kz

RU
KZ
Константин Котов: «Жасөспірімдер футболынан ересектер футболына өту - өте қиын»
“Астана-М” командасының аға жаттықтырушысы Константин Котов Sputnik сайтына арнайы сұхбат беріп, елорда футбол орталығындағы жұмысы, жас футболшыларды тәрбиелеудегі ерекшеліктері, отандық бапкерлер мен шетелдік мамандар арасындағы таңдау және павлодарлық
03 мау 2020


- Константин, Сіз ұзақ уақыт аралығында “Астана” футбол орталығының басшысы қызметін атқардыңыз. Жаңа жылдан бастап Екінші Лигада бақ сынайтын “Астана-М” командасының аға жаттықтырушысы қызметіне келдіңіз. Жұмыс барысында қандай өзгерістер орын алды?
- Футбол орталығының жетекшісі болған кезде, барлық жас тобындағы жаттықтырушыларды дамыту, оқыту бағдарламасына және футбол орталығының барлық оқу-жаттығу процесін ұйымдастыруға жауап бердім. Үлкен жастағы бір топтың жаттықтырушысы болдым. Ұйымдастырушылық, теориялық және аналитикалық жұмыстар көп болды. Қазір мен тәжірибелік қызметке көштім. Балаларға жасөспірімдер футболынан кәсіби футболға өтуге көмектесемін. Бұл өте күрделі міндет. Барлық футболшылар ересектер арасындағы футболда өздерін көрсете алмайды. Сондықтан да менің міндетім, ойыншыларды одан әрі дамыту.
- Онда Сізге “Астана” жанкүйерлері жиі қоятын сұрақты жолдайын. Клуб құрамында неге жергілікті тәрбиеленушілер өте аз, егер олар бар болса, неліктен қажетті ойын тәжірибесін иеленбейді?
- Жас футболшыларға барынша көп сенім арту қажет. Тағы бір фактор - негізгі командаға жоғары міндеттер жүктеледі. Сондықтан да команда қатарына шеберлігі жоғары легионерлер тартылады. Тағы да қайталап айтайын: жасөспірімдер футболынан ересектер арасындағы футболға өту - өте қиын. Жасөспірімдер арасында жақсы деңгей көрсеткен ойыншылар, кәсіби футболда да өздерін жақсы көрсетеді деген қағида жоқ. Барлығы бапкердің сеніміне және оның берген ойын тәжірибесіне тікелей байланысты. Негізгі құрамның бапкеріне жоғарғы міндеттер жүктеледі, оның жас футболшыларды дамыту жоспары жоқ, оған жалдам нәтиже көрсету қажет. Мәселенің барлығы осы тұста. Егер біздің клуб пен Қазақстан құрамасы жоғары нәтижеге жетсін десек, алдымен жергілікті жас ойыншыларға баса назар аударуымыз қажет. Сол үшін де біз осы жылы “Астана-М” командасын аштық. Бұл жерде негізгі команда мен Бірінші Лига ұжымының деңгейіне жете қоймаған жас ойыншылар кәсіби тәжірибе жинап, өздерін дамытуға мүмкіндік алады. Қазақстанда жасөспірімдер футболынан үлкен футболға ауысу жолында болашағынан зор үміт күттіретін көптеген футболшылар жоғалып кетеді. Ашығын айтқанда, олар “көшеде” қалып жатыр. Қазір көп жас ойыншылар өз мансабының болашағын жақсы жағынан елестете алмайды. Олар клубтарда легионерлер көп екенін біледі және өздеріне орын жоқ екенін бірден байқайды. Сондықтан да көптеген жас таланттар өздерін көрсете алмай, футболдан кетіп жатыр. Бізге барынша өз жастарымызды тәрбиелеу керек. Бізге Қазақстанда ақша тауып, кейін өз елдеріне тайып тұратын легионерлер қаншалықты қажет?
- Егер Премьер-Лига командаларының тізгінінде отандық мамандар көп болса, бұл мәселе шешімін таба ма? Олар жас ойыншыларға көбірек назар аударуы мүмкін бе?
- Менің ойымша, бұл жердегі бар мәселе бапкерде ғана емес, клубтың таңдаған философиясында. Командаларға дәл осы сәттегі қажетті нәтижеге емес, елдегі футболдың болашағына назар аудару қажет. Сондықтан, жергілікті маман мен сырттан келетін жаттықтырушының арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ.
- Осы маусымнан бастап ҚПЛ-да ЕАЭО елдері ойыншыларының легионер ретінде саналмауы, жергілікті жас футболшылардың дамуына кері әсерін беруі мүмкін бе?
- Мен білікті легионерлерге қарсы емеспін, әрі жақсы және жоғары спорттық бәсекелестіктік болғанын қалаймын. Алайда, мұндай шешімдер жергілікті ойыншылардың дамуына ықпал етпейді.
- Сіздің футболшы ретіндегі мансабыңызға тоқтала кетсек. Сіз өз кезіңізде “Жеңіс” футбол клубының намысын қорғадыңыз. Өткен жылы осы ұжымның қайта жандануы туралы көптеген әңгімелер болды. Бұл туралы не ойлайсыз?
- Мен бұл жағдайға оң көзқарастамын. Астанамыз дамып, халық саны артып келеді. Қалада тағы бір команда болса жақсы болар еді. Мысалға, Мәскеу қаласын алар болсақ, ол жақта кәсіби командалар жеткілікті. Бұл жерде барлығы осы жобаның қайта жандануына сенетін демеушіге байланысты. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында Екінші Лигада топ жарып, Бірінші Лигаға өткен №8 БЖМОРСМ командасы бар. Сондықтан, егер “Жеңіс” қайта жанданса, онда бәсекелестік те артады. Оған қоса жас футболшылардың ересек футболда өздерін көрсетуге мүмкіндігі артады.
- Бірнеше күн бұрын павлодарлық “Ертістің” Қазақстан чемпионатын әрі қарай жалғастырмайтыны белгілі болды. Бұл жағдай туралы не ойлайсыз және короновирус тудырған дағдарыс өңірлік футбол командаларына қалай әсер етуі мүмкін?
- Қазіргі Павлодарда болып жатқан жағдай - бұл Қазақстан футболындағы ең ауыр сәт десем болады. Клуб жанкүйерлері мен оған қатысы бар барлық жандарға қолдау білдіргім келеді. Павлодар өңірі қазақстандық футболға көптеген жарқын футболшыларды әкелді. Сондықтан да жағдай жақын уақытта өз шешімін табады деп үміттенемін. Ал короновирус тудырған дағдарысты тәжірибе ретінде қарауымыз қажет. Бұл жағдай біздің футболға деген көзқарасымызды өзгертуі тиіс. Клуб жетекшілері қымбат легионерлерге емес, жергілікті жас таланттарға назар аударуы тиіс. Оның өзінде футболшылар тек келісім-шарттарға қол қойып қана қоймай, әр минут сайын өздерін осы орынға лайықты екенін дәлелдеуі үшін дұрыс бәсекелестік жасау маңызды.
- Сіз кезінде ақтаулық “Мұнайшының” намысын қорғадыңыз. Қазіргі Ақтаудағы футболда қандай өзгерістер бар? Басшылықтың жиі ауысуы, команданың маусым басындағы сәтсіз нәтижелері немен байланысты?
- Өз уақытында бұл өңір нағыз футбол мекені болатын. Мықты команда бар еді. Біз де жоғары деңгейде ойнадық. Қазір басшылықта жиі өзгерістер орын алуда. Ондай жағдай бостан бос болмайды ғой. Сондықтан да команда маусымды сәтсіз бастады деп есептеймін. Қазіргі уақытта клубқа тағы да байқау арқылы жаңа басшы іздеп жатыр.
- “Каспий” футбол клубының басшысы қызметінде кімді көргіңіз келеді?
- Менің білуімше, қазір бұл орынға бірнеше үміткер бар, оның бірі - Әнуарбек Санбаев. Мен Әнуарбек Нұрлаұлын адал, әрі лайықты және өте жақсы жаттықтырушы ретінде танимын. Оған қоса мен ол кісінің қол астында жаттықтым. Оның тәрбиесін көрген көптеген ойыншылар үлкен футболда өз орындарын тауып, қазір бапкерлік қызметтер атқарып жүр. Санбаев Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, әрі балалар футболынан бастап, жоғары лауазымдарды атқару арқылы футболдағы барлық жолды өткерген азамат. Оған қоса, Ақтау оның туған қаласы деуге толық негіз бар және “Каспий” оның туған командасы. Сондықтан, 50 жылдан астам спорттағы жинаған тәжірибесі, білімі оған осы қызметті лайықты атқару жолында көмектеседі деген сенімдемін. Жалпы, менің ойымша клуб басшылығына футболды бес саусақтай білетін, Қазақстан футболы үшін аянбай тер төгетін азаматтар келуі керек. Ал Әнуарбек Нұрлаұлы дәл сондай жанның бірі. Бірінші кезекте жергілікті мамандарға сенім арту қажет, олар сырттан келетірдерден бір мысқал да кем емес.
- Өз мансабыңыздағы ең маңызды бапкерді атай аласыз ба? Кім бірінші есіңізге түсті?
- Барлық бапкерлерімді ерекше естеліктерімен еске аламын. Алғашқы бапкерім Сарсекенов Бауыржан Жолдасұлы мені тәрбиелеп, менен футболшы жасап шығарды. Осы күнге дейінгі жетістігім сол кісінің арқасы. Ең есте қалғаны, әрине Құрбан Бердыев. Оның жаттығу жұмыстарынан көптеген тактикалық дүнилерді үйрендім. Ол кісі бір күні мені өз бөлмесіне шахмат ойнауға шақырды. Мен ол кезде шахматқа аса мықты емес едім, артыша ол мені шашки ойнауға шақырды. Қазір оның не үшін қажет болғанын жақсы түсініп жатырмын. Шахмат арқылы мені шешім қабылдауға, жасыл алаңда бірнеше қадамдарды алдын ала көруге және жағдайдың әртүрлі өрбуі мүмкін екенін үйреткісі келген. Сол кездегі Құрбан Бердыевтың жасаған дүниелерін, қазір өз тәжірибемде пайдаланып келемін. Шахмат ойнамаймын, алайда тез шешім қабылдауға, бірнеше ілгері қадамдар жасауға тырысамын.
- Жаттықтырушы ретінде қандай арманыңыз бар?
- Футболда дамудың шыңы жоқ. Қазір мен жастар командасының бапкерімін, болашақта өзімді бұдан да жоғары деңгейде сынап көргім келеді. Дәл бүгінгі сәт туралы айтар болсам, барлықтарыңызға зор денсаулық, сондай-ақ бапкерлерге шығармашылықта және спортта өсуді тілеймін!
- Әңгімеңіге көп рахмет!

Бас серіктес