kz

RU
KZ
Дмитрий Шомко: «Біз кез келген қарсыласқа қарсы жеңіс үшін алаңға шығатын боламыз»
25 мам 2020


«Астана» қорғаушысы Дмитрий Шомко республикалық Sports.kz интернет-порталына сұхбат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті:
— Дмитрий, короновирусқа байланысты ҚПЛ-да өте ұзақ мерзімге үзіліс орын алды. Қазіргі жағдайыңыз қалай? Маусымның қайта жаңғыруына қаншалықты дайынсыз?
— Алғашқыда психологиялық тұрғыда өте қиын болды. Қазір жағдай орнығып, барлығы өз қалпына келіп жатыр. Дүкендер жұмыс жасап, қалада қозғалыс пайда бола бастады. Алдағы уақытта барлығы 100% өз қалпына келіп, біз ҚПЛ ойындарын қайта жалғастырамыз деген ойдамын. Ал менің физикалық дайындығыма келетін болсам, әрине ұзақ мерзімді үзіліс оңай болған жоқ. Үй жағдайында дайындалуға тура келді. Ол жаттығуларды алаңда доппен жасайтын жаттығулармен салыстыруға мүлде келмейді. Дегенмен, барынша спорттық бабымызды жоғалтпауға тырыстық.
— Велотренажерде жеткілікті деңгейде дайындалдыңыз ба? Бірге ойнайтын әріптестеріңіз қалжыңдағандай, «Тур де Франсқа» дайынсыз ба?
— Иә, барынша дайындалдық. Өкінішке қарай, бұл карантин кезіндегі бабымызды жоғалпайтын жалғыз ермек болды. Менің ойымша, командадағы біраз жігіттер «Тур де Франс» көпкүндігінің бірқатар кезеңдерінде жеңіске таласатын деңгейге жетіп қалды. Әрине, мұның барлығы қалжың. Дегенмен, клуб бізге жеткізіп берген велотренажерлер бізге спорттық бабымызды жоғалтпауға көп көмектесті.
— Бірқатар БАҚ өкілдері Сіздің жарақат алып қалғаныңызды жазған болатын. Бұл қаншалықты рас?
— Менің аздаған жарақатым бары рас. Бірақ, маусым жалғасқан уақытқа дейін дайын боламын.
— Осы жылы қазақстандық футбол жанкүйерлерін көктемгі "күтпеген" футбол емес, жазғы "болжауы" қиын ойындар күтіп тұр. Бұл жағдай 2020 жылғы Қазақстан чемпионатының соңғы нәтижесіне өз әсерін беруі мүмкін бе?
— Әрине, бұл жағдай қандай да бір өзгерістер әкелетіндігі анық. Дегенмен, чемпиондыққа таласатын үміткерлер өзгереді деп айта алмаймын. «Астана» чемпионаттың қай уақытта басталатындығына қарамастан, өз алдына тек қана жоғары мақсаттар қойып, оған жету үшін барлығын жасайтын болады.
— Маусым қайта жалғасқаннан кейін тосынсыйлар көп болады деп ойлайсыз ба?
— Жалпы алғанда, Қазақстан чемпионатының деңгейі жылдан жылға өсіп келе жатыр. Біздің елге мықты футболшылар келуде. Сондықтан, чемпионатта кез келген ұжым тосынсый жасауға қауқарлы. Ал орын алған үзіліске келетін болсақ, қазір бәріміз үшін чемпионатты бастап кету өте маңызды. Содан кейін кімдердің тосынсый жасайтынын көре жатармыз. Ал біз өз кезегімізде «Астанаға» қарсы ойындарда тосынсыйлардың аз болуын қадағалайтын боламыз.
— Антонио Рукавина сербиялық БАҚ өкілдеріне «Астана» осы жылы ішкі чемпионаттан бөлек, Қазақстан Суперкубогы мен ел Кубогын иеленуді жоспарлап жатқанын айтқан еді. Суперкубокты команда жеңіп үлгерді. Қалған екеуін жеңіп алу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
— Әрине, барлығы біздің қолда! Команда құрамына мықты ойыншылар жинақталған. Сондықтан, біз кез келген қарсыласқа қарсы жеңіс үшін алаңға шығатын боламыз. Бірақ, қазір барлығымыз үшін чемпионатты бастап кету маңызды болып тұр. Қалғанын кезі келгенде көре жатармыз.
— Егер ел чемпионаты маусым/шілде айларында жалғасатын болса, алғашқы ойындар жылдың ең ыстық мезгілінде өтеді. Команда бұл жағдайға қаншалықты дайын?
— Әрине, дайынбыз. Біз жыл сайын жаз уақытында ойнап келеміз. Дәл осы уақытта біз бірнеше фронтта ойнаймыз. Яғни, еурокубоктердің іріктеу кезеңдері, оған қоса құрама сапындағы ойындар өтеді. Сондықтан, қатты ыстық бізге қандай да бір қиындық әкелмеуі тиіс.
— Қазіргі спорттық бабыңыз қаншалықты деңгейде деп ойлайсыз?
— Осындай ұзақ үзілістен кейін спорттық бабымызға қайта оралу оңай болмасы анық. Бірақ, бапкерлер құрамы чемпионат басталған уақытқа дейін бізді қалыпты ойын формамызға жеткізеді деген үміттемін.

Бас серіктес