kz

RU
KZ
Пиерос Сотириу: «Біз клуб пен жанкүйерлерді тағы да қуанту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек»
28 қар 2020

«Астана» клубының шабуылшысы Пиерос Сотириу Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында ауыр маусымның себептері, «Қайраттың» чемпиондығы және өзіне еуропалық клубтар тарапынан ықтимал қызығушылығы туралы айтып берді. ҚПЛ-дің өткен турында Кипр құрамасының шабуылшысы «Жетісу» қақпасына командасының жеңіс голын соқты.
- Пиерос, қалай ойлайсың, «Астана» бұл маусымды не үшін сәтсіз өткізді?
- Баршаға белгілі, пандемияға байланысты бүкіл адамзат баласы биыл өте қиын күн кешуде. Біз жыл бойы отбасымыздан, достарымыздан жырақта болдық, өйткені барлық ел шекараларын жауып тастады. Оған қоса, біз 4 ай бойы Алматыдағы қонақ үйде тұрып, Астанадан және жанкүйерлерімізден алыста матч өткізіп жатырмыз. Бұл өте қиын. Бірақ әлемде covid-19 өз үстемдігін орнатып отырғанымен, жақын арада бұл қиыншылықтың да шешімі табылып, адамдар қайтадан бұрынғы қалыпты өмірге оралады деген сенімдемін.
- Егер чемпионат бастапқы жоспар бойынша үш айналым ойналғанда, «Астана» турнир кестесінде бұдан да жоғары орыннан көрінуі мүмкін ба еді?
- Біз әр ойын сайын команда ретінде күшейе түсетініміз сөзсіз, егер чемпионат 30 турға созылғанда, әлдеқайда бәсекеге қабілетті болар едік деп ойлаймын. Бұл маусымда «Қайрат» ойыншыларында бізге қарағанда аздаған басымдық болды, өйткені олар өз қалаларында, өз алаңында ойнап, барлық уақытта отбасыларымен бірге болды. Мен «Астана» жанкүйерлерін қатты құрметтеймін, сыйлаймын. Біз оларды бүкіл командамызбен сағынамыз, бірақ қазір оларға денсаулық пен қауіпсіздік тілеймін. Биыл чемпион бола алмағанымыз өте өкінішті, дегенмен клуб пен жанкүйерлерді тағы да қуанту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.
- Жуырда біз Ненад Эричпен сөйлескенімізде ол сенің «Астананың» осы маусымдағы көрсеткен өнеріне көңілің қалғанын жоққа шығармады. Шын мәнінде бұл маусымдағы әсерің қандай?
- Ненад – керемет қақпашы және нағыз капитан. Ол әрдайым бізге көмектесіп, қиын жағдайдан шығар жолды көрсетіп жүреді. Әрине, мен бұдан да жақсы өнер көрсете аламын, Құдайға шүкір. Қазір денсаулығым да, бәрі де жақсы. Енді қалғанын тек алаңда көрсетуім керек.
- Егер нақтылайтын болсақ, саған Еуропада сұраныс бар екенін бәрі біледі. Келесі маусымда «Астанада» қалуың мүмкін бе?
- Менің «Астанамен» келісімшартым аяқталуына әлі екі жыл бар. Десе де өзіңіз білетіндей өмірде және футболда ертең не боларын ешкім болжай алмайды.

Бас серіктес