«Астана» қорғаушысы Дмитрий Шомко KazFootball.kz сайтының тілшісіне арнайы сұхбат беріп, жаңа бас бапкер Андрей Тихонов, атқарушы директор болып тағайындалған Давид Лория, чемпиондық тартыс, Қазақстан құрамасына шақырту алмауы және Пол Эшуорт жайлы өз пікірімен бөлісті:
– Дмитрий, жақында команда тізгінін Андрей Тихонов ұстады. Жаңа бас бапкердің жұмысы қандай әсер қалдырды? Командаға қандай өзгерістер әкелді?
– Андрей Валерьевич салыстырмалы түрде жақында ғана келді. Ол тығыз ойын кестесін ескере отырып, жаттығу процесін мүмкіндігінше өзгертті. Бізге доппен жаттығуды көбірек ұсынып, ойын құру барысындағы дүниелерге баса назар аударып жатыр.
– Тихонов командамен әңгіме барысында «Астана» сапында ойнаған сәттерін еске ала ма? Легионерлер оны футболшы ретінде біле ме? «Астанаға» дәл сол сияқты атақты, титулы көп және көшбасшы футболшы қажет деген әңгімелер айтылған еді ғой.
– Тихоновты бас бапкер ретінде таныстырған кезде, ол өзінің 2009 жылы «Астана» сапында ойнағанын айтты. Ал легионерлерге келетін болсақ, барлығында ғаламтор бар, тіпті оны білмеген адамдар да ол туралы ақпаратты көргеніне сенімдімін.
– Чемпиондық тартыс туралы не айтасыз? Мүмкіндіктер қандай?
– Біз қыркүйек айында көп рет жеңіліп қалдық, сондықтан мүмкіндік туралы айту өте қиын. Біздің міндетіміз - қалған ойындардың барлығында жеңіске жету.
– «Астана» 6 жыл ішінде алғаш рет еурокубоктерден тыс қалды. Бұл командаға психологиялық тұрғыдан қаншалықты әсер етті?
– Барлығы еурокубоктарға үйреніп қалған, сондықтан, әрине, бізге де, жанкүйерлерге де еурокубоктық ойындар жетіспейді. Болашақта мұндай қателіктерге жол бермеу үшін барлығына осы жылдан бастап дұрыс қорытынды жасау өте маңызды.
– «Астананың» көптеген жанкүйерлері ҚПЛ-ның бір жерде өтіп жатқанына және бұл «Қайратқа» артықшылық беретініне наразы. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?
– «Қайраттың» артықшылығы, олар бірінші кезекте өз үйлерінде тұрады, ал қалған командалар жиындарда жүрген сияқты, барлығы қонақ үйде. Бірақ, карантин өз ережелерін енгізбей қоймады, біз бұған бейімделуіміз керек. Футболсыз отырғаннан қарағанда, бір жерде ойнаған жақсы деген ойдамын.
– Сізді Билек қазан айында тағы да Ұлттық құрамаға шақырған жоқ. Ол бұл шешімге былай түсініктеме берді: «ҚПЛ-ның соңғы ойынында («Қайратпен» өткен кездесуде) оның қалай ойнағаны маған ұнамады. Менде Шомкомен ешқандай жанжал жоқ. Ал онда менімен бар ма? Оны Дмитрийден сұраңыз». Бұл туралы Сіз не айтасыз?
– Бұл мәселеге нүкте қоятын сәт келді! Егер Құрметті Михал Билек мені ұлттық құрамаға шақырғысы келмесе, айтсын, бірақ мен үшін біздің ел үшін ойнау әрқашан үлкен мәртебе! Ал мен дайын емес, болмаса қандай да бір әңгімелер туралы сөз ету, Билекке деген үлкен құрметпен айтайын, команданың дайындығы болған уақытта, бас бапкер сол маман болды емес пе? Тағы да қайталаймын, менде ұлттық құраманың бас бапкерімен ешқандай түсінбеушілік жоқ.
- Билек құрама тізгінін ұстап тұрған тұста, Сіз енді ұлттық құрама сапына шақырту алмайсыз деп айтуға бола ма?
– Бұл сұрақ бас бапкерге, ол құрамды таңдауға жауап береді. Мен тек қайталап айтамын, ұлттық құрамада өнер көрсету мен үшін әрқашан үлкен мәртебе.
– Ұлттар Лигасындағы біздің құраманың мүмкіндігі қандай?
– Алматыдағы албаниялықтарға қарсы кездесу, оларға қарсы ойнауға болатынын көрсетті. Ал Литваны Қазақстан құрамасы осыған дейін жеңді. Сондықтан да екі ойында да ұпай алуға болады.
– Клуб басшылығының кері пікірінен кейін, команда Билекке деген құрметін жоғалтты деген рас па? Атап айтқанда, Эшуорт пен Гурман ол туралы көптің көзінше жақсы пікірде болмаған деседі.
– Мен қауесет сөздерге түсініктеме бергім келмейді. Мен тек өзім үшін жауап бере аламын. Өз басым Михаил Ильичтен де, Полдан да бас бапкерге қатысты жаман сөздерді де естіген жоқпын.
– Пол Эшуортты білікті бапкер дей аласыз ба?
– Эшуорт командаға қиын кезеңде келді, жауапкершілікті өз мойнына алудан қорықпады, командадағы жағдайды түзетуге тырысты. Ол жаттығу процесін өзгертті, атмосфераны жақсарта алды, бірақ ол нәтиже бермеді.
– Оның кезінде команда мүлде жүгірмегендей көрінді. Қозғалыс аз болды. Бұл туралы не айтасыз?
– Командада орын алған қиындықтарды бір апта ішінде өзгерту өте қиын. Қазір карантин, стадионның жоқтығы, толыққанды жаттығу жұмыстарының болмауы сияқты көптеген себеп айтуға болады. Бірақ бұл кімге қызық? Барлығын дәл қазір, осы жерде жеткен нәтиже ғана қызықтырады.
– Алдағы жылы қаржыландырудың қысқаруы туралы әңгіме ойыншыларға моральдық қысым болып жатқан жоқ па? Әлде оған назар аудармайсыздар ма?
– Қаржыландыру мәселесі - клуб басшылығын алаңдатуы тиіс. Біздің міндетіміз - жаттығу және жеңіске жету үшін алаңға шығу.
– «Қайраттан» жеңілгеннен кейін киім ауыстыратын бөлмедегі көңіл-күй қандай болды? Эшуорт ойыншыларға бірдеңе айтты ма?
- Ештеңеге қарамастан, команда «Қайратты» жеңгісі келді, сондықтан да көңіл-күй жақсы болды дей алмаймын. Эшуорт ойыннан кейін киім ауыстыратын бөлмеге кірді. Бірақ, команда оның алдағы уақытта кем дегенде бас бапкер ретінде қызмет атқармайтындығын жақсы түсінді. Ол командаға алғысын білдіріп, «Астана» үлкен клуб екенін айтып, қандай адам қызмет атқармаса да бұл ұжымның үздік болуға тиіс екенін тілге тиек етті.
– Сіз Лориямен бірге «Ертіс» сапында және құрамада ойнадыңыз. Қазіргі қарым-қатынастарыңыз қалай? Оны әкесінің атымен атайсыз ба?
- Лорияны командаға таныстырған кезде, ол әкесінің атын пайдаланбауды өтінді, сондықтан Давид Григорьевич деп атаудың реті де келген жоқ. Оның командамен қарым-қатынасы қалыпты, жұмыс барысы бойынша тілдесіп тұрамыз. Ол беделді, футбол адамы. Оның осы дағдылары клубқа өз пайдасын тигізеді деген ойдамын.
– Ол киім ауыстыратын бөлмеге келіп, бұрынғы клубтағы немесе құрамадағыдай өз пікірін ашық айта ала ма? Дегенмен, Лория Қазақстандағы ең харизмасы мықты ойыншылардың бірі болды ғой.
– Ол барлық футболшылармен сөйлеседі, әр ойыннан кейін кіреді, бірақ киім ауыстыратын бөлмеде бас бапкер бар, бұл оның жауапкершілік аймағы, ал Лория мұны өте жақсы түсінеді.
– БАҚ өкілдері Сізге РПЛ өкілі «Урал» футбол клубынан қызығушылық барын жазған еді. Бұл ақпарат қаншалықты рас?
– Менің барлық ойым «Астана» футбол клубымен тікелей байланысты. Ал басқа клубтар тарапынан болған қызығушылық туралы сұрақты менің агентім Дмитрий Агеевке жолдаған дұрыс.
– Сіздің келісімшартыңыз осы жылы аяқталады. Өз болашағыңыз туралы шешім қабылдап үлгердіңіз бе?
– Қазіргі бар ойым маусымның соңғы бөлігін сәтті өткізу, одан кейін өзімнің агентіммен отырып, менің мансабым үшін пайдалы болатын шешімді қабылдаймыз.
Сейіл Қожатай