Бүгін, яғни 12 мамыр қазақ футболының аңызы, КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тимур Санжарұлы Сегізбаев тірі болғанда 79 жасқа толған туған күнін атап өтер еді!
Сегізбаев бүкіл ғұмырын қазақстандық футболға арнап, футболшы ретінде «Қайрат» құрамында ойнап, алматылық клуб сапында 200-ден астам ойын өткізген. Жаттықтырушы ретінде қызылордалық «Автомобилист», қарағандылық «Шахтёр», алматылық «Қайрат» және шымкенттік «Мелиоратор» командаларын жаттықтырған.
Тимур Санжарұлы шетелге бір рет барып, Йемен құрамасын жаттықтырған. Бірақ, Отанын сағынып араға үш жыл салып елге оралған.
Сегізбаев функционер ретінде ҚРФҚ вице-президенті, ҚРФҚ Президенті, сондай-ақ 1989 жылдан 2001 жылға дейін Федерация құрылымында жұмыс істей отырып, ФСК Президентінің Бас хатшысы және кеңесшісі ретінде өз ізін қалдырды.
Біздің футбол федерациямыз ФИФА құрамына қосылған уақытта дәл осы кісі Қазақстан жалауын ФИФА президенті Жоао Авеландждің қолына табыстаған болатын.
Оның әріптестері Тимур Санжарұлына әрдайым ерекше құрметпен қарады!
Өкінішке орай, Сегізбаев 2017 жылдың желтоқсан айында өмірден озды. Дегенмен, ол өз уақытының жарқын орындаушысы ретінде жанкүйерлердің жүрегінде мәңгі қалары анық!