Коронавирустың пандемиясы бүкіл әлем бойынша күшейе түсуде және барлық жер планетасында спорттық өмір белгісіз уақытқа тоқтап тұр. Басталмай жатып тоқтаған, 2020 жылғы футболдан Қазақстан Премьер-Лигасы қашан жалғасын табатыны әлі белгісіз.
Соңғы алты маусымдағы ел чемпионы «Астана» өз орнын ешкімге де оңайлықпен бергісі келмейді. Сол үшін де елорда командасының ойыншылары қатаң карантин жағдайында барынша өздерінің спорттық бабтарын жоғалтып алмау үшін еңбектеніп жатыр.
Солардың бірі елорда командасының 34 жастағы қорғаушысы Евгений Постников.
Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Латвия чемпионы, Қазақстан Ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы республикалық Sports.kz интернет-порталына арнайы сұхбат беріп, карантин уақытында бос уақытын қалай өткізіп жатқандығын және қандай жағдайда жаттығу жұмыстарын өткеріп жатқандығын айтып берді.
— Евгений, карантин уақытында немен айналысып жатырсыз? Бос уақытыңызды қалай өткізудесіз?
— Отбасыммен үйде отырмыз. Велотренажерде жаттығып, балалармен Sony PlayStation ойнап, әртүрлі фильмдер қарап жатырмын.
— Қазір қалай жаттығасыз? Арнайы бір режимге бағынасыз ба?
— Осыған дейін айтқанымдай, велотренажерде жаттығып, түрлі жаттығулар жасаймын. Бірақ, ол доппен жасаған жаттығу жұмыстарындай болмасы анық.
— Антонио Рукавина сербиялық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында аспаз болуға жақын қалғанын айтқан еді. Сізде ондай мәселе жоқ па?
— Маған тамақ дайындаған әрдайым ұнайтын. Бос уақытымда түрлі қызықты тағамдарды дайындағанды ұнатамын.
— Мысалға? Ең қызықтыларын атап өте аласыз ба?
— Қазанда көкөніс пен картоппен ет пісіруді ұнатамын. Сондай-ақ, грильдегі стейк.
— Пандемия туралы ойыңыз қандай? Бұл жағдай қашан аяқталады деп ойлайсыз?
— Пандемия туралы айтар болсам, барлығы тез аяқталып, бұрынғы қалыпты өмір салтына тезірек оралсақ екен. Мұның бәрі қашан аяқталатынын, шынын айтсам болжау қиын.
— Қазақстан Премьер-Лигасы соңына дейін жалғаса ма? Егер жалғасқан жағдайда, қандай өзгерістер орын алуы мүмкін?
— Менің ойымша, чемпонат соңына дейін жалғасады. Егер жағдай ушығып кетпесе, ең ерте дегенде жазда бастаймыз.
— 2020/2021 маусымдағы еурокубоктер өтпей қалуы мүмкін бе?
— Егер жаңа еурокубоктық маусымда ойнай алмасақ, бізге де, жанкүйерлерге де өте өкінішті болары анық. Бірақ, әрдайым жақсылыққа сену қажет!
— «Астана» өткен жылмен салыстырғанда күшейді дей аласыз ба?
— «Астана» әрдайым күшті!
— Қазақстандық футбол жанкүйерлеріне айтарыңыз бар ма?
— Ең алдымен медицина қызметкерлеріне ерекше алғыс айтамын. Ал жанкүйерлермен стадионда жүздесіп, жеңістерге бірге қуанатын сәт тезірек келсе екен деп тілеймін. Себебі, бізге оларсыз өте қиын.