- Дмитрий, сен ұзақ уақыттан бері алғаш рет құрама сапында болған жоқсың. Үзілісте өз уақытыңды қалай өткіздің?
- Үйге барып, бапкерлер құрамының берген жеке бағдарламасы бойынша жаттығу жұмыстарын жасадым.
- Билектің құрамаға шақырмаған шешімі таң қалдырды ма?
- Мен үшін өз Отанының ұлттық құрамасында өнер көрсету әрқашан үлкен мәртебе, бірақ Билек - бас бапкер және ол шешім қабылдайды. Мен алғашқы тізімде болдым, кейін мені шақырмауға шешім қабылдаған. Бұл бапкердің жеке шешімі. Мен құрама сапында өнер көрсетуге лайық екендігімді дәлелдеу үшін, әрі қарай еңбектенетін боламын.
- Билек: "Ол жақсы бабында, бірақ ол өз командасы сапында дайын болғаны одан да жақсы болады", - деп сені неге шақырмағанын түсіндірді. Оның сөзін қалай қабылдадың?
- Қазақстан Чемпионаты қайта жалғасқаннан кейін мен "Астана" сапында, оның қол астындағы барлық кездесуде алаңға шықтым. Ол содан кейін мен дайын емес деген қорытынды шығарды. Бірақ қайталап айтайын, ол құраманың бас бапкері болғандықтан, шешімді де өзі қабылдайды.
- Команданың көшбасшысы ретінде "Астананың" сәтсіз ойын көрсетуінің үш себебін атап өте аласыз ба?
- Көптеген себеп айтуға болады. Біз бірінші кезекте, карантин кезінде Нұр-Сұлтан қаласында толыққанды жаттығу жұмыстарын өткізе алмадық. "Астана Арена" әлі де дайын емес. Біз "Футбол үйінде" жаттығу жасап бастадық, артынша жабық кешенде жаттығу өткізуге тиым салды. Сондықтан, біз жеке бағдарлама бойынша жұмыс жасауға мәжбүр болдық. Менің ойымша, осы жағдайлар сөзсіз өз әсерін берді.
- БАҚ және жанкүйерлер Билек командамен қарым-қатынаста жеткілікті қатал емес екендігін жазып жатты. Ал бұл жағдай ойыншылардың мотивациясы мен формасына әсер етті дейді. Бұл қаншалықты рас?
- БАҚ-та жазылғандардың бәрі бірдей шындық емес, сондықтан мен бұл туралы түсініктеме бермеймін.
- Ойыншылар Билектен үш орталық қорғаушымен ойнамауын сұрап, ол артынша бұл жүйеден бас тартқаны рас па?
- Мен тек өзіме жауап бере аламын. Жеке өзім Билекке ондай өтінішпен барған жоқпын. Сондықтан, тағы да қайталап айтайын, БАҚ-та жазылғандардың бәріне сенудің қажеті жоқ.
- Бресттегі жеңілісті өз мансабыңыздағы ең ауыры дей аласыз ба?
- Кез-келген жеңіліс өз ізін қалдырады. Егер біз Чемпиондар Лигасын бастамас бұрын кем дегенде үш-төрт ойын ойнасақ, ол ойынға жақсы дайындалған болар едік.
- Команда осы маусымда әлі де жанкүйерлердің қатысуымен ойын өткізген жоқ. Ойындардың барлығы оқу-жаттығу жиындарына немесе жолдастық кездесулерге ұқсап кеткен жоқ па? Яғни, бұл сіздің көңіл-күйіңізге қаншалықты әсер етеді?
- Әрине, жанкүйерлер футболдың ажырамас бөлігі. Олар өз командаларын алға жылжытып, нәтижеге қол жеткізуге көмектеседі. Әрине, біздің жанкүйерлеріміз жетіспейді, бірақ жақын арада бәрі жақсы болады және жанкүйерлердің кем дегенде бірнеше пайызы трибуналарға оралады деп үміттенеміз.
- Жаңа лимитке байланысты біздің бірқатар ойыншылар Ресей чемпионатына ауысты. РПЛ клубтары тарапынан саған деген қызығушылық туралы соңғы бес жыл бойы тұрақты түрде айтылды, бірақ сен "Астана" сапындасың. Ұсыныс жоқ па, әлде ол жаққа баруға ұмтылмайсың ба?
- Мен РПЛ-ға ауысқан жігіттер үшін, әсіресе ЦСКА сияқты үлкен клубпен келісімшартқа отырған Бақтиер Зайнутдинов үшін өте қуаныштымын. Маған келетін болсақ, менде Ресейден ұсыныстар болды, бірақ нақты қандай клубтар болғаны туралы сұрақты менің агентім Дмитрий Агеевке жолдаған дұрыс, егер ол қажет деп санаса, командалардың аттарын айтады. Менің жыл соңында "Астанамен" келісім-шартым аяқталады, сол уақытқа дейін агентпен менің болашағым туралы шешім қабылдаймыз. Мен астаналық клубта қаламын ба, әлде Ресейге ауысамын ба ол жағын көре жатармыз. Әрине, мен РПЛ-ға барып, өз күшімді сынап көргім келеді. Қазір ол жақта әлем чемпионатынан кейінгі жақсы стадиондарда ойнауға үлкен мүмкіндік бар, сондай-ақ қазақстандықтар онда легионер болып саналмағандықтан, ресейліктермен бәсекелесуі қажет. Сондықтан, қазақстандық ойыншылар үшін ол жақта орнығып қалатын үлкен мүмкіндік бар.
- Ұлттық ұрамаға оралайық. Қазір барлығы Зайнутдиновты мақтап жатыр. Сіз онымен толыққанды бір маусым өткердіңіз. Барлығы оның қарапайымдылығы туралы әртүрлі мысалдар айтуда. Сізде Бактиерге қатысты ешкім біле бермейтін сондай мысал бар ма?
- Бактиер - өте қарапайым және талантты футболшы, тіпті жұлдызды аурудың белгісі жоқ. Оның сол аяғы өте күшті, мен оның Ростовта сәтті дамығанына шын жүректен қуаныштымын. Ал қазір ЦСКА сияқты Ресейдегі үздік клубтың біріне көшу ол үшін үлкен қадам. Әңгімелерге келетін болсақ, менің есіме дәл қазір бірден ештеңе келіп тұрған жоқ. Баха ұлттық құраманың ойынынан кейін қонақ үйге кірді, біз өте жылы сөйлестік.
- "Астана" осы маусымда ең болмағанда бір міндетті - чемпионатты жеңіп алу немесе Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шығу жоспарын орындай алатынына сенесіз бе?
- Мүмкін емес ештеңе жоқ. "Астана" өз алдына әрдайым чемпиондық атақ және Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шығу сияқты өз алдына жоғары мақсат қояды. Осы жылы да дәл сондай жоспар. Барлығы біз ойлағандай болып, өз алдымызға жүктелген екі міндетті де орындап шығамыз деген үміттемін.
- Қазіргі уақыттағы дәстүрлі сұрақ: 2020 жылды бір сөзбен қалай атаған болар едіңіз?
- Карантин жылы.