"Астана" қорғаушысы Дмитрий Шомко KazFootball.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында, бос уақытын қалай өткізіп жатқандығын және "Екібастұз" футбол клубы жабылуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты өз ойымен бөлісті:
- Іс жүзінде бүкіл әлем карантинде, соның ішінде біздің еліміз де бар, әсіресе Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы жағдай алаңдатады. Барлық футболшыларға бапкерлер құрамы жекелей тапсырмалар жүктеді. Біз оны үй жағдайында орындап, спорттық бабымызды сақтауға тырысып жатырмыз. Мүмкіндік болған кезде саябақта жүгіретін едім, қазір ол да мүмкін емес. Үйге велотренажёр алып келді, енді үйде жаттығып жатырмын.
- Рукавина жақын уақытта «Тур де Франсқа» дайын болатынын айтқан еді.
- Оған бәсекелес боламыз енді. Әрине, қазір ешкімге оңай емес, бірақ менің ойымша, біз мұны жеңе аламыз. Ел Президентінің тапсырмалары орындалуда. Мен Нұр-Сұлтан қаласында азаматтарды вирустың таралуынан қорғау жөніндегі барлық шаралар жүргізіліп жатқанын байқап жатырмын.
- Жаттығу жұмыстарынан бөлек немен айналысып жатырсың?
- Әрине, қазір бос уақытым көп. Арасында PlayStation ойнаймын. Отбасыммен хабар алмасып тұрамын. Олар дәл қазір Павлодар қаласында. Ол жақта жағдай тұрақты. Тағы не бар? YouTube желісіндегі барлық бағдарламаларды қарап шықтым: Савиннің «КраСавасын», Илья Соболевтың шоуын, әртүрлі комиктер, стендап-шоулар, жақында «Правосудие Спенсера» фильмін қарадым. Барынша кітап оқуға тырысып жатырмын, алайда көп уақытым әртүрлі бейнешолулар қарауға және PlayStation ойнауға кетіп жатыр. Жақында YouTube желісінен «Астана» командасының 2015 жылғы ХИК-ке қарсы тарихи ойынына тап болып, артынша барлық матчты толықтай қайта қарап шықтым. Біз Чемпиондар Лигасына жолдама алатын АПОЭЛге қарсы ойынның шолуына көз жүгірттім, керемет естеліктер. Құдай қаласа, осы індет аяқталып, біз еурокубоктердің тамаша атмосферасын тағы бір мәрте сезінеміз деген ойдамын.
- «Екібастұз» футбол клубын жабуы мүмкін. Бұл туралы не айтасыз?
- Иә, ол туралы естідім. Менің ойымша, облыс басшылығы бұл мәселені шешуі тиіс. Клубты ұстап тұру үшін аса көп қаражат қажет емес. Негізінен, жергілікті футболшылар ойнайды. Бұл клубтың әрі қарай өз жұмысын жалғастыруына мүмкіндік жасау керек. Себебі, ол Қазақстандағы тарихы бар ескі клубтардың бірі. Мен команданың тағдырына немқұрайлы қарамайтын жандардың барына сенімдімін.
- Жанкүйерлерге айтарыңыз бар ма?
- Әрине, бірінші кезекте шыдамдылық, отбасыларыңызда ешкім ауырмасын, барлығы жақсы нотада аяқталса екен деп тілеймін. Қазірдің өзінде короновирустан жазылып кеткендер бар, ол өте жақсы жаңалық. Бұл бірінші кезекте қаншама тәулік бойында өз отбасыларын көрмей, сырқатқа шалдыққан жандарға көмектесіп жатқан медицина қызметкерлерінің ерен еңбегі. Сол үшін де оларға көп рахмет! Сондай-ақ, жақында ғана төрт жыл толған «12-ші ойыншы» фан-тобын құттықтағым келеді. Біз қай жерде ойнамасақ та жанымыздан табылатын осындай жанкүйерлеріміздің қолдауы үшін алғыс айтамын. Олар бізді бір де бір секунд қолдаусыз қалдырған емес, әрдайым жанымыздан табылып, қолдап келеді!