«Астана» құрылымында бас бапкерден бөлек тағы бір жаңа, бірақ бәріне таныс тұлға – Давид Лория пайда болды. Ол 9 қазанда клубтың атқарушы директоры ретінде таныстырылды.
Лория клубтағы жұмысы, Тихоновты тағайындау және маусымның қалған бөлігіне жүктелген міндет туралы клубтың ресми сайтына берген сұхбатында айтты:
- Давид, сіз бір айға жуық «Астана» футбол клубында жұмыс атқарып, жаңа тәжірибе жинап жатсыз. Қазақстандық өлшем бойынша осындай үлкен клубта жұмыс істеу Сіз үшін нені білдіреді?
- Бірінші кезекте, бұл үлкен жауапкершілік, өйткені клуб соңғы алты жылдың чемпионы, еурокубоктардың тұрақты қатысушысы. Әрине, биылғы жыл қазақстандық футболда барлығы үшін өте қиын болды, дегенмен «Астанада» жұмыс істей отырып, сен БАҚ, жанкүйерлер, сарапшылар, клуб басшылығы тарапынан үнемі қысым астында боласың, және де сенің әрбір іс – әрекетің, құдай сақтасын, жіберген қателік - ол барлық жағынан қаралады. Бірақ екінші жағынан, бұл маған үлкен ләззат сыйлайды. Мен Қазақстан құрамасында өнер көрсеттім, көптеген клубтарда ойнадым, соның ішінде шетелдік клубтарда да доп тептім, әрдайым қақпадағы өз орным үшін күрестім, сондықтан үнемі қысым астында болуға үйрендім.
- Сіз жұмысқа келген тұста клубқа жаңа бас бапкер – Андрей Тихонов шақырылды, ол қандай критерийлер бойынша таңдалды?
- Бірден бірқатар факторларды ескеру қажет: ең алдымен қысқа мерзім. Біз уақыт жағынан өте шектеулі болдық, сондықтан ұзақ келіссөз процестеріне дайын болмадық, бізге осында және қазір жұмыс істеуге дайын маман қажет болды. Екіншісі - іздеу уақыты. Әдетте бас бапкерді қыста немесе жазда іздейді, қазан айында еңбек нарығы, нақты айтсақ, таңдау көп емес. Үшіншісі - тіл мәселесі. Бізге орыс тілін білетін, менталитетімізбен таныс маман қажет болды. Төртіншіден, біз жоғары міндеттерге дағдыланған максималист адамды іздедік. Бесіншіден, біз клуб қойған талаптарға сәйкес келетін адаммен келісімшарт жасағымыз келді. Андрей Валерьевич бізге барлық жағынан сәйкес болды. Әрине, оның «Астана» үшін бөтен адам емес екендігі таңдау кезінде өзіндік рөл атқарды. Бірақ біздің 11 жыл бұрын бірге ойнағанымыз ешқандай рөл ойнаған жоқ. Сонымен қатар, содан бері біз ешқашан кездескен емеспіз. Мен бас бапкерді таңдауда жалғыз шешім қабылдай алмадым. Әр үміткер ұжымдық түрде талқыланды. Тихонов клубқа менің достарымның қамқорлығының арқасында, онымен жеке таныстығымыздан кейін келді деген жалған теорияларды баспасөз беттерінен оқу, мені қатты таңырқатты. Чемпионаттың үш ойыны көрсеткендей, біздің таңдауымыз дұрыс болды деп ойлаймын. Жарақаттардың өте көп болуына және дайындықтың қысқа мерзіміне қарамастан, Андрей Валерьевич команданы біріктіріп, әр ойыншыға өз көзқарасын жеткізе алды және бұл нәтиже берді. Тіпті, «Қайратқа» қары жеңіліп қалған ойында да біздің команда осындай қысқа мерзім ішінде күштірек болып, дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетті. Клуб жақын арада осы жылы жоғалған позицияларын қайтарады.
- Клубтың чемпиондыққа математикалық мүмкіндігі ғана қалды, сондықтан бірінші орынға қойылған міндеттер туралы айтудың қажеті жоқ. Клуб басшылығы командаға және бас бапкерге қандай міндет жүктейді?
- «Қайратпен» болған ойыннан кейін Тихонов қалған кездесулердің әрқайсысында жеңіске жету міндетін айтты. Бұл команда үшін және бүкіл клуб үшін психологиялық тұрғыдан өте маңызды.
- Сізге қайта оралсақ, Сіз УЕФА бағдаламасы бойынша білім алдыңыз, ол жақта «Астанаға» көмектесу үшін не үйрендіңіз?
- Бұл құраманың бұрынғы ойыншыларын менеджментке үйрету бойынша құрылған UEFA MIP бағдарламасы. Ол екі жыл бойы ағылшын тілінде өткізілетін сегіз модульден тұрады. Бізге еуропалық футболдың ең жарқын өкілдері, Арсен Венгер сияқты мамандар, кәрі құрлықтың топ-менеджерлері дәріс оқиды. Ал бұл бағдарламаның көптеген түлектері қазірдің өзінде УЕФА мен ФИФА-да түрлі лауазымдарда жұмыс істейді. Әрине, қазіргі орын алған пандемия өз түзетулерін енгізгені түсінікті және оқу жүйесі онлайн режимінде жалғасуда. Бұл бағдарлама маған көптеген пайдалы ақпарат берді. Мен «Астанада» қызмет атқара жүріп, білгенімді, үйренгенімді клубтың мықты бола түсуі үшін қолданатыныма сенімдімін. Қалай болғанда да, клуб менеджмент, маркетинг және т.б. салалардағы барлық заманауи құралдарды қолдануы керек деп ойлаймын. Менің ойымша, дамуда бір ғана басым бағыт болмауы керек, жанкүйерлерге ашық болуға, резервке және футбол орталығына көбірек көңіл бөлуге тырысу қажет. Біз «Астананы» мықты клуб жасау мақсатында бірігуіміз керек!
- Соңғы уақытта «Астана» туралы түрлі қауесеттер тарап жатыр, БАҚ өкілдері клуб жұмысы туралы жағымсыз пікірлер жазуда. Клуб туралы айтылғанның бәрі қаншалықты шындыққа жанасады?
- «Астана» осы маусымның нәтижелеріне қарамастан үлкен клуб болып қала береді, сондықтан да жоғары қысым жасалады және әрдайым клубқа сын көзбен қарайды, ал бұл көп қауесет тудыратыны анық. Мен осыған дейін, басшылықтың ауысуы, бапкерлерді тағайындаудағы түрлі жүйе, біздің команданың қатысуымен өткен «біртүрлі» ойындар, сондай-ақ футболшыларды басқа командаларға сатып жіберді деген сыңайдағы түрлі сарындағы ақпараттарды оқыдым. Бірақ, мен клубтың қызметін іштей көрген адам ретінде, жоғарыда жазылғандардың 90 пайызы сенімді ақпарат емес деп нақты айта аламын. Бұған дейін клуб БАҚ-пен ақылы негізде жұмыс істегендіктен мұндай қысым болған жоқ. Қалай болғанда да, мұны айтуға тура келіп тұр. Бірақ, менің білуімше, қазір клуб әртүрлі ақпараттық ресурстармен ынтымақтастықтың барлық ақылы түрлерінен бас тартты. Мүмкін, дәл осыған байланысты шағымға негізделген сенсациялық фейк ақпараттар пайда бола бастады. Менің ойымша, бұл алдағы уақытта әлі де жалғасады. Бірақ, мен бірінші кезекте мұны клубқа деген үлкен қызығушылықпен байланыстырамын, бұған дейін «Астана» ішкі және халықаралық аренадағы нәтижелер есебінен ақпараттық шабуылдарға аса көп ұшыраған жоқ. Айта кетейін, егер клуб тарапына лайықты әрі, нақты сын-пікірлер айтылатын болса, клуб оны өз атына қабылдауға дайын. Мұндай сынның да өзіндік пайдасы бар. Бірақ, біздің тарапқа ашық түрде айып тағылатын болса, біз де бей-жай қалмаймыз. БАҚ туралы Заңға сәйкес осындай жарияланымдарға жауап беру құқығын өзімізге қалдырамыз.
- Сіз - Целиноград футболының түлегісіз. Бұл балалар футболының, өз кадрларыңыздың дамуын жіті қадағалайтыныңызды білдіре ме?
- Сөзсіз, мен «Астана» құрамында жергілікті тәрбиеленушілердің көп болғанын қалаймын. Қазірдің өзінде дубль сапынан бірнеше ойыншы негізгі командаға қосылды, және олардың арасынан жақын арада тәжірибелі футболшылармен бәсекелесе алатын ойыншылар шығады деп үміттенемін. Бірақ мұндай нәтижеге жету үшін футболшылар, клубтың спорт бөлімі және футбол орталығы көп жұмыс істеу керек. Жеке өзім елордада дарынды балалар көп екеніне және олар болашақта құрамада өз орындарын ешкімге бермейтініне сенемін.