kz

RU
KZ
Ненад Эрич: «Менің клубымның маған бергені өте мол және мен оны қатты бағалаймын»
02 мам 2020

«Астана» капитаны және қақпашысы Ненад Эрич Vesti.kz сайтының Instagram парақшасындағы өткен тікелей эфирде өз мансабын қалай аяқтауды жоспарлап отырғанын айтты. Мамыр айының соңында 38 жасқа толатын ойыншының елорда командасымен келісімшарты осы маусымның соңына дейін жарамды.
Эрич Қазақстан чемпиондары сапынан басқа клубта ешқашан мансабын жалғастырмайтынын атап өтті.

- Мен өз мансабымды «Астанада» аяқтайтынымды ұзақ уақыт бұрын нақты шешкенмін және оны осыған дейінгі сұхбаттарымның бірінде айтқан едім. Өйткені, маған бұл клубтың бергені өте мол, мен оны қатты бағалаймын. Мен бұл жерде соңғы сәтке дейін қаламын. Алдымен менің әлі қанша уақыт ойнайтынымды көрейік. Расында, жыл соңында менің келісімшартым аяқталады. Қазір өзімді жақсы сезінудемін, денсаулығым қалыпты, жұмысқа деген жігерім жеткілікті, жарақаттан аманмын. Қалғанын уақыт көрсетеді. Егер мен өзімді алдағы уақытта жақсы сезінетін болсам, командаға көмектесуге қауқарлы екендігімді байқасам, алда әлі де ойнағым келеді. Бір жағынан, барлығы клубтың қабылдайтын шешіміне байланысты. Маған келісімшарт ұсына ма, жоқ па оны нақты айта алмаймын.
- Мансабыңызды аяқтағаннан кейін «Астана» құрылымында қандай да бір басқа лауазымға қалуға дайынсыз ба? Мүмкін спорт директоры немесе қақпашылар жаттықтырушысы...
- Әрине, мен клуб құрылымында қалғым келеді. Бірақ, ол тек маған байланысты емес. Бұл клубты басқаратын адамдарға байланысты. Егер олар маған қандай да бір жұмысты ұсынса, біз өзара келісімге келсек, мен «Астанада» әрі қарай жұмыс жасайтын боламын.
Айта кетейік, осы жылы Эричтің Қазақстан Премьер-Лигасында ойнап келе жатқанына 10 жыл толады. Ол оның тоғыз жылында елорда командасының намысын қорғап келеді.
 

Бас серіктес