Қазақстандық футбол, бүкіл әлемдік спорт сияқты короновирустың пандемиясы салдарынан ұзақ үзіліске шыққан еді. Бірақ, қалыпты өмір жағдайына оралатын сәттің жақындап келе жатқандығы байқалады.
Осы орайда, "Астана" футбол клубының бас директоры Михаил Гурман чемпионаттың қайта жандануы туралы өз пікірімен бөлісті:
- Шынында, бүкіл әлем осы індетке байланысты тығырыққа тіреліп қалды. Спортшылар екі айға жуық уақыт жаттығу жұмыстарын жасай алған жоқ. «Астана» командасына келер болсақ, барлық футболшылар бапкерлер құрамынан жекелей тапсырмалар алды. Мен біздің ойыншылардың өз істеріне үлкен жауапкершілікпен қарап, қажетті жүктемелерді бұлжытпай орындап жатқан кәсіби шеберліктерін мақтан тұтамын. Әрине, бұл жаттығулар алаңдағы доппен жасалатын жұмысты алмастыра алмайтындығы анық. Дегенмен, команданың қазіргі физикалық дайындығы қанағаттанарлық деңгейде. Бұл бізді қуантатыны сөзсіз.
- Қалай ойлайсыз, орын алған үзіліс Қазақстан Чемпионатына қаншалықты өз әсерін беруі мүмкін?
- Ешкім де дәл мұндай ұзақ үзілістің болатынын білген жоқ. Сондықтан, алда өзгерістердің болатыны түсінікті. Дегенмен, біз алға үлкен позитивпен қараймыз және осындай қиын жағдайда біз жанкүйерлер мен серіктестеріміздің сенімін ақтауға тиіспіз, олар елдегі жағдайға қарамастан, клубқа түсіністікпен қарап, қолдап отырды!
- Чемпионат жанкүйерлерсіз жалғасады деген ақпарат бар. Қалай ойлайсыз, команда өз фанаттарымен қашан жолығуы мүмкін?
- Біз барлығымыз негізінен орын алған жағдайдың құрбанымыз. Мен бүкіл клубтың пікірін білдіремін, біз жанкүйерлерімізді сағындық және олармен кездесетін сәтті асыға күтудеміз! Өз тарапымнан айтарым, клуб жанкүйерлерді ішкі және еуропалық аренадағы жеңістерімен қуантуға барынша күш салады.