Он жылдан бері «Астана» футбол клубының намысын қорғап келе жатқан тәжірибелі қақпашы Ненад Эрич Sports.kz республикалық интернет-порталына арнайы сұхбат беріп, команданың дайындығы және өз мансабын қашан аяқтауы мүмкін екендігін айтып берді.
— Ненад, «Астана» төрт айдан астам уақыт ресми ойын өткізген жоқ. Дәл осындай жағдай Сіздің мансабыңызда орын алған кез болды ма?
— Биылғы орын алған жағдайды ешқандай кезеңмен салыстыруға келмейді. Бүкіл әлем осындай жағдайға алғаш рет тап болып отыр. Дегенмен, соңында бәрі жақсы болып, адамдар ауыруды жеңіп, футбол қалыпты жағдайға оралады деп үміттенемін.
— Ұзақ мерзімді үзіліс команда ойыншыларының моральдық жағдайына қаншалықты әсер етті?
— Әрине, ресми ойындарсыз өте қиын. Бір де бір жаттығу матчты алмастыра алмайды. Бірақ, қолдан келер шара бар ма? Барлығы осындай жағдайда. Моральдық тұрғыда бұл індеттің қашан аяқталаны, қалыпты өмірге қашан ораламыз деген сұрақтың жауапсыз қалуы өте қиын.
— Ұлттық Федерация және ҚКФЛ клубтарға бірнеше турды Алматы-Талғар қалаларында өткізуді ұсынды. Бұл бастамаға қалай қарайсыз?
— Егер Федерация бұл чемпионатты өткізуге оралудың жалғыз мүмкін нұсқасы деп есептесе, біз оны қабылдап, қандай жағдай болмасын жеңіс үшін алаңға шығуға тиіспіз. Біздің алдымызда біз орындауға тиісті жоғары міндеттер тұр.
— «Астананың» УЕФА Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңіндегі жолы туралы не ойлайсыз? Команда еурокубоктердің басталуына дейін өз бабында бола ала ма?
— Қазір команданың еурокубоктердің басталуына дайындығы туралы айту өте қиын. Біз соңғы ресми ойынды наурыз айында өткіздік. Одан бөлек, команда құрамында ауырып жатқан және жарақат алған футболшылар бар. Дегенмен, қазір Еуропадағы көптеген клубтар ойын тәжірибесінің жоқтығы проблемасына тап болды, сондықтан біз бұл мәселені басқа артықшылықтармен жоюға тырысамыз.
— Айтпақшы, - ауру туралы. Кейбір БАҚ, тіпті жанкүйерлер де команда ішіндегі инфекцияның таралуын ойыншыларды үйлеріне таратумен байланыстырып жатыр. Сіз қалай ойлайсыз, бұл жерде байланыс бар ма?
— Иә, бұл пікірді мен де оқыдым, ол шындыққа мүлде жанаспайды. Үйлеріне барып келген футболшылардың барлығы COVID-19-ға арнайы тест тапсырды. Олай болмаған жағдайда бізді Қазақстанға кіргізбес еді. Біздің елге қайтып ұшар кезімізде барлығымызда тесттің кері нәтижелері болды. Сондықтан, оның сесебін басқа жақтан іздеу керек деп ойлаймын.
— Сіздің «Астана» құрамындағы басты бәсекелесіңіз Дмитрий Непогодов. Бұл қақпашыға қандай баға бересіз?
— Біз өткен маусымдарда бәсекелес болған Станислав Павлов пен Александр Мокин сияқты Дмитрий де өте мықты қақпашы. «Астанада» әрдайым жоғары бәсекелестік бар. Бұл табысқа жетудің негізгі кілті деп есептеймін.
— Сергей Малый «Тобыл» сапына ауысты. Осы жағдайдан кейін, Сіздің команданың қорғаныс шебі әлсіреп қалған жоқ па?
— Мен Сергейді өте қатты құрметтеймін. Ол өзінің жоғары деңгейдегі қорғаушы екенін Қазақстан Чемпионатында және Ұлттық құрама сапындағы ойындары арқылы дәлелдеді. Бірақ, «Астана» — өз құрамына мықты ойыншыларды жинақтаған үлкен клуб. Сондықтан да бапкерлер құрамы Малыйдың орнын жоқтатпау үшін, оның жоқтығы ойын нәтижесіне кері әсерін бермеуі үшін қажетті шешімдер шығарады деп ойлаймын.
— Сіз «Астана» сапында 10 жылдан бері ойнап келесіз. 6 дүркін Қазақстан чемпионы деген атағыңыз бар. Осы жылы да өз қоржыныңызды алтын жүлдемен толықтыру жоспарыңызда бар ма?
— Әрине, бар! Команда алдына чемпионатта топ жару міндеті жүктелген. Біз осы мақсатқа жету үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтын боламыз!
— Менің білуімше, Сіздің «Астанамен» келісімшартыңыз осы жылдың желтоқсан айында аяқталады. Алда не болатынын қазірден бастап жоспарлап жатқан боларсыз?
— Қазір ең бастысы маусымды жалғастырып, оның аяқталғанын күту қажет. Содан соң клубтың жағдайы мен қызығушылығына қарайтын боламыз. Мен осыған дейін бірнеше рет өз мансабымды маған екінші үйімдей болып кеткен «Астана» клубында аяқтағым келетінін айтқан едім. Ал ол нақты қашан орын алуы мүмкін екенін айта алмаймын. Барлығы менің маусым соңындағы жағдайыма және клубтың қызығушылығына тікелей байланысты болмақ.
«Астана» футбол клубының Бас серіктесі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ.