«Астана» сапынан тоғыз футболшы өз құрамаларына шақырту алды. Қазақстан құрамасы сапына 4 футболшы – қақпашы Дмитрий Непогодов, қорғаушылар Юрий Логвиненко мен Абзал Бейсебеков, шабуылшы Алексей Щеткин шақырту алды. Біздің ұлттық құрама алдымен Черногорияға қарсы жолдастық кездесу өткізіп, артынша Ұлттар Лигасы аясында Албания және Литваға қарсы ойнайды.
Ал Черногория құрамасына елорда командасы сапынан қорғаушы Жарко Томашевич шақырту алды. Жарко біздің құрамаға қарсы ойыннан бөлек, Әзірбайжан және Кипрға қарсы ойнауы мүмкін.
«Астана» командасының екі жартылай қорғаушысы Макс Эбонг пен Иван Маевский Беларусь құрамасына аттанып, ол жақта Румынияға қарсы жолдастық кездесуде және Ұлттар Лигасы аясында Литва мен Албанияға қарсы кездесулерде алаңға шығулары мүмкін.
Сондай-ақ, Рунар Мар Сигурьонссон Исландия құрамасына шақыртылды, оны алда Венгрия, Дания және Англияға қарсы ойындар күтіп тұр. Және де Тигран Барсегян Армения құрамасы сапында Грузия және Солтүстік Македонияға қарсы ойнайды.