– Финляндиядағы алғашқы ойын тартысқа толы болды: қос команда бірін-бірі аңдысумен болды. Әлбетте, «Астана» – жақсы ойыншылармен жасақталған өте тәжірибелі команда, сондай-ақ бізде де жоғары деңгейдегі ойыншылар бар. Ертең де өткен матчтағыдай ауыр ойын болады. Біздің командадан нәтиже әкелетін голдар күтемін.
– «Астана» бірінші кездесуде соңғы секундтарда есепті теңестіріп кетті. Осындай нәтижеден кейін ес жию қаншалықты қиын болды?
– Қиын болды деп айтпас едім. 90 минутта неше түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Бұл футболдың бір бөлігі, соңғы секундтардағы голдар болып тұратын жағдай. «Ворсклаға» қарсы ойында біз соңғы минуттарда гол соққан болатынбыз, міне, енді сол оқиға «Астананың» басынан өтуде және сіздің команда осыдан қосымша күш алғаны анық. Бірақ бізде жеткілікті тәжірибе бар, ертең не істеу керегін білеміз.
– Бірнеше күн бұрын Финляндия чемпионатында тағы тең ойнадыңыздар. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Біздің қорғаныс өте мықты, дегенмен кейде сен соқпасаң, саған соғады деген футбол қағидасы орын алып кетеді. «Астанамен» ойында да дәл солай болды. Бұл үлкен мәселе емес. Бірақ ертеңгі матчта қорғанысымыз тас қамал болуы тиіс.
– Сіздердің мүмкіндіктеріңіз қаншалықты үлкен? Сіздер алыс жолдан келдіңіздер, оған қоса «Астана-Аренадағы» жасанды алаң бар дегендей.
– Біздің де үйдегі стадионымыз жасанды газон болғандықтан, бұл біз үшін мәселе емес. Ал ұзақ жол – иә. Қазақстан Финляндиядан алыста орналасқан. Дей тұрғанмен, мойындау қажет. Мұнда түрлі топ клубтар келіп, «Астанадан» опық жегенін білеміз. Бұл өте азулы команда, әсіресе өз алаңында. Бірақ біз еш қорықпаймыз, бізге батылдық танытып, өз футболымызды ойнау керек, бұл біздің жолымыз.