kz

RU
KZ
Пол Эшуорт: «Команда жеңіске деген жігер танытты»
«Астана» 10-шы турдың орталық кездесуінде «Қайсарды» 1:0 есебімен жеңді. Ойын соңында елорда командасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Пол Эшуорт кездесу туралы пікірімен бөлісті:
24 қыр 2020

- Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын! Біздің ойын кестеміз өте қиын, 3-4 күн сайын ойын өткізіп келеміз. Бүгін жігіттер барын салып, жеңіске деген жігер танытты, сондықтанда біз бұл нәтижеге лайық болдық. Бүгін алаңға шыққан әр футболшының ойыны менің көңілімнен шықты. Әрине, қателіктер болды, онсыз футболды елестету мүмкін емес. Бізді жексенбі күні тағы бір қиын ойын күтіп тұр. Сол кездесуге барынша дайын болып, тек сол ойын туралы ойлауға тиіспіз.
- Бүгін бірінші таймда жарақатына байланысты Иван Маевскийді алмастыруға тура келді. Оның жағдайы қалай?
- Оның мұрны сынып қалды. Ойыннан кейін бірден ауруханаға кетті. Оның орнына алаңға шыққан Юрий Логвиненко өте жақсы ойын көрсетті. Ол өзінің тәжірибелі ойыншы екенін тағы бір дәлелдеп, ойын барысын бақылауда ұстады. Юрийдің бүгінгі көрсеткен ойыны толықтай көңілімнен шықты.
- Ойыншы алмастыруға асықпауыңыздың себебі неде?
- Біз жақсы ойнап жатқандықтан, команданы әлсіреткім келген жоқ. Тигран, Марин және Пиерос шабуыл өтінде өткірлік танытып жатты. Ал Макс Эбонг үлкен көлемде жұмыс атқарып жатқандықтан, бұл футболшыларды алмастыру негізсіз деп таныдым. Рунар кездесу соңында аздап шаршап қалғандықтан, оның орнына Дорин Ротариуды алаңға шығардық. Ол алаңға сәтті шығып, қарсылас қақпасына қауіп төндірді. Сондықтан, біз барлығын дұрыс жасадық деп ойлаймын.
- Жеңістен кейін турнирлік кестеге көз жүгіртсек. «Қайратты» қуып жету мүмкін бе?
- Менің турнирлік кестеге қарағым да келмейді. Біз үшін әр келесі ойынды ойлап және онда жеңіске жету өте маңызды.

Бас серіктес