kz

RU
KZ
Брайан Сильва: «Астанада» ойнау арманым болатын
Брайан Сильва Срджан Благоевичтің мықты тұстарын, өзінің әмбебап ойыншы екенін және Қазақстан құрамасы сапында ойнауды армандайтынын тілге тиек етті
28 қаң 2022

«Астана» құрамына жаңадан қосылған қорғаушы – бразиялық Брайан Сильва Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат беріп, клубтың шақыруын қабылдау себебін, Қазақстанға алғаш келгенде таңғалдырған жайттарға тоқталды.

- Брайан, «Астана» клубының сізді ойыншы ретінде қарастырып жатқанын қашан білдіңіз?

- Қазақстан чемпионатының 2021 жылғы маусымы аяқталғаннан кейін бір апта өткенде «Астана» клубының өкілдері менің агентіме хабарласып, құрамаға шақыруға ниетті екенін жеткізді. Уақыт өте, Срджан Благоевич «Астананың» бас бапкері боп тағайындалғаннан кейін, мені елордалық клубтың ойыншысы ретінде қарастырып жатқаны жайында ресми хат алдық. Ал қазір «Астана» құрамасы сапындамын.

- «Астана» клубының шақыруын қабылдауыңыздың ең басты себебі қандай?

- Алғаш Қазақстанға келіп, «Атырау» клубымен келісім-шартқа отырған кездің өзінде, үлкен командаға өтемін деген мақсат қойғам. «Астананың» елдегі ең мықты клуб екендігі даусыз, сондықтан елордалық құрам қатарында алаңға шығу мүмкіндігі туғанда отбасыммен кеңесіп, ұсынысын қабыл алдым.

- «Атырауда» жүргенде түрлі позицияда ойын көрсеттіңіз. Өзіңіз үшін қайсысы ыңғайлы және Благоевич мырза сізді қай позицияға қоймақшы?  

- Ес білген шақтан шеткі қорғаушы ретінде ойнайтынмын. Ал өткен жылы «Атырау» құрамында сол жақ вингері ретінде жиі шабуыл жасадым. Одан бөлек «ондық» позияциясында да ойын көрсеткем. Осы аталған үш позицияда ойнай аламын, бірақ мен үшін шеткі қорғаушы болу ең ыңғайлысы. «Астанаға» келсек, бапкер қай позицияда ұтымды ойын көрсететінімді жақсы біледі деген ойдамын.

- Соңғы маусымда «Астана» үшін сол жақ қорғаушы позициясы қолайсыз болды деп айтуға болады. Маусымның басында бұл позицияда Сағи Совет болса, кейін оны Кике Лопез алмастырды. Ал маусым соңында сол қапталды қорғау әмбебап Абзал Бейсебековке бұйырды. Биылғы маусымда өзіңіз осы позицияны «еншілеп» алуға дайынсыз ба?  

- Мен бұл позицияда ойнауға толықтай дайынмын. Ал, позиция үшін бәсеке болғаны тіптен жақсы, бірақ мен «Астанаға» негізгі құрамда ойнау үшін келдім.

- «Астанада» қай нөмірмен алаңға шығасыз?

- Алтыншы нөмір.

- Неге бұл нөмірді таңдадыңыз?

- Маған он бесінші нөмір ұнайды, алайда ол бос емес. Сол себепті және кезінде алтыншы нөмірмен ойнағаным еске түсіп, алты санын таңдап алдым.

- Әлемдегі ең сүйікті сол жақ қорғаушыңыз кім?

- Роберто Карлосты айтуға болады, бірақ мен үшін ең мықты қорғаушы – Марсело.

- Қазақстан чемпионатында сіз үшін қай қарсыласпен ойнау қиын болды?

- Әрине, Томасовқа төтеп беру (күлді). Бізбен ойнағанда Марин 6 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді. Ал командаларға келсек, «Астана» мен «Тобылға» қарсы ойнау қиын болды.

- сіз үшін Благоевичтің бапкер ретінде мықты тұстары қандай?

- Маған оның команданы басқарғаны ұнайды, мінезі ашық. Әлемдегі мықты деген мамандардың деңгейіне жетуге барынша тырысып бағады. Допты қарсыласқа бермей ойнағанды және шабуыл жасағанды ұнатады. Срджан мырза алаңды қарсыластар емес, біз басқаратын ойын болғанын қалайды.

- Командада кіммен жақын араласасыз?

- Біздің ұжым өте жақсы, күн өткен сайын қарым-қатынасымыз тек жақсарып келеді, бастысы жаңа құрам жасақталғанын ұмытпау керек. Оқу-жаттығу жиыны кезінде мен марко Милошевичпен бір нөмірде тұратындықтан, жақсы араласып кеттім.

- Қазақстанға қоныс аударғаныңызға екінші жыл. Біздің ел сізді несімен қатты таңғалдырды?

- Біріншісі – қақаған суық. Алғаш Оралға ұшып келгенімде 24 градус суық болды, мен бұрын бұндай суық ауа-райын көрмегем. Тағы бір таңғалдырған жайт, Қазақстанда жасанды алаңдар өте көп, ал мен бұған дейін тек табиғи алаңдарда ойнағанмын. Жалпы алғанда Қазақстан мен үшін жақсы әсерлер қалдырды.

- Отбасыңыз өзіңізбен бірге Нұр-Сұлтанда тұратын бола ма?

- Қайда барсам да отбасыммен біргемін.  

- «Астананың» жанкүйерлері клубқа сіз келгенде қатты қуанды. Оларға не айтар едіңіз?

- «Астананың» жейдесін киіп, алаңға шығатыныма қуаныштымын. Қазақстанға келіп, ел чемпионатына қатыса бастаған сәттен «Астана» құрамында ойнауды армандаған едім. Команда үшін барымды салып бағамын. Конференция лигасының топтық кезеңіне өтеміз деген үмітім де бар.

- «Астана» биыл чемпиондық үшін таласа ма?

- Әрине.

- Футболға қалай келдіңіз?

- Мен Белу-Оризонти қаласында туып-өсіп, бала кезден футбол ойнадым. Бойым қысқа болғасын (177 см) көптеген командалар қатарына қоспады. Өз қаламның командасы «Крузейроға» өтпегенмен, «Америка» командасы маған мүмкіндік берді. Ең қызығы, кезінде қабылдамаған «Крузейро» уақыт өте мені «Америкадан» сатып алды. Бала шақтан футболшы болам деп армандап, соған қол жеткізгеніме қуаныштымын.

- «Эвертондық» Ришарлисонмен бірге өстіңіздер. Қазір де араласып тұрасыздар ма?

- Ришарлисон де Андраде екеуміз бір қаладанбыз, бала кезде бір-біріміздің үйімізге барып, жиі бірге ойнайтынбыз. Әлі күнге дейін жақсы араласамыз. Қазір «Ювентус» клубында ойнайтын Данило менің көршім болған. Бірге өсіп жетілдік, достығымыз, сыйластығымыз бір үзілген емес.  

- Бразилия құрамасында ойнауды армандайсыз ба?

- Мен реалистпін, Бразилия құрамасына өту мен үшін мүмкін еместігін білемін. Бірақ Қазақстан құрамасы үшін ойнауға қуана-қуана келісер едім.

Интервьюер: Артур Шишига

Бас серіктес