«Астана» футбол клубы бас бапкерінің міндетін атқарушы Пол Эшуорт Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңі аясындағы Черногория чемпиондарына қарсы кездесу алдында баспасөз жиынына қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді:
- Пол, ойыннан не күтесіз?
- Бұл өте маңызды ойын. Біз топтық кезеңде ойнағымыз келеді. Барлық жігіттер сақадай сай дайын.
Біз «Будучность» командасының соңғы 5 ойынын қарап шықтық. Олардың ойын мәнері ағылшындық командаларға ұқсайды. Алыс пастар арқылы ойнап, прессинг жасай біледі, сондықтан да біз осы ойын жүйесіне қарсы тұруға дайын болуымыз керек. Мен бұл ойын стильін өте жақсы білемін, бірақ біздің футболшылар ол жүйеге үйренбеген.
- Томасов «Ордабасыға» қарсы кездесуде қосалқы құрамда қалды. Ол ертеңгі кездесуге дайын ба?
- Ол дайын. Марин «Таразға» қарсы 90 минут ойнады, алайда одан кейінгі кездесуде қосалқы құрамда қалып кетті. Мен бірақ алдағы жаттығу жұмыстарында кім өзін жақсы көрсетсе, солардың қатарынан негізгі құрамды таңдайтын боламын.
- Басшылық қызметтен бапкерлік қызметке ауысуды қалай қабылдадыңыз?
- Менің дәл мұндай жағдайда тәжірибем бар. Мен ұзақ уақыт бас бапкер ретінде қызмет атқардым, маған бұл өте ыңғайлы. Барлығы нәтижеге байланысты екенін жақсы түсінемін. Біздің құрам өте жақсы. Ертең лайықты нәтижеге қол жеткізетінімізге сенімдімін. Қазіргі уақытта мен бас бапкермін, болашағымыз біз көрсеткен нәтиже мен басшылықтың қабылдаған шешіміне байланысты болады.
- Рукавина мен Томашевичтің жоқтығы қиындық әкелуі мүмкін бе?
- Тони әлі дайын емес, оған қалыпқа келуге 5-6 апта керек. Біздің құрам өте жақсы, ертеңгі ойында 18 футболшы тізімде болады. Олардың барлығы сапалы ойыншылар. Мықты екі ойыншының қатардан шығуы, бізге қиындық әкелмеуі тиіс.