«Астана» футбол клубының исландиялық жартылай қорғаушысы Рунар Мар Сигурьонссон Sports.kz республикалық интернет-порталының тілшісіне арнайы сұхбат берді.
— Рунар Мар, Сіздің Қазақстанға келгеніңізге бір жыл уақыт өтті. Осы жаққа 100% бейімделіп үлгердіңіз бе?
— Иә, менің келгеніме бір жыл уақыт өтті. Шынын айтсам, маған толықтай бейімделу үшін ұзақ уақыт та қажет болған жоқ. Мен келген бетте, алаңға шығып кеттім. Сол жағы өте үлкен көмегін тигізді. Команда құрамындағы ойыншылармен тез араласып кеткендіктен, бейімделу жағынан қиындықтар болған жоқ.
— «Астана» сапына ауысқаныңызға өкінген сәттер болды ма?
— Осы жаққа келгеніме ешқашан да өкінген емеспін. Керісінше, осында өткізген уақыттан ләззат алдым. Чемпионатта және Суперкубокта жеңіске жетіп, Еуропа Лигасында ойнадық. Бұл мен үшін тамаша тәжірибе болды. Барлығы керемет!
— Карантин уақытында немен айналысып жатырсыз?
— Үйде ұзақ уақыт өткізіп жатырмыз. Бұл біз үшін қалыпты жағдайға айналып кетті. Мен үйде жалғыз болсам да, аса қатты ішім пысты дей алмаймын. Күнделікті жаттығу жұмыстарын жасап, теледидар қарап, сондай-ақ отбасыммен сөйлесемін.
— Сіз қазір тағамды өзіңіз дайындайсыз ба? Ең дәмді исландиялық тағамның рецебімен бөлісе аласыз ба?
— Мейрамханалардағы тамақты жеткізу қызметінің бары қуантады. Себебі, мен ас үйде аздап жалқаумын. Мен исландиялық танымал тағамдарды емес, тек қарапайым, дайындалуы жеңіл тағамдарды жасай аламын. Мен Сізге танымал исландиялық тағам "ягненканың" арнайы рецебін берер едім. Өкінішке қарай, оның қалай дайындалатынын өзім де білмеймін.
— Қалай ойлайсыз, Қазақстан Премьер-Лигасы жақын уақытта жалғасуы мүмкін бе?
— Біздің Лига маусым айының басында жалғасады деп үміттенемін. Одан ерте басталуы мүмкін емес. Егер барлығы жақсы болса, маусым айында жалғасуы тиіс.
— 2020 жылғы «Астана» командасының жоспары туралы не айтасыз?
— Әр ойында жеңіске жетіп, қажетті титулдарға қол жеткізу қажет. Біз ең кем дегенде чемпиондық атақты иеленуіміз керек. Ең бастысы — еурокубоктерде сәтті өнер көрсетуге тиіспіз. Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне жолдама аламыз деп үміттенемін.
— «Астана» өткен маусымдағы Еуропа Лигасындағы жетістігін биыл да қайталауға дайын ба?
— Солай деп үміттенемін. Біздің өткен жылы «Клужға» ұтылып қалғанымыз үшін әлі де ашуым келеді. Себебі, ойын алдындағы жағдаймыз жақсы болған. Біздің Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шыққымыз келеді. Алайда, ол оңай болмасы анық. Бірақ, ол қолымыздан келеді.
— Команданың жаңа бас бапкері Михал Билекпен тіл табысып үлгердіңіз бе?
— Иә, өзара түсінісіп үлгердік. Оның бізден нақты не қалайтынын жақсы білеміз. Әрине, бізге толық бейімделу үшін әлі де уақыт қажет. Бірақ, менің ойымша біз дұрыс бағытта келе жатырмыз.
— Исландиядағы жағдай қалай? Короновирус туралы туыстарыңыз не дейді?
— Исландиядағы жағдай тұрақты деуге болады. Ол жақта вирус ерте пайда болды, қазір барлығы аяқталды десе де болады. Күніне ең көп дегенде бес адамнан табылып атыр. Бұл жағдайдың тұрақталғанын көрсетеді. Вирусқа байланысты жасалған шаралар өз жемісін берді. Сондықтан, қазір барлығы өз қалпына келіп, адамдар күнделікті өмірге оралып жатыр. Отбасымда барлығы жақсы. Ең бастысы жақсы нәрсе ойлап, сақтанып жүру қажет.
— «Астана» жанкүйерлеріне айтарыңыз бар ма?
— Жанкүйерлерге командаға көрсетіп келе жатқан қолдаулары үшін ерекше алғыс айтамын. Біз жақын уақытта Сіздерді жақсы нәтижелірімізбен тағы да қуантамыз деген ойдамын!