— Марин, карантинді қалай өткердіңіз?
— Карантин өте ұзақ болды... Мен алғаш рет осындай жағдайға түстім. Бірақ, өмірде барлығы болады. Ең бастысы, біз аман-есенбіз. Бұл менің қолымнан келді.
— Пәтердің сыртындағы қозғалыс шектелген уақыт аралығында жаңа дүние үйреніп үлгердіңіз бе?
— Мен енді өте ұзақ уақыт ұйықтай алатынымды білемін.
— Карантиннен кейін Сіз жарақат алып қалды деген ақпарат шыққан болатын. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
— Сізге жалған ақпарат таратқан. Құдай шүкір, менде барлығы жақсы.
— Ұзақ мерзімдегі үзілістен кейін, қазіргі физикалық дайындығыңызға қандай баға бересіз?
— Қазіргі уақытта өзімді жақсы сезінудемін, бірақ уақыт өте келе өзімді бұдан да жақсы сезінетін боламын. Барлық беретін бағам осы (күледі).
— «Астана» ойыншылары жақында қысқа мерзімді үзілістен оралғанын білеміз. Үйге қалай барып қайттыңыз? Хорватиядағы ауа-райы қалай?
— Мен үйге барған жоқпын. Барлық уақытта осы жақта болдым. Сол себепті Хорватиядағы ауа-райын нақты білмеймін. Бірақ, ол жақта күннен күнге ысып жатқаны анық. Ақырындап теңізде шомыла беруге болады.
— Ұзақ мерзімдегі үзілістен кейін маусымға қайта қосылу психологиялық тұрғыда қаншалықты қиын болмақ?
— Футбол ойнауды бастайтын уақытты асыға күтіп жүрмін. Қатты сағындым. Дәл осылай футболсыз ұзақ уақыт өткерген емеспін. Сондықтан, мен маусымның қайта жалғасқанын асыға күтудемін.
— Қазақстан чемпионатының ойындары алдағы уақытта жанкүйерлерсіз өтеді. Бұл факт Сізді қаншалықты алаңдатады?
— Әрине, жанкүйерлердің қолдауымен өтетін футболдың жөні бөлек. Оларсыз мүлде басқа. Бірақ, біз не істей аламыз? Алдағы уақытта жанкүйерлер стадионға кіруге рұқсат алады деп үміттенеміз. Себебі, біз тек қана жанкүйерлер үшін ойнаймыз. Сондықтан, бұл жағдай біз үшін де, олар үшін де өте қиын. Дегенмен, қазір ең бастысы қауіпсіздік. Барлығы жақын уақытта аяқталады деп сенемін.
— Команда 2020 жылғы Қазақстан чемпионатында алдағы уақытта екі айналым ғана өткізеді. Шегінерге жол жоқ. «Астана» осы жолды жеңіліссіз өткере ала ма?
— «Астана» - «Астана» болған және солай қала береді. Сондықтан, біз тағы бір мәрте үздік атанып, барлығын жеңу үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға тиіспіз. Әрине, жылдан жылға қол жеткізген жетістікті қайталау қиын болары сөзсіз. Ең бастысы чемпиондықты жеңіп алғысы келетін команда болуы керек. Біз өзіміздің жеңісті жолымызды жалғастырғымыз келеді. Ойыннан ойынға ілгері жылжып, әрдайым жеңіс үшін барымызды салатын боламыз.
— Команда осы жылы ҚР Суперкубогын жеңіп алды. Ендігі мақсат ел чемпионатының алтын жүлдесі мен Қазақстан Кубогын жеңіп алу ма?
— Иә, — менің ойымша, барлық титулға қол жеткізуге біздің қауқарымыз жетеді. Жеңіске жету үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтын боламыз. Әрине, бұл оңай болмасы анық. Соңғы жылдарда жеткен жетістігімізді қайталау үшін, барлығы жоғары деңгейде болуы қажет.
«Астана» футбол клубының бас серіктесі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ.