"Астана" футбол клубының қорғаушысы Дмитрий Шомко өз мансабындағы ең мықты қарсыластар туралы айтып, Қазақстандағы үзілген футбол маусымының фавориттерін атады.
НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik, Артур Шишига. "Астана" футбол клубының вице-капитаны Дмитрий Шомко Sputnik Қазақстан тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, карантин уақытында немен шұғылданып жатқанын айтып, сондай-ақ "Астана Арена" стадиондағы ұзаққа созылып жатқан жөндеу жұмыстары туралы пікірін білдірді.
- Дима, көңіл-күй қалай? Карантиннен шаршадыңыз ба?
- Көңіл-күй қалыпты, әрине, бәрі шаршады. Оның үстіне спортшылар мүлдем басқа режимге үйренген, бірақ ешнәрсе етпейді, үйде отыру керек және жақында мұның бәрі аяқталады деп үміттенемін.
- Карантин уақытында қалай жаттығып жатырсыз?
- Бапкерлер құрамы барлық футболшыларға жекелей тапсырмалар жүктеді. Сол бойынша үй жағдайында дайындалып жатырмыз. Карантин басында саябақта жүгіретін едім, қазір ол мүмкін емес. Клуб үйде тұратын футболшыларға велотренажер әкеліп берді, сонымен үйде жаттығып жатырмыз.
- Егер чемпионатты жанкүйерлерсіз жалғастыруға шешім қабылдаса, оған Сіздің көзқарасыңыз қандай болмақ?
-Бұл індет барлық дүниеге, оның ішінде спортқа өз әсерін қатты тигізді. Егер адамдарды, оның ішінде футболшыларды қауіптен сақтау үшін дәл сондай шешім қабылдаса, жанкүйерлерсіз ойнауға тура келеді. Дегенмен, біз бірінші кезекте жанкүйерлер үшін алаңға шығамыз, оларсыз лайықты эмоция болмайды.
- Карантин кезінде Сізге не жетіспей жатыр?
- Достарымызбен, туыстарымызбен жанды қарым-қатынас, сондай-ақ, барлығымызға үйреншікті ритм - доппен жаттығу, ойындар, эмоциялар жетіспейді.
- "Астананың" жаңа маусымдағы ойындарына тоқталсақ. Жаңа бапкердің келуімен жаттығу жұмыстарында қандай өзгерістер орын алды?
- Әр бапкердің жаттығу процесі мен команданың ойынын құруға деген өз көзқарасы бар. Алайда, футболшылардың көпшілігі ұлттық құрамада Билекпен жұмыс істеді, сондықтан біз қандай да бір түбегейлі өзгерістерді сезген жоқпыз.
- Алматыдағы жаңа алаңға қандай баға бересіз? "Астана Аренаға" оралуды күтіп жүрсіз бе?
- Бұл өте қиын сұрақ. Біз өз алаңымызда, өз жанкүйерлеріміздің алдында ойнағымыз келеді! Алматыдағы "Жас Қыран" стадионында бізді қолдауға жанкүйерлер аз келген жоқ. Бірақ, бәрібір бізге өз алаңымыз жетіспейді. Шынын айтсам, "Астана Аренаға" байланысты жағдай өте түсініксіз. Ол жақтағы жұмыс қашан аяталатыны белгісіз. Қалада екі апта ішінде аурухана салынды, ал алаңды өзгерту өте қиын процесс болып шықты. Дегенмен, біз кәсіби футболшы ретінде қандай жағдай болмасын, жеңіс үшін алаңға шығуымыз қажет.
- Маусымның басындағы нәтижелер көңіліңізден шықты ма? "Ордабасыға" қарсы ойын оңай болған жоқ...
- Маусым басталмай жатып үзілгендіктен, біз оны сезініп те үлгерген жоқпыз. Сондықтан, қандай да бір баға беру әбестік болар. Біз Суперкубокты жеңіп алдық, ол өте жақсы. Алғашқы үш турда 7 ұпай жинадық. Әрине, бұл ең жоғары нәтиже емес. Бірақ, біз өз ойындарымызды сыртта өткізгенімізді ескеретін болсақ, бұл жаман да нәтиже емес. Егер "Ордабасы" командасы туралы айтар болсам, Шымкентте әр жыл сайын жүлдеге таласатын, мықты ұжым жасақталады. Осы жылы да дәл солай. Олар бізге қарсы қорғаныста өте сауатты ойнап, бірнеше мәселелер алып келді.
- Осы маусымда жүлдеге қандай командалар таласады?
- Әрине, ұзақ мерзімдегі үзіліс жағдайды түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін. Бірақ қандай жағдай болмасын жүлдеге – "Тобыл", "Ордабасы", "Қайрат", "Жетісу" және маусымды екі жеңіспен бастаған "Қайсар" таласады деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл қатарда өз алдына әрдайым жоғары міндеттер жүктейтін "Астана" да бар.
- Короновирустың әлемдік футболға, оның ішінде Қазақстан футболына әсері қаншалықты болуы мүмкін?
- Короновирустан кейін жағдай өзгеретіндігі анық. Кем дегенде чемпионатты өткізу жүйесінде өзгерістер орын алары сөзсіз. Ал ғаламдық тұрғыда айтарлықтай бір әсері болады деп ойламаймын.
- Өткен жылғы құраманың ойындарына тоқтала кетсек. Кипрге қарсы үйдегі ойында бізге жеңіс үшін не жетіспеді деп ойлайсыз? Рекордты 13 ұпай қолда тұрғандай көрініп еді...
- Біз Кипрге қарсы алғашқы таймды өте жақсы өткіздік. Гол соғып, көптеген қауіпті шабуылдар ұйымдастыра алдық. Екінші голды соққанда, қонақтар ештеңе де жасай алмас еді. Екінші таймда допты қарсыласқа беріп қойдық, ал ол біздің қақпа маңындағы қауіпті шабуылдарға алып келді. Барлығына өзіміз кінәліміз.
- Биылғы жылғы Белгияға қарсы ойын ерекше болды дей аласыз ба? Әлем футболының көшбасшыларына қарсы ойнау қандай әсер сыйлады?
- Жасыл алаңға шыққанда қарсыластың атақ-даңқы мен мәртебесіне қарамайсың. Белгиялықтар да біз сияқты адамдар. Менің ойымша, Қазақстан құрамасы үйдегі өткен ойында оларға лайықты қарсылық көрсетті деп есептеймін.
- Сіз – Ұлттық құраманың көшбасышы ойыншыларының бірісіз. Құраманың алдағы нәтижелері жақсара түсу үшін бізге ойынның қай аспектілеріне баса назар аудару қажет?
- Бұл сұрақ маған жолданбауы керек деп ойлаймын. Оны бапкерлер құрамына қойған жөн деп есептеймін. Мысалға "Астана" жыл сайын Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының топтық кезеңінде ойнау арқылы жоғары деңгейдегі кездесулер өткізеді. Бізге осындай матчтар ауадай қажет. Егер Қазақстандық командалар еурокубоктердің топтық кезеңінде көбірек ойнайтын болса, оның құраманың жаңа деңгейге шығуына әсері мол болары сөзсіз.
- Бала кезіңіздегі кимуріңіз кім болды?
- Шынын айтсам, менде кумир деп ерекше атайтындай жан болған емес. Әрине, өздерінің ойындарымен мені баурап алған Месси, Криштиану және Марсело сияқты футболшылар бар.
- Сізге қарсы ойнаған ең мықты ойыншыны атай аласыз ба?
- "Астана" мен Қазақстан ұлттық құрамасының ойындарында мықты қарсыластар өте көп болды. Ирбрагимович, Гризман, Фернандо Торрес, және де Азар, Лукаку, Мертенс сияқты футболшыларға қарсы ойнадым. Өте көп мықты ойыншылар болғандықтан, жекелей біреуін атау өте қиын.
- Бос уақытыңызда футболдан басқа қандай спорт түрлерін бақылап, қарап тұрасыз?
- Іс жүзінде, футболдан басқа ештеңе көрмеймін. Кейде хоккей мен баскетбол көруге болады, бірақ бұл өте сирек.
- Карантин уақытында қандай фильмдерді қарап үлгердіңіз?
- Көптеген әзіл-сықақ шоулар, әрі фильмдер қарадым. Соңғыларынан "Джентльмены", "Бладшот", "Мой шпион", "Плохие парни" фильмдерін көрдім.