, біреуін «Ақтөбе» құрамында соққан.
«Астананың» қазіргі құрамынан жоғарыда аталған ойыншылардан бөлек, қарсылас қақпасына Дмитрий Шомко, Евгений Постников және Алексей Щеткин гол соққан.
«Астана» - «Тараз» арасындағы ойын 30 тамыз күні өтеді. Кездесуді QAZSPORT арнасы 18:00-де тікелей эфирден көрсетеді.